Ауыр жүкті арқалаған ана
Таңғы сағат бестердің шамасы болатын. Күннен бұрын оянған ана айналасында ұйықтап жатқан бөбектерді оятып алмайын дегендей ақырын қимылдап келесі бөлмеге өтті. Таңғы асын ішер-іспестен аялдаманы бетке алған. Бұл уақытта алғашқы автобустың да келіп қалатын шағы. Бет алған бағыты – «Казфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауыты. Сонда жұмыс істегелі әлденеше жылдың жүзі болған. Еңбегіне адал жан алғашында гүлзар баптаушысы болып жұмысқа орналасқан еді. Оның ісіне деген асқан жауапкершілігі мен мұқияттылығын аңғарған басшылықтан зауыттың қайнаған ортасында еңбек етуге ұсыныс түскен. Мойнына үлкен жауапкершіліктің жүктелетінін біліп, алғашында аздап жүрексінген еді. Қазір байқап қараса, талай жыл өте шыққан екен. Әзірге тірлігі тыңғылықты. Ойға шомып тұрғанда автобус та келіп жетті. Зауыт күзетіне рұқсатнамасын көрсетіп ішке енді де жұмысқа арналған арнайы киімін киді. Әлденеше уақыт бұрынырақ басындағы ақ жаулығымен асыл ананың айнымас бейнесінде отырған Гулфайруз Төлетаева енді зауыттың нағыз құрыш білек жұмысшысына айналып шыға келген.
Балаларына арнап аса шеберлікпен пісірген асына, немерелерін аймалаған сәтіне қарап, тыңайтқыш әзірлеудегі ауыр жүкті осы аялы қолдар атқара алады дегенге сену қиын. Бірақ, солай.
Тыңайтқыш салынған қаптардың аузын тігетін арнайы машинкада отыратын әуелгіде. Кейінірек вагондарға артылатын қаптар қатталған жүк тиемесін көтеретін кранға көтерілуге тура келген. Ал қазір тыңайтқышқа қосылатын түрлі шикізат алу үшін тонналаған әк қайнатады. Үлкен бөшкелерде бұрқ-сарқ қайнап жатқан әк бір сәт өз өміріне ұқсап кетеді. Бір мезет тыншымайды. Керісінше, уақыт өткен сайын буырқанып, бұлқынуы көп.
Жұмысына қаншалықты жауапты болса, перзенттерін тәрбиелеуде де асқан ауыр жүкті сезеді. Жары Кәрімжан да жастайынан құрылыс саласында тер төгіп келеді. Бірақ, олар жұмыстарының ауырлығына еш реніш танытып көрмепті. Алланың осы бергеніне шүкір етіп, барға қанағат, жоққа салауат айтады. Олардың отау құрып, отбасының ошағын қыздыра бастаған шағы, балаларын бауырларына басқан сәттері тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарымен тұспа-тұс келіп, өмір талай қиындықтың құрсауында қалдырған еді. Мойымаған. Керісінше, майшамның түбінде үйіріліп отырған балаларына бабалар өсиетін өнеге етіп, дұрыс бағдар беруге тырысатын. Осылайша, ел болып қиналған тұста да тіршіліктің қамытын киіп, еңселері түскен емес. Әлі де солай. Қазір жұмыстан шыға сала төрт немересін бағып-қағуға асығады.
Отбасының ұйытқысы – әйел десек, Гулфайруз тек отбасын емес, ағайынның арасындағы алтын көпір де бола білді. Зауыттың қарапайым жұмысшысы бола жүріп, елдің жүгін мойнына артқан жан. Ол жүк салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, салт-дәстүр сабақтастығын жалғаcтырып, ата-баба ұлағатын өз ісімен үлгі ете білгенінде болса керек. Ол – Ұлы Ананың айнымас бейнесі. Ол – менің анам!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді