«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Азиада асуын бағындырған каратэші Гузалия

Азиада асуын бағындырған каратэші Гузалия
ашық дереккөз
Азиада асуын бағындырған каратэші Гузалия
Шапшаңдықты, ептілікті қажет ететін спорт түрімен шұғылданатын болғандықтан ба, ол сөзге де шорқақ емес екен. Көкейіндегісін іркіп қалғанды білмейді. Қоғамдағы кейбір жағдайларға байланысты пікірін де ашық айтады. Дос-жаран, құрбы-құрдастарының ортасында еркін. Әлденені ұнатпаса, бетің бар, жүзің бар деместен, айтарын айтып салып, қарап тұрғаны. Зілсіз, алғаусыз көңіл. Жалпы, адамның мінез-құлқы өзі айналысатын кәсібіне қарай қалыптасады ма деймін. Әлде спорт кісіні қиындыққа төзіп, шыдамды болуға баулитын шығар. Қалай десек те, сырттай қараған жанға талдырмаш көрінетін осы бір қайсар қызды алған бетінен қайтпайтындай етіп шынықтырып, биікке жетелеген каратэ екені анық. Содан болар, оны қандай қиянға салсаң да, қаймықпайды. Талапшылдығы Гузалияға табыс та әкелді. Ол былтыр Азиада асуын бағындырып, Қазақстан құрамасының қоржынына 28-алтын медальды салған болатын. Сол жолы Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының 3-курс студенті Гузалия Гафурова Инчхондағы Азия ойындарының финалында қытайлық Тан Линді жеңіп, мерейі үстем болған еді. Гузалияның айтуынша, бұл – оның басты қарсыластарының бірі екен. «Біз оған дейін үш рет кездестік. Бірінші жолы ол мені 2:1 есебімен жеңген. Екіншісінде дәл осындай есеп менің еншіме жазылды. Үшінші рет кездесу тең аяқталды. Сондықтан, Азиадада қалайда жеңіске жетуге тиісті болдым. Жанкүйерлерге «Кім мықты?» деген сауалдың жауабын осылай беруіміз керек еді. Алдыңғы жіберген қателіктерімнен сабақ ала жүріп, қарсыласымды әбден зерттедім. Сөйтіп, барлық мүмкіндікті пайдаландым», – дейді Гузалия. Гузалия каратэ секциясына он екі жасында жазылған екен. Содан бері тынбай жаттығу үстінде. Қазір каратэдо-дан спорт шебері, ұлттық құраманың мүшесі. Арманы – әлемдік ареналарда биіктерден көріну. Әрине, бұл – олимпиадалық спорт түрі емес. Бірақ, алдағы уақытта шығыс жекпе-жек өнері спорттық аламанның қатарына енеді деген үміт бар. «Кез-келген спортшының олимпиада ойындарында жеңіске жетуді армандайтыны анық. «Каратэшілер қайтеді?» деуі мүмкін көпшілік. 2020 жылы жазғы Олимпиада Токиода өтетін болса, спорттың осы бір түрі де олимпиадалық деген мәртебе алып қалуы мүмкін. Сондықтан, біз де үмітімізді үзбей соған дайындаламыз. Ал оған дейін 2016 жылы өтетін әлем чемпионатын ұтуымыз керек», – дейді Гузалия Гафурованың бапкері, каратэден облыстың аға жаттықтырушысы Дулатбек Құсбеков алдағы жоспарлары жайлы бөлісіп. Бапкердің айтуынша, Гузалия 2008 жылдан бастап ел біріншілігінде топ бастап келеді екен. 2013 жылы стиль бойынша өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Әлем және Азия кубогының иегері. Ұстазы шәкіртіне үлкен сенім артады. Әлемдік рейтингте үздіктер қатарына іліксе деп ойлайды. Бірақ, ол үшін каратэші қызға әлі көп еңбектену керек. Өйткені, спорттың осы түрі бойынша жылына он шақты турнир өтеді. Ал мықтылар сапына қосылудың бірден-бір жолы – әрбір жарыста жетістікке қол жеткізу. Тынымсыз тер төгіп, жаттығу, талапшылдық – спортшы табысының кілті. Егер Гузалия өз бойындағы осы қасиеттерін шыңдай түссе, бұл межеден де көрінері анық. Азиада асуын бағындырған арудың әлемдік ареналарда да атой салатын күні алда деп сенейік!

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар