Тараздағы 2011 жылғы 12 қарашадағы М.Қариев жасаған атышулы лаңкестік әрекет әлі ел есінен кете қойған жоқ. Оқиға кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов ерлік танытып, ол елді дүрліктірген оқиғаға өзінің өмірімен жауап беру арқылы ғана нүкте қойған еді. Мұны халық біледі. Білгендіктен батырдың туған күнін жадыларынан шығармай жыл сайын асқан құрметпен еске алады. Биыл да солай болды.
Ғ.Байтасов тірі болғанда сәуірдің үшінде 44 жасқа толар еді. Халық қаһарманының туған күніне орай облыстық ішкі істер департаменті ғимараты алдындағы Даңқ алаңындағы батырдың бюсті маңында еске алу митингісі ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға қала әкімі Нұржан Календеров бастаған түрлі ұйым-мекеме өкілдері, облыстық ІІД жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері мен батырдың отбасы қатысты. Митингіні ішкі істер органы ардагерлері кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Өрнекбай Смаилов ашып, халық жадында өшпейтін ерлікті тағы бір еске салып өтті. ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қалижан Шоңғарбаев облыс полициясы Ғазиз Байтасовпен әрқашан мақтанатындығын, бұл кейінгі буын жас полиция қызметкерлеріне отансүйгіштіктің жарқын үлгісі екендігін айтты. Батырдың жары Гүлжамал Тәжиева ерін ұмытпай ардақтап отырған жұртшылыққа алғысын білдірді. Осы шара барысында полиция қатарына жаңадан қабылданғандар көпшілік алдында ант берді. Митинг соңында жұртшылықтың ыстық ықыласының белгісіндей батырдың ескерткіші маңы алқызыл гүлдерге көмкерілді.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді