Ортақ ой, оң шешім

Ортақ ой, оң шешім
ашық дереккөз
Ортақ ой, оң шешім
Облыстық мәслихаттың аймақты, әкімшілік-аумақтық құрылымды, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау жөніндегі тұрақты комиссияның көшпелі отырысы Шу ауданында өтті. Оған Шу, Мойынқұм, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық, аудандық мәслихат аппараттарының жауапты қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары, ветеринарлық қызмет жүргізу шаруашылығы құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың директорлары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық қадағалау комитетінің Жамбыл аумақтық инспекциясының және өнеркәсіптік кешендегі мемлекетттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының басшылары қатысты. Комиссия отырысына жиналғандар алдымен Шу ауданының ауылшаруашылық өндіріс нысандарына атбасын бұрып, мән-жаймен танысып қайтты. Мәселен, Бірлік ауылындағы «Kaz Ir Agro» ЖШС мақсары майын өндіретін зауытының бүгінгі тірлігімен танысып, зауыт директоры Хамит Эрфанянмен әңгімелесті. Биыл қуаттылығын жаңа деңгейге шығаруды жоспарлаған өндіріс орны әзірге уақытша тоқтап, дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Мұнда өндірілетін мақсары майы негізінен Қытайға экспортталады екен. Келуші топ өнім алу технологиясы, майдың сапасы мен құны туралы қажетті мәліметтер алды. Биыл ауданда алғаш рет шағын сүт өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Түрлі сүт өнімдерін шығаруға кіріскен «Айшот» ЖШС-ның аяқ алысы ойдағыдай болғанымен кедергілер де жоқ емес. Аудан қонақтары Жаңажол ауылындағы жаңа өндіріспен де танысып, түйткілді мәселелеріне құлақ түрді. Зауыт директоры Айман Шотайқызы сүт жинауда біраз қиындықтарға кезігіп отырғандығын тілге тиек етті. Бұдан кейін жиналғандар Шу қаласындағы «Бектібай» шаруа қожалығының жылыжайларына бет алды. 1,28 гектар жерге жайғастырылған 11 жылыжайда бүгінде 30 мың түп қызанақ отырғызылған. Мұнда жылына екі мәрте өнім алынады екен. Депутаттар жылыжай жұмысын жандандыра түсуге қатысты ұсыныс-пікірлерін айтып, шаруашылықтың жұмысына оң баға берді. Тұрақты комиссияның отырысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Өндіріс орындарын аралап қайтқан комиссия мүшелері мен өзге де қатысушылар күн тәртібінде бекітілген екі мәселе төңірегінде сөз қозғады. Шу, Мойынқұм, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында ветеринариялық объектілердің ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін және эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету, мал ауруларымен күрес тәсілдерін жетілдіру жөнінде, сондай-ақ, аталмыш аудандардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және оның тиімділігін арттыруда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Шу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сейдахметов баяндама жасады. Ол ауданның ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық көрсеткіштерге тоқталды. Комиссия мүшелері тарапынан баяндамашыға ет өнімдерімен облысты қамтамасыз ету, шаруашылықтарды ірілендіру, мал сою алаңдарының, ветеринарлық қызмет ахуалы туралы сұрақтар қойылды. Бұдан кейін Меркі ауданы бойынша ветеринариялық іс-шаралардың орындалуы туралы Меркі ауданы әкімдігінің ветеринарлық қызмет шаруашылығын жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын директоры Дүйсебек Тәжібеков баяндады. Ол отырысқа қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, аудандағы малды бірдейлендіруге қажетті сырғаны тиісті мөлшерде қамтамасыз етуге қаражат бөлу мәселесін алға тартып, депутаттар назарына ұсынды. Сондай-ақ, малды вакциналауға қатысты ұсынысын ортаға салды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшысы Асқарбек Тоқабаев сөз сөйлеп, мал сою алаңдарын салуға қаражат қарастыруды, сондай-ақ, себептерін түсіндіріп, ветеринария саласына бөлінетін бюджет қаржысын өсіруді сұрады. Тұрақты комиссия отырысында Шу-Талас бассейндік инспекциясының басшысы Жұмабек Мұхатов ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің сұрақтарына жауап беріп, суға қатысты туындаған проблемалар талқыланды.

Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар