Елбасының тапсырмасы бойынша еліміздегі сияқты облыс аумағында да Жеңістің 70 жылдығына байланысты соғыс және тыл ардагерлерінің әлеуметтік жағдайын және денсаулығын жақсарту үшін кешенді жұмыс шаралары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері құрамына білікті дәрігерлер мен өнер шеберлері енгізілген және азық-түлік өнімдері тиелген автокеруендер облыстың елді мекендерінде, ал «Жеңіс» пойызы қалалар мен темір жол бекеттерінде болып, жұртшылыққа, соның ішінде ең алдымен соғыс және тыл ардагерлеріне медициналық және мәдени қызмет көрсетті. Оларды арзан тағамдық өнімдермен қамтамасыз етті. Бүгінде облыс қалалары мен ауылдарындағы жеңіс құрметіне арналып тұрғызылған ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, айналасын абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Жеңіс мерекесі қарсаңында Тараз қаласында Отан үшін от кешіп, дұшпанды тұқыртуға үлкен үлес қосқан қас батырлардың бірі Ыбырайым Сүлейменовке ескерткіш орнатылуда. Осы жайында және қазіргі таңда өңірдегі көзі тірі 238 майдангер қартқа жасалып отырған қамқорлықтың барысы туралы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласының «Бәйтерек» мөлтек ауданында жаңадан пайдалануға берілген 75 пәтерлік көп қабатты үйден бес бірдей соғыс ардагеріне пәтер кілтін тапсыру салтанатында сөйлеген сөзінде тарқатып айтты. Ардагерлердің атынан сөз алған ұл-қызы аралас он перзент өсіріп, олардан елуден астам немере-шөбере сүйіп отырған 89 жастағы қария, соғыс ардагері Қалқаман Қасымбеков қарт майдангерлерге жасап отырған қамқорлығы үшін Елбасына және облыс басшылығына ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін Кәрім Нәсбекұлы жаңа пәтерге ие болған П. Кулик, Т. Жамбылов, Қ. Қасымбеков, М. Хайрулин және С. Көркембаев сынды ардагерлердің әрқайсысының пәтеріне бас сұғып, жаңа қоныс жайлы болсын деген тілегін білдірді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің айтуынша, «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі пайдалануға берген, келісім-шарт бойынша жалпы құны 460 миллион 312 мың теңгені құрайтын осы 75 пәтерлік тұрғын үйден тағы да екі соғыс ардагеріне пәтер кілті тапсырылатын көрінеді. «Қалғандары пәтер алу кезегінде тұрған қала тұрғындарына, жас мамандарға беріледі», – деді ол.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Тараз қаласы. Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді