Тарихсыз ел болмайды

Тарихсыз  ел болмайды
ашық дереккөз
Тарихсыз ел болмайды

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында «Ұлытаудағы ұлы сөз» тақырыбында облыстық конференция өткізді. ЖОО профессорлары, орта мектеп мұғалімдері қатысқан конференцияны басқарма басшысы Үртай Сапақова ашып, жүргізіп отырды. 

Елбасымыз Ұлытаудағы сұхбатында біздің тарихымыздың терең екендігіне жан-жақты тоқталған болатын. Ұлы даладағы алғашқы тайпалардың, ұлыстардың қай жерді жайлағандығы, олардың басынан қандай оқиғалардың өткендігі, бабаларымыздың кіммен шекараласып, кіммен шайқасқаны, наным-сенімі туралы деректерді біз көбінесе Қытайдан, Еуропа елдерінен іздеп жүрміз. Ғалымдар тапқан мағлұматтарын жүйелеп айналымға енгізуде. Өзекті әңгіменің бірі тіл мәселесі де сол жолы қозғалды. Конституциямызда ана тілімізді қорғауға барлық жағдай жасалғанын Елбасымыз шегелеп тұрып айтты. Келелі әңгіме айтылған жиында қатысушылар Елбасымыздың Ұлытау төрінде айтылған «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен Ұлытаудың орны бір басқа. Біздің жастарымыз оны біле бермейді. Біз өз тарихымызды жаңадан игеріп, біліп жатқан елміз. Қазақтың тарихы өте бай. Оны білуіміз керек, қолға алып та жүрміз. Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген сөзін назарда ұстады. – Елбасымыз ұсақ мәселелерді көтермейді. Толғағы жеткен мәселені дер кезінде тамырын басып көтереді. Қалыптасқан ұлт болу үшін әуелі шекара, тіл, тарих сосын ұлттық дүниетаным болу керек. Міне осы жай Ұлытаудағы сұхбатта сөз болды. Президентіміз тарихтың куәгері қасиетті мекенде ішкі толғанысын ашып айтып, халқымен бөлісті. Толғауда Мәңгілік Ел, тіл, жол, басқа да әлеуметтік мәселелер айтылған болатын. Мәселен, жастарымыздың бойындағы патриоттық рухты оятатын тарихи кинолар түсірілуі керек дегені – уақыт талабы. Әлем таныған тұлғаларымыз баршылық. Ел қорғаған батырларымыз жетеді. Тарихымызды экран арқылы сапалы насихаттайтын болсақ ұтамыз, – дейді ТарМУ-дың философия және саясаттану кафедрасының профессоры Тәуекел Жаңақұлов. Басқосуда өзгелер де пікірлерін ортаға салды.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар