Дастархан басында ардагерлер
Табиғат-ананың бусанып, ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, нұрдың молығатын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңейетін – Наурыз мерекесі де келіп жетті. Бұл күні алыс-жақын, туыс-бауырлар, ағайын-көршілер бір-бірлерін наурыз көжеге шақырып, ырыстарын бөлісіп жатады.
Осынау мерекеге орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ақ пейілімен ұсынылған дәмінен татуға облысымыздың, қаламыздың құрметті азаматтары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылыпты. Былтыр ғана пайдалануға берілген облыстық Ардагерлер үйінің ауласында өткен игі шараға өңіріміздегі жоғары оқу орындары, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы, Іскер әйелдер қауымдастығы өкілдері де ыстық ықыластарын арқалап, дастархан иелерін құттықтап келіп жатты. Игі шарада алдымен облыстық Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев әруақтарға құран бағыштап, өткенге салауат, бұл күнге шапағат тіледі. Бұдан кейін көпті көрген қариялар дастарханға ақ батасын берсе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков пен Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев жиналғандарды күллі түркіге ортақ мерекемен құттықтады.
– Наурыз мейрамы – адамзат тарихындағы ең көне мерекелердің бірі. Наурыз – дін мейрамы емес, тұрмыс, шаруашылық мейрамы. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Қазақ халқы бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Наурыз-жаңа жыл тойы, көктем мерекесі, халықтардың ынтымақ күні. Наурыз – табиғаттың жаңаруы. Осы мерекені тойлайтын халықтар үшін үлкен салтанат. Орта Азия мен Қазақстан халықтары бұл күнді «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп қастерлейді. Наурыз – қазақ күнтізбесінде бірінші айдың аты. Наурыз күні адамдар таза киініп қыдырады, бірін-бірі құттықтайды, мерекелік дастархан жаяды. «Ақ мол болсын!», «Ұлыс құтты болсын!», «Денсаулық берік болсын!» деп ақсақалдар бата береді. Наурыз мейрамының мерекелік тағамы – наурыз көже. Біз де баршаңызды мереке қарсаңында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің атынан «Наурыз көжемен» сыйлауды жөн деп білдік, – деді ағынан жарылып, ақ тілегін жеткізген Ж.Тәжібаев.
Күннің жайма шуақ аясында әзірленген дастархан басындағы қариялар, үлкенді-кішілі қонақтар бір-бірімен шүйіркелесіп, мәре-cәре болысып, марқайып отырды. Тараз қаласы әкімі Нұржан Календеров қонақтарды Ұлыстың ұлы күні – жаңа жылымен құттықтап, өткен жылы Таразда атқарылған игі шаралардың барысын тілге тиек етіп, қой жылын да толайым табыстармен өткізуге шақырды. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Балабек Нарбаев та өзінің ақсақалдарға деген ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, мереке барысында ұлттық салт-дәстүрлер көрініс тауып, «Беташар» рәсімі орындалса, әдет-ғұрыпты насихаттайтын әндер мен билер де көпшілікке тарту етілді. Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Ардагерлер», «Асыл ана», «Жан қуатым» ансамбльдері де ұлыстардың достығын насихаттайтын түрлі тілдегі әндерді әуелеткені мерекенің көркін келістіре түсті. Жастар жағы да үлкендерге деген ізетпен өз өнерлерін аянып қалмады. Осындай әсерлі наурыз мерекесінің куәсі болған қонақтар өнерлілерге өріс тілеп, дастархан иелеріне алғыстарын айтып тарқасты.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді