Мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралды

Мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралды
ашық дереккөз
Мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралды
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жемқорлық көріністерінің жолын кесуді нәтижелі жүргізу үшін Мемлекет басшысының 2014 жылғы желтоқсан айының 26-сы күні №986 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» қабылданғандығы белгілі. Әрі соған орай, нақтылы кезеңде облыс аумағындағы құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың тарапынан сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылық әрекеттерін әшкерелеуде пәрменді шаралар қолға алынуда. Соның бір айқын көрінісі ретінде, апта аралығында өткен Қазақстан Республикасы Мемлекет қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің отырысында аумақтағы облыстық және аудандық прокуратуралардың ұсыныстары бойынша жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық қадамдарға барған және басқа да заң бұзушылық әрекеттер жасаған бір топ мемлекеттік қызметкердің және соларға теңгерілген мемлекеттік мекеме басшыларының мәселесі қаралды. Тәртіптік кеңес күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылай келе, еліміздің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы талаптарын бұзған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Тараз-Арена» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Н.Төлегенов пен орынбасары Н.Саурықовты, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Э. Майтпасов пен орынбасары Н. Серікбаевты, Меркі ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы А. Махановты, Талас ауданындағы Абай атындағы, Талапты, М. Әуезов атындағы, Алғабас және С. Сейфуллин атындағы орта мектептердің директорлары А. Нұрбекова, Д. Зунимов, Г. Тоқбергенова, Е. Құлекеев және О. Темешбайды қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ал техникалық сипаттағы құқық бұзушылығы үшін Байзақ ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Т. Бибосыновты сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тарту жөнінде тиісті орындарға ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады. Тәртіптік кеңесте қабылданған шешімдер бойынша заңда белгіленген мерзімде хабарлау міндеттелді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар