Дамуымызға даңғыл жол ашты

Дамуымызға  даңғыл жол ашты
ашық дереккөз
Дамуымызға даңғыл жол ашты
Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде еліміздің тағдырына қатысты шешім шығарылды. Бұл біздің партиямыз үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін үлкен қуаныш болып отыр. Бұл «нұротандықтардың» ғана емес, барша ел азаматтарының көкейіндегі ой деп санаймын. Әрине, президенттікке үміткерлер қатары артып келеді. Олардың да еліміздің бүгінгі жетістігіне қосқан үлестерін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, Елбасының Қазақстанның экономикалық өсім жағынан алдыңғы қатарлы елдер арасынан көрінуіне сіңірген еңбегі орасан. Халқына барынша қамқор болып жүрген ол сонымен бірге, қаншама жылғы қажырлы еңбегінің арқасында халық арасында келісім мен өзара сенімді орната алды. Қазір Қазақстан тұрақты экономикалық табыстарға жетіп келеді. Шын мәнінде, бұл еліміз үшін тарихи съезд болғанын ашық айта аламыз. Өйткені, съезд жұмысы барысында еліміздің арғы-бергі даму жолына қатысты болашағы айқындалып, бағыты мен бағдары белгіленді. Кезінде Қазақстанды экономикалық әлеуеті төмен деп байланыс орнатуға аса құлық таныта қоймаған елдердің көзқарастары түзеле бастады. Тіпті, көптеген мемлекеттер стратегиялық әріптестік орнатуға да ынталы. Бұл – ең алдымен, Алла берген тәуелсіздігіміздің жемісі. Одан кейін Мемлекет басшысының жүргізген саясаты мен түрлі реформаларының нақты нәтижесі. Әрине, мұның бәрі айтар ауызға ғана жеңіл. Бүгінгі жетістіктеріміз оңайлықпен келе қойған жоқ. Сондықтан, біз осынау еліміздің ендігі тағдырының тізгінін жаңа басшысына табыстар сәтте, дұрыс таңдау жасауымыз керек. Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына шағын бизнес субъектілерінің де қосқан үлестері орасан. Ең алдымен, осы сектордың дамуына бірден-бір әсер еткен фактор ол – Елбасының тікелей қамқор болып, кәсіпкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастыруы. Қазір көп жылдан бері қалыптасып қалған бизнеске деген көзқарас өзгерген. Көптеген кедергілер жойылып келе жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен қолдау жасаған елде табыстың тайқазаны толыса беретіні сөзсіз. Бұрын бизнесте тәуекелсіз іс бітпейтін. Қазір елімізде қарапайым халықтың кәсіппен қорықпай айналысуына жол ашылып келеді.

Тұрсынбек НҰРБАЕВ,  «Рола-7» ЖШС директоры.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар