Экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды

Экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды
ашық дереккөз
Экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов Қостанай қаласында «Қостанай су» коммуналдық кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Өз сөзінде Ә.Құсайынов сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырып өтті. Ә.Құсайыновтың айтуынша, әлемнің түрлі елдеріндегі экономиканы қарқынды дамыту жұмыстары қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүргізіліп жатыр. Табиғат ресурстарын тиімсіз пайдалану, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің азып-тозуы қоршаған орта мен адам мекендеген айналаның құлдырауына алып келеді. Адамның өнеркәсіптік жұмыстарының нәтижесінде озон қабатының бұзылуы, әлем мұхиттарының ластануы, жер мен оның құнарлы қабатының жұтаңдануы, биологиялық әртүрліліктің азуы сынды мәселелер өзекті болып отыр. Атмосфераның шаң-тозаң және газды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ауаға таралуда. Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда. – Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн, - деп атап өтті Ә.Құсайынов. Кандидаттың айтуынша, адамзат жыл сайын өнеркәсіптік өндіріс көлемін өсіріп, соның салдарынан игерілмеген табиғаттың таза айналасы тарылып бара жатыр. Әдетте, өндіріс кезінде осы жерлерде тұрып жатқан халықтың мүддесімен қатар, онда өсетін бірегей өсімдіктер мен сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігі ескерілмей жатады. Бүгінде адам өз қолымен өзінің өмір сүретін кеңістігін шектеуде. Оған қоса, Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды. – Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады, - деп атап өтті үміткер. Сонымен қатар «Қостанай су» ұжымының алдында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Тибеев Бауыржан Айдаболұлы сөз сөйледі. Б.Тибеевтің айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бөлігі екенін есінен шығармауы тиіс. Ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді. Сондай-ақ, Б.Тибеев, аймақта сайлауалды штаб қызу жұмысқа кіріскенін, үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатын сенімді тұлғалар белгіленгенін атап көрсетті. Штаб жетекшісінің айтуынша, алдағы уақытта үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізіліп, бірқатар іс-шаралар өткізіледі, кәсіпорындардың жұмысшы ұжымдарымен кездесу өткізу жоспарланған. Өз кезегінде ҚКХП облыстық комитетінің жетекшісі С.Мартемьянов жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспарымен таныстырды. – Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша үгіт жұмыстарына кірісті. Сенімді тұлғаның белгіленіп, насихат материалдарын тарату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Плакаттар ілініп, баннерлер орнатылды, кәсіпорын жұмысшыларымен алғашқы кездесулер ұйымдастырылды. Жалпы, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өткім келеді, баспасөзбен де тығыз байланыс орнатылған, – деді С.Мартемьянов. Жиынды қорытындылай келе, Тұрғын Сыздықов кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың түрлі сауалдарына жауап берді.

Ұқсас жаңалықтар