Діндарлар тарихи-өлкетану музейінде

Діндарлар тарихи-өлкетану музейінде
ашық дереккөз
Діндарлар тарихи-өлкетану музейінде

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының ұйымдастыруымен христиандық діни бірлестіктердің басшыларын және өкілдерін  Қазақстан тарихымен таныстыру мақсатына негізделген экскурсия өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орайластырған экскурсияға өңіріміздегі өзге дін өкілдері мен басшылары қатысты. Алдымен жиналғандарды басқарма басшысы Жангелді Омаров  қарсы алды. – Қазақстан – зайырлы мемлекет. Сол себепті біз өзге дін өкілдеріне де құрметпен қарап, олардың наным-сенімдеріне түсінушілік танытуымыз керек. Ағымдағы жыл мерейтойға толы жыл. Соның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдығы және татулығымыздың ұстынына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы ерекше сипатқа ие. Сондықтан, біз осы екі мерейтойды негізге ала отырып, сіздермен жүздесіп, Тараз қаласында орналасқан тарихи орындар мен мұражайларға саяхат жасатуды жөн көрдік. Бұл бір жағынан, сіздерге тереңнен тамыр тартатын қазақ даласының тарихына шолу жасауға арналса, екінші тұрғыдан алғанда өңіріміздегі өзге дінді ұстанушы түрлі ұлттармен берік достығымызды насихаттайтын саяхат болмақ, – деп  Жангелді Жайлауұлы саяхатшыларға ақ жол тіледі. Бұдан кейін арнайы көлікке жайғасқан қонақтар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қарай бет бұрды. Онда олар құнды жәдігерлермен, өткеннің көзіндей болған заттай деректермен  танысты. Әсіресе, ұлты өзге жерлестерімізге «Көне түркі тас мүсіндері және көне жазулар» және «Тараз – 2000» көрмелері ерекше ұнағанын байқадық. Ондағы облысымыздың әр аймағынан табылған балбалдар мен ежелгі тас мүсіндері, талас руналық таңбалы-жазбалары, сондай-ақ Алматы облысынан табылған  сақ жауынгері – «Алтын адамның» көшірме сұлбасы да қонақтардың аса қызығушылықтарын оятты. Олар өздері өмір сүріп отырған өлкенің тарихи жәдігерлеріне таңданыспен қарап, естелік суретке де түсті. Бұдан соң қонақтар ежелгі Тараз  қаласының қазба орнына, «Қарахан», «Тектұрмас», «Айша бибі» кесенелеріне де жолай соғып, әсерлі сезімді бастан кешірді. Әсерін бізбен бөліскен Православ шіркеуінің басшысы Юрий Власенко (отец Георгий) мұндай шаралардың маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да жалғасын тауып отырса деген ниетін білдірді. Өзге саяхатшылар да мәз-мейрам болысып, ендігі кезекте өңіріміздің басқа да тарихи-мәдени орындарына баруға ынталы екендіктерін жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар