«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақындар аламанында

Ақындар аламанында
ашық дереккөз
Ақындар аламанында

5жас талант Құрбанәлі Шахабай жеңіске жетті

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында «Жеңістің жаздым жырларын» тақырыбында ақындардың облыстық жабық мүшәйрасы өткізілді. Облыстық қазақ драма театрының директоры, қазылар алқасының төрағасы Болат Бекжанов және өзге де мүшелері додаға түскен ақындардың өлеңдерін талдап, таразылап, жүлдегерлерді анықтады. Мүшәйра ережесіне сай келмеген алты автордың өлеңдері байқаудан шығарылды.

Мүшәйраның жеңімпаз-жүлдегерлері облыстық тілдерді оқыту орталығының мәжіліс залында марапатталды. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Үртай Сапаққызы қасірет пен қайғыға, үміт пен күдікке толы болған сол бір ер етігімен су кешіп, мұз жастанған жылдардағы адам, қоғам бейнесін ақындар әдемі бейнелей білгеніне ризашылығын жеткізді. Қазылар алқасының төрағасы Болат Бекжанов та ақындардың өлеңдеріндегі артықшылықтар мен кемшіліктерге тоқталды. Дода қорытындысында «Жиырма сегіз тармақты бұл өлеңім, жиырма сегіз батырымнан садаға» деп жырлаған мойынқұмдық жас ақын Құрбанәлі Шахабай бас жүлдеге (лақап аты Ер Қаптағай) лайық деп танылса, «Самға, самға, Тәуелсіздік құстары» деген циклымен мүшәйраға қатысқан облыстық «Ақ жол» газеті «Әлеумет» бөлімінің меңгерушісі, әріптесіміз Баймаханбет Ахмет (лақап аты Айзере) жүлделі бірінші орынға ие болды. Баймаханбет Ахметтің өлең жолдарында әдемі үйлесімдер баршылық. «Тырналар ашып құшағын, түседі жерге жақындай. Үшбұрыш жасап ұшады, солдаттың үшбу хатындай» деген тармақтары шын мәнінде сол дәуір бейнесін көз алдыңа әкеліп, әдемі әрі қайғылы суреттерді елестетеді. Сонымен қатар, жүлделі екінші орынға мойынқұмдық Самат Сатылғанов (лақап аты Тауасар) ие болса, үшінші орын таластық ақындар Үміт Битенова (лақап аты Рух-Аят) мен Сабырғали Рысбаевқа (лақап аты Баба ізі) бұйырды. Ынталандыру жүлдесін жуалылық Нұржан Әліш (лақап аты Шайырлы Тараз) еншіледі. Жүлдегерлерге қомақты қаржылай сыйлық пен дипломдар табысталды.

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар