Тарихты дәріптеу – өскелең ұрпақтың міндеті. Өткенін ұмытқанның өзі де ұмытылады. Сан мәрте дәлелденген өмір қағидасы осы. Ата-баба арманы ұрпаққа аманат екенін, ерліктің елге мұра болып қалатынын жастар ұғына білуі тиіс. Ал мұндай ұғым өздігінен қалыптаспайды. Жастарды өрлікке ұмтылдыру, елдікке шақыру – тәрбиеден. Осы тұрғыдан алғанда Жамбыл политехникалық колледжінің бастамасын нағыз елжандылыққа үндейтін ізгі шара десек, артық айтқандық емес. Колледж оқытушылары Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында оқу орнында ерлік даңқы бұрышын ашып, майдангерлер рухын асқақтатты. Ардагерлердің ерлік ісін дәріптеген шараның жастарға берер өнегесі мол. «Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштікке тәрбиелеу – біздің парызымыз. Майдангерлер рухын аласартпай, ерлік істерін әрдайым ұлықтауымыз керек. Сонда ғана ұрпақтар сабақтастығы сақталып, өткеніміз ұмытылмайды», – дейді колледж директоры Жанар Орынбаева. «Ұлы Жеңіске тағзым» атты ерлік даңқы бұрышының ашылу салтанатына Ұлы Отан соғысының ардагері Ережепбай Мүтәліпов, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы полковник Мадияр Байжанов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыстық мемлекеттік мұрағаттың бөлім басшысы Мақұлбек Рысдәулет, 2006 жылғы колледж түлегі, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, 5513 әскери бөлімінің оркестр, бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор Винир Өтеев қатысты. «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат!» атты ерлік сабағы өтіп, студенттерге әскери бөлім қызметкерлерінің жауынгерлік Ту көшірмесінің эстафетасы тапсырылды. Колледждің «Жыр жазамын жүрегімнен» поэзия клубының мүшелері майдангерлеріне арнаған өлеңдерін оқып, меймандармен қызу пікірталас өрбіді.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді