«Ұзын сары» түстеніп, «үт» кіреді
«Ұзын сары» түстеніп, «үт» кіреді,
«Үт» кірсе ел аралап құт жүреді.
«Ғайып ерен, қырық шілтен» – Қыдыр шалса,
Иншалла, қабыл болар жұрт тілегі.
Ырысы мол, Ұлысы оң, шешімі нық,
Мейірімнің мерейі өсіріліп,
Кешіріліп кінә, өкпе, Жер жадырар,
Ардай ақ бәйшешегін төсіне іліп.
Алау таң, арай нұрын шашып қалып,
Қар жармасар шың-құзға қашып барып.
Жылға, бұлақ шапқылап шаттанады,
Шалқиды өзен, көлдер тасып, лағып.
«Алтын күрек» – береке берешегі,
Ғарыштан ғажап жылы жел еседі.
Иығын тірестіре тең отырып,
Күн мен Түн келешекті кеңеседі.
Көкейде сәруар сезім шамын жағып,
Жайнатар жанның жауһар бағын барып.
Кесір мен кесапатты аулақтатып,
Аялар Ұят, Иман, Арыңды анық.
Жоғалып, қаскөй, қорқау, сараң тіптен,
Абызға айналғандай адам біткен.
Аллаға аян, айқара құшақ жайып,
Адалдық көріседі адамдықпен.
Қызуындай тамырға тарар қанның,
Қызыл нұрдан тасы ерір Самарқанның.
Игіліктен ізгілік бүршік жарып,
Жүрегіне гүл шығар тәмам жанның.
Үкілеген Үмітті үлестіріп,
Қиқулап көктен құстың үні естіліп,
Наурыздың Науша көші келді солай,
Құт, Ынтымақ,, Ырысты ілестіріп.
Жүзі – нұр, жаны – жібек, назы – мақта,
Пенделер періште боп азыраққа,
Күпірлік шүкірлікке ауысқан сәт,
Иә, Аллам! Осы күйден ажыратпа!.. Жанат Тұрғанбаев. Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




