Қарақоңыз су қоймасының екінші кезегі салына ма?

Қарақоңыз су  қоймасының  екінші  кезегі  салына  ма?
ашық дереккөз
Қарақоңыз су қоймасының екінші кезегі салына ма?
Аудан  аумағындағы 1986 жылдан бері пайдаланылып  келе  жатқан Қарақоңыз  су  қоймасының жобалық сыйымдылығы 8,45 миллион текше  метр  болса,  осы  аптада  ондағы  жиналған су  мөлшері 8,35 миллион  текше  метрден асқан. Яғни,  су  қоймасы  ернеулей  тола  бастап,  артық  су апаттық шлюздермен  сыртқа  жіберіліп  жатыр. Бүгінде  тау жылғаларынан бөгенге  секундына 3600 литр су келіп  жатса, сол мөлшерде   өзенге  және суландыру жүйелеріне қайта ағызылуда. Іргедегі Масаншы, Қаракемер  ауылдарының  арық атыздары мен тоғандары  суға толған.  Жалпы  саны  жиырма  бес  мыңға  жуық  адамды  құрайтын  бұл екі  ауылдық аймақ  тұрғындарының  ала жаздай егістік суынан тапшылық көрмеуі осы су қоймасында жиналған су деңгейіне  байланысты.  Осыдан үш жыл ғана бұрын су қоймасының қауіпсіздік белдеулерінен жіберілетін су мөлшері күрт артып кетіп жұртты әбігерге салғаны бар. Дереу дабыл қағылып, оқиға орнына облыс әкімінің сол кездегі бірінші орынбасары Кәрім Көкірекбаев келіп, шұғыл түрде Алматыдан, Астанадан, Тараздан мамандар шақыртылып, апаттың себебін анықтауға кірісті. Осыған дейінгі Қызылағаш қасіретінен хабардар жұртты бөгендегі судың арнайы шлюзден тыс жерден, туннель табанынан сарқырап ағып шығуы алып бөгеннің өн бойында сызаттар пайда болған шығар деген күдікпен бірнеше күн бойына күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Ондай болған жағдайда миллиондаған тонна судың қысымы бөгенді бұзып іргедегі ауылдарды жайпап өтуі түк емес-ті. Бірақ, қуанышқа орай, мамандар кінәратты плотинаның ішкі механизмдерінен тапты. Бөгеннің түпкі галереяға ширек ғасыр бұрын орнатылғалы бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген апатты коллектордың реттеуіштері әбден таттанып, жұқара келе біреуі істен шыққаны мәлім болды. Күзде су қоймасы босаған кезде галерея ішіндегі құрылғыларды түгел жаңарту қажет деп шешті. Бұл үшін республикалық бюджеттен 326 миллион теңге кідіріссіз бөлініп, тараздық «Биномводстрой» ЖШС су қоймасын күрделі жөндеуді белгіленген мерзімде сапалы атқарып шыққан болатын. Мұны еске алып отыруымыз, осы жөндеу жұмыстары кезінде бөген табанындағы туннель 70 метрге дейін сыртқа ұзартылып салынған еді. Өйткені, әуел бастан-ақ су қоймасының екінші кезегін салу да қарастырылған екен. Пайдалануда болған ширек ғасырдан астам уақытта бөген әбден нығызданып орнығып, енді оның үстінен тағы он үш метрге биіктеп, бассейннің сыйымдылығын екі есеге арттыру көзделген екінші кезегінің құрылысына кірісу уақыты жеткен еді. Әлгі ұзартылып салынған туннель сонда қалыңдалған әрі биіктелген бөгеннің астында даяр қалпында қалмақшы. Сөйтіп, су қоймасының сыйымдылығы 20 миллион текше метрге артып, оның суын жеке пайдаланып келген масаншылықтармен қатар, жаздай қырғыздар жағының Шудың суын қысып беруінен зәрезап болған Сортөбе және Ауқатты ауылдық аймақтары дихандарының тауқыметі қоса шешілген болар еді. Қарақоңыз гидроучаскесінің бастығы Расұлбек Тілеубердиевтің айтуынша, су қоймасының екінші кезегін салуға сұраныс артуда. Мәселен, қазірдің өзінде қойма суға толды. Сәуір айында тау басындағы қар суларынан тағы осынша көлемде су жинақтауға мүмкіндік бар. Су – тіршілік нәрі. Одан жаз бойы су тапшылығынан айтысып, жаға жыртысып жататын қаншама дихандардың несібесін айыруға болар еді. Қажеттілік те, құлық та бар. Тек, мәселе қаржыға тіреліп тұр. Қазіргідей экономикалық дағдарыс жағдайына қарамастан бұған көңіл бөлу қажет-ақ.

Құрманбек Әлімжан,  «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар