«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен...»

«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен...»
ашық дереккөз
«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен...»
«Тұрар» шаруа қожалығының бал қымызы Иен даламыз төрт түлікке толып келеді. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында шаруасын оңдап, өзіне де, өзгеге де жұмыс тауып беріп отырған қожалықтар қатарының көбеюі – қуантарлық іс. Жамбыл ауданындағы «Тұрар» шаруа қожалығы – сондай берекелі шаруашылықтардың бірі. Оның жетекшісі Тұрар Көшкінбеков о баста Луговой мал-дәрігерлік техникумын бітіріп, зоотехник мамандығын алған. Шаруашылықтар тарап, мал мамандары да жұмыссыз қалған күндерді бастан кешті. Амал жоқ жүргізуші болып, нәпақа тауып отбасын асырады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында алғашқылардың бірі болып тәуекелге бел буып, «Тұрар» шаруа қожалығын құрды. Үлесіне тиген 18 гектар жерді пайдаға асырды. Мал асырап, басын көбейтті. Жылдар өте жер көлемін ұлғайтып, шаруасын оңдады. Қазіргі таңда бұл шаруашылықтың 100 гектар жері бар. Оның 29 гектары суармалы, қалған 70 гектары – тұнып тұрған жайылымдық. Қожалық жылқы малын өсіруде. 110 бас жылқының 50 басы – сауын бие. Ала жаздай дәмі тіл үйіретін қымыз сатып, елеулі пайда табады. Күніне 100 литр сүт сауып, қымыз дайындайтын күндер де таяу. Қазір жылқылар құлындап жатыр. Қожалық басшысы Тұрар малсақ азамат екен. Өйткені оның әр жылқының қадір-қасиетін жақсы білетіндігі бізді осындай ойға жетеледі. Тұрардың келіншегі Бибігүл де еңбек десе жанып түсетін еңбекқор. Оны ауылдастары аузының суы құрып айтып отыр. Көлқайнар ауылдық округінің мерекелік жиындарына демеушілік жасап тұрады. Қожалықтың қора-қопсысы сайлы, үй-жайы жайлы. Мұнда малшылардың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасалынған. Отын-суы, жемшөбі жеткілікті екен. Берекелі отбасының ұл-қыздары алды тұрмыс құрып, өмірден орнын тапқан. Еңбек бақыты деген – осы.

Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар