«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттарды ұйыстырған Ұлыстың ұлы күні

Ұлттарды ұйыстырған Ұлыстың ұлы күні
ашық дереккөз
Ұлттарды ұйыстырған Ұлыстың ұлы күні
Жер-жаһанды сері самалға өпкізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, Самарқанның көк тасын ерітіп, алтынкүрекпен қатқан тоңды жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл кұстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесін көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп қой жылы да босағадан аттады. Ақ бұлақтарды ақтарып, шың-құздарды шаттантып жеткен көктемнің шұғылалы мерекесі – Наурыз мейрамын барша Шығыс халқы асыға күтетіні осыдан болса керек. Айтулы мереке өңірімізде де дүркіреп тойланды. Күн мен түн теңелер сәті—21 наурыз күні ағарып таң атысымен өңір халқы орталық «Достық» алаңына қарай ағылды. Онда «Науан-Наурыз» атты мерекелік ду-думан бағдарламасы көпшілікке ұсынылды. Адам ағысына толған алаңнан мерекелік көңіл-күйдің лебі есіп тұрғандай еді. Мерекеге сай безендірілген үлкен сахна орнатылып, алаңға оюланған жасыл мата төселіпті. Бейне бір масатыдай құлпырған жер жүзі дерсің... Көріністе жайылған көктемгі көк майсаны кеше жүгіріп жаршы бала Қыдыр баба бейнесіндегі әз Наурызды күймесімен бірге қарсы алады. Дауылпазшы бақсылар да дала биінің қимылын салып, табиғатты оятуға, әз Наурызды қарсы алуға шақырды. Осы сәтте әз Наурыз үлкен шапанының оң қанаты мен сол қанатын кезектесе көтергенде түрлі-түсті оюлы киінген бишілер мың бұралып билей жөнелді. Көз жауын аларлықтай киінген бишілер көз алдымызға құдды бір көктемнің қызылды-жасылды әсем гүлдерін елестетті. Одан соң алаңға аналар шығып жаңарған тіршілікті жамандықтан, елді даудан, жерді жаудан, табиғи апаттан, қайғылы опаттан аластап өтті. Сондай-ақ, театрландырылған қойылымда тарихи оқиғалар да көрініс тауып отырды. Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібекті найза мен ту ұстаған нөкерлері мен баһадүрлері ақ киізге көтеріп шығарғаны салқар даладағы сақ ұрпағының болмысынан хабар бергендей. Бүгінгі ұрпаққа ақ баталарын арнаған хандар бейбіт күннің бағасы теңдесіз екенін жеткізді. Ол ғана емес, қашаннан төрт түлікпен төрт іргесін түгендеген қазақтың өткен өмірін өрнектеген мерекелік шарада қошақан кейіптегі бишілердің өнері көпшілікті сүйсінтпей қоймады. Қой жылынан хабар берген композицияда қанатын қомдаған бозторғайдың көкте қалықтаған сәті «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтындай» осы бейбіт күннің тату-тәтті шағымен үйлесім тауып жатты. Осындай өнегелі, танымды қойылым көпшіліктің көңілін толқытып, мерекенің мән-мағынасын арттыра түсті. Бұдан кейін еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама қалың жұртқа ұсынылды. Алдымен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. – Наурыз – табиғаттың түлеуі, көктемнің келуі, күн мен түннің теңелуі, келісім мен бейбітшіліктің белгісі. Наурыз – баршаның көктем шуағымен масайрап, табиғат ананың алты айғы қарынан арылып, бусанатын шағы. Жақсылықтың жаршысына айналған Наурыз – адамзатты ұлты мен нәсіліне, тілі мен діліне бөлмейтін ізгі мереке. Сондықтан да бұл күні Шығыс халықтары үшін жаңа жылдың бастауы болып саналады. Елбасымыз айтқандай, дәл қазір біз үшін елдің бірлігі мен ынтымағы бәрінен артық. Біз айрандай ұйып отырған ел татулығын көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Ал Наурыз – береке мен тіршілікті, қайырымдылық пен ізгілікті насихаттайтын бірден-бір мереке, – дей келе, Кәрім Нәсбекұлы өткен жылқы жылындағы жетістіктерге тоқталып, үстіміздегі қой жылында да толайым табыстарға жету үшін аянбай, жұмыла тер төгуге өңір жұртшылығын шақырды. Одан кейін Астанадан арнайы келген «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, талантты әнші-тележүргізуші Айгүл Иманбаева сахна төріне көтеріліп, жерлестерін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, халық әндерінен шашу шашты. Ал танымал әнші Медеу Арынбаев өзінің кең ырғақтағы әндерін әуелеткенде қошемет көрсетпеген жан қалмады. Қоңыр дауысты Саят Медеуов те, гитарасын арқалаған Сейфуллин Жолбарыс та, жастардың сүйіктісіне айналған «Арай» тобы да осы кештің көрігін қыздырды. Сондай-ақ, облыс басшысы мерекеге арнайы тігілген киіз үйлерге кіріп, 7 түрлі дәмнен дайындалған наурыз көжеден дәм татты. Ақсақалдар, зиялы қауым өкілдерімен емен-жарқын әңгімелесіп, өнерпаздардың әнін тыңдап, қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалады. Бұдан өзге, Абай даңғылы мен Желтоқсан көшесіне дейін орналасқан киіз үй қалашығында жұртшылық үшін этномәдени бірлестіктердің көріністері ұсынылып, онда ұлттық рәсімдер, салт-дәстүрлердің орын алуы да көрер көзге жарасымдылық сыйлай білді. Қазақ үйлерден қала тұрғындары мен қонақтарына наурыз көже таратылды. Өңірдің жақсылары мен жайсаңдары, қарты мен жасы бәрі-бәрі осында мерекеге ортақтасып, әзілін жарастырған жастар жағы да той алаңынан табылып, бір-бірін мерекемен құттықтасып жатты. Осы күні кешкісін облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жергілікті көрермендерге тарту етілді. Ақшамның алқызыл сәтінде орталық алаңда серуендеп жүрген жұрттың алғысын арқалаған жергілікті өнерпаздар да Наурыз мейрамының сән-салтанатын асқақтата түсті. Келесі күні де орталық «Достық» алаңынан думанның дүбірі басылған жоқ. Жалпы білім беретін оқу орындары көркемөнерпаздар ұжымдарының мерекелік концерттік бағдарламасы мен көпшілік серуен ұйымдастырып, мерекенің мерейін одан әрі тасыта түсті. Ұлыстың ұлы күнін тойлау тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жалғасын тапты. Айталық, Байзақ ауданындағы орталық саябаққа орайластырылған «Қазақстан—ортақ үйіміз» атты этномәдени орталық өкілдерінің концерті, Жамбыл ауданындағы «Біз бейбіт Қазақстан үшін» атты өзге ұлт өкілдерінің мерекелік кештері де көпшілікті мәз-мейрам етті. Осы секілді бірлік пен берекенің бастауы болған мерекеде барша ауыл тұрғындары бір кісідей атсалысып, бұлақ көздерін тазартып, көшеттер отырғызды. Осылайша, Жамбылдың жайсаң жұрты Ұлыстың ұлы күнін шадыман күйде қарсы алды.

Жанғазы АХМЕТ,  Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар