«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүлдіршіндерге ойын алаңы болса...

Бүлдіршіндерге ойын алаңы болса...
ашық дереккөз
Бүлдіршіндерге ойын алаңы болса...

Біз көтерген мәселенің соңы сиырқұйымшақтанып кеткен соң, қолыма қалам алуыма тура келді. Өйтпеске амалымыз да жоқ еді. Себебі, бір шешімін табады деп сенім артқан басшылардан дұрыс жауап ала алмадық. Бәрі түсінікті болуы үшін тарқатып айтайын. Біз, Жансая мөлтек ауданындағы №12, 13, 14, 15, 16 үйлердің тұрғындары, былтыр 17 шілдеде Тараз қаласының әкімі Н.Календеров мырзаға аулаға балалардың ойын алаңын салуды, айналасын абаттандыруды, балғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында осы үйлер ауласынан өтетін автокөліктерге шектеу қоюды сұрап, хат жазған болатынбыз. Бір жақсы хабар алатынымызға сенімді болдық. Өйткені, біздің өтінішіміз жеке бастың қамынан тумаған. Қаланы абаттандыру жайына және аталған үйлерде тұрып жатқан 175 баланың болашағына алаңдаушылық білдірген едік. Алайда, бес ай бойы ешқандай жағымды жауап ала алмадық. Қалалық әкімдіктен келер көмек болмаған соң, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалына арыз жаздық. Бұл жақтан да уақтылы жауап келмеді. Арыз бергенімізге 50 күн өткеннен кейін аталған мекемеге арнайы барып, арыз иелеріне, яғни бізге жазған хабарламаның көшірмесін алдым. Хабарламада арызда көтерілген мәселелерге қарай ауланы абаттандыру мен балалар ойын алаңының элементтерін орнатуды, сол аумақты қоршауға алуды қарастыруды «Жасыл ел» ҚБ директоры М.Асатуллаевқа жолдағаны жазылған. Сондай-ақ, Тараз қалалық ішкі істер бөлімінің ҚТС және ЖҚЕ ЖПБ әкімшілік полиция басқармасының басшысы Е. Кунчашевке үйлер арасынан өтетін жолдан тұрғындардың автокөліктерінен басқа машиналардың жүруін шектеу қоятын жол ережесіне сәйкес белгілерін орнатуды қарастыруын міндеттеп, қатынас хат жолдаған. Нақты тапсырма бермесе де, қатынас хатта атқарылған жұмыстардың нәтижесін заңға сәйкес өтініш иелеріне хабарлауды сұрағанына қарап, әлденеден үміттенгенбіз. Бірақ, аталған екі мекемеден де ешқандай жауап ала алмадық. Осы жағдай мені қатты қапаландырды.  Сонда тұрғындардың тілегін тыңдар құлақтың болмағаны ма? Осылай жанайқайымызды ешкім естімей, арызымыз аяқсыз қала бермек пе? Мұқтажымызды ескерер деген басшылар немқұрайлылық танытса, қайда барып, қандай есікті қағамыз?

Кәрібоз ТҮСІПБАЕВ, зейнеткер. Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар