Семей тұрғындарының сенімі

Семей тұрғындарының сенімі
ашық дереккөз
Семей тұрғындарының сенімі
2015 жылғы 1 сәуір күні Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Семей қаласында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен, өңірге танымал, құрметті адамдармен, ақсақалдармен, әскерилермен, сондай-ақ цемент зауытының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесті, деп хабарлады кандидат штабының баспасөз қызметі. Абай атындағы кітапханадағы кездесу кезінде Семей тұрғындарының Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипатпен қарайтыны атап өтілді. Өйткені, ол Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тоқтау салды. – Ядролық полигонды жаба отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлемге ол үшін ең бастысы: туған халқының өмірі, денсаулығы, мақсат-мұраттары мен болашағы екенін көрсетті. Осы ұлы қадамы үшін семейліктер бүкіл әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың танылған көшбасшысы біздің Елбасымызға президенттік сайлауда шын жүректен қолдау көрсететініне сенімдімін, – деп атап көрсетті Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бизнестің жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарсы тұруына мүмкіндік береді, ал бес институционалдық реформалар орта таптың одан әрі жедел қарқынмен қалыптасуына жағдай туғызады», – деді. Семей активі алдында сөз сөйлеген Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің басты патриоты деп атады. «Сондықтан республикамыздың барлық патриоттары Елбасына дауыс береді», - деп мәлімдеді Ғ. Қасымов. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнес дамып, кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалғандығын айтты. «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік көшбасшы елдер қатарына қосқан кемеңгер қайраткер екеніне тоқталып өтті. Семей тұрғындары шығыс өңірді қарқынды дамып келе жатқан аймаққа айналдырғаны үшін, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары, озық кәсіпорындар құрылып, заманауи тұрғын үй кешендері мен сапалы жолдар салынып жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен алғыстарын жеткізді. Кездесу кезінде кәсіпкерлер Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында өңірде машина жасау өндірісі қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Бір жылдың ішінде тракторлар, автобустар және автомобильдер өндірісінің көлемі екі есе өсті. Бұл салада 12 пайыздан астам өсім байқалды. Семей тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды күшті, тәуелсіз және гүлденген мемлекетке айналдырғанын мәлімдеді.

Ұқсас жаңалықтар