«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі мол

Қоғамдық ұйымдардың  қосар үлесі мол
ашық дереккөз
Қоғамдық ұйымдардың қосар үлесі мол
Сарысу ауданында қоғамдық ұйымдармен жұмыс азаматтық институттарды қалыптастырумен сабақтастыра жүргізілуде. Өткен жылы аудан әкімдігі арқылы 8 қоғамдық ұйымның жұмысы 8 миллион теңгеге қаржыландырылды. Биыл да ол үрдіс жалғасын табуда. Негізінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі үйлестіріп отырады.

Біз аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қамбар Оспанбековтен өңірдегі қоғамдық ұйымдардың жұмысының жай-күйі туралы сұраған едік. – Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар жоспары қазірдің өзінде айқындалды, – деді ол, – Елбасының Жолдауын басшылыққа алған қоғамдық ұйымдар аудан өміріне белсене қатысып, іс-шараларын бастап та кетті. Мұнда аудандық ардагерлер кеңесі көшбасшылық танытуда. Ардагерлеріміз Ұлы Жеңістің 70 және Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты қадау-қадау шаралар өткізуді жоспарлап қойды. Тіпті, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі күні 78 жастағы ардақты ақсақалымыз Тұрар Мысықбаев Саудакент ауылынан Жаңатас қаласына дейін марафондық әдіспен жүгіруге бел байлап отыр. Жалпы, аудандағы өзге қоғамдық ұйымдар да жыл басынан бері бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруда. Соның бір шарасы ретінде аудандық «Жан шуағы» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Игілік ауылында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы орны» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Ондағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз ойларын ортаға салып, пікір бөлісуін қамтамасыз ету. Қоғамдық бірлестік сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға Саудакент ауылындағы Т.Мақашев атындағы аудандық мұражайды аралатты. «Сарысу – сая мекенім» аталған өлкетану саяхаты өмірге құштар балаларға тарих қойнауынан сыр шертіп, жәдігерлермен танысуына мүмкіндік берді. Мұражай қызметкерлері оларды әр жәдігердің тарихымен таныстырып, ой-танымын кеңейте түсуге ықпал етті. Сонымен қатар Жайылма ауылдық клуб үйінде қайырымдылық концерті болып өтті. «Шаруа шаруашылықтары және су пайдаланушылар ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұйым ауылдық клуб үйінде шахмат пен дойбы ойындарынан 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың қатысуымен аудандық біріншілік болып өтті. Бұл жарыстың мақсаты – ұлттық спорт ойындарын дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу болатын. Жарыстың қорытындысында жеңімпаздар анықталып, оларға бірлестік атынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сол сияқты «Сарысу ауданы кәсіпкерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Жайылма ауылдық клубында «Қазақ тілі – татулық тілі» атты аудандық жас ақындардың жыр мүшәйрасы болып өтті. Мүшәйраға ауылдық аймақтардан бірнеше үміткерлер қатысып, бақтарын сынады. Байқауды Жайылма ауылдық округінің әкімі Ә.Әбенов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Үміткерлер қазақ тілі туралы өз өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Сонымен қатар, еркін тақырып бойынша да жыр жолдарына кезек беріп, көрермендердің көңілдерінен шыға білді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әділқазы алқаларының бағалауы бойынша бас жүлде тұғырынан Ақтоғай орта мектебінің оқушысы Мөлдір Олжатаева көрінсе, жүлделі бірінші орыннан да осы мектептен қатысқан Жұлдыз Оразымбетова көрінді, екінші және үшінші орынды Әйтеке би атындағы орта мектебінің оқушылары Аружан Бақытжанқызы мен Гүлбану Берікқызы иеленді. Бірлестік атынан қатысушы 9 үміткердің барлығына да арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Тілі бөлек болғанымен – тілегі бір» демекші, Сарысу ауданы – өзге ұлт өкілдерінің де құтты мекені. Аталмыш қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен өткен «Сарысу – бірлік пен татулық мекені» атты шығармашылық байқауы да татулық пен достықтың маңызын арттыра түсті. Байқауға ауылдық округтерден бірнеше үміткерлер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау қорытындысында бас жүлде ауданға белгілі ақын С.Жарылқасыноваға бұйырды. Бірінші орынды Жайылма ауылынан келген Әйтеке би атындағы орта мектебінің оқушысы Ж.Үкібаева иеленсе, екінші орынды №5 Жаңатас колледжінің 1-курс білімгері М.Мырзаш қанжығасына байлады. Үшінші орынды М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы М.Амангелді иеленді. Сонымен қатар, осы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен Арыстанды ауылында «Ұлты басқа – ұраны бір, тілі басқа – тілегі бір, отбасы басқа – Отаны бір» атты ұлттар достығы байқауы болып өтті. Байқауда Арыстанды орта мектебі ұжымының қатысуымен қазақ, күрді, үнді, өзбек билері биленіп, қазақ тілінде әндер шырқалды. – Бір сөзбен айтқанда, аудандағы қоғамдық ұйымдар экономикалық-әлеуметтік, рухани, мәдени салалардағы мәселелерді шешуде көп істер тындырып, көмекшімізге айналып отыр. Аудан әкімдігінің қоғамдық ұйымдармен нақты жұмысы өзге өңірлерге де үлгі тұтарлық екендігін баса айтқымыз келеді. Қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын жандандыруға биыл да ерекше мән беріліп отыр, – дейді аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қ.Осанбеков.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар