Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау мақсатында өңірде сайлауалды штабтар құрылатын болды. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында журналистермен өткен брифинг барысында партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік мәлімдеді. Брифингке партия ардагері Қаржаубай Бекболатов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Лариса Лысова, облыстық мәслихаттың депутаттары Асаубай Майлыбаев, Гүлсін Орынбаева, Сембек Сейдәзімов қатысты.
Басқосуды ашқан Масат Әшімұлы:
– Өздеріңіз білесіздер, күні кеше Астана қаласында 2000-ға жуық делегаттың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІ съезі өтті. Осы басқосудың бір ерекшелігі – оған бастауыш партия ұйымдары кеңінен қамтылды. Бұрын бірлі-жарымы ғана болатын. Мысалы, біздің облыстан 80 делегат қатысса, соның 17-сі – бастауыш партия ұйымдарының төрағалары. Алқалы басқосуда Елбасы бес тұжырымдамалық бағытты айқындап берді. Олардың бәрі бір-бірімен сабақтас. Осы міндеттерді абыроймен атқаратын болсақ, біз, шын мәнінде, әлемдегі ең іргелі отыз елдің қатарынан ойып тұрып орын аламыз, – деп Астана сапарын тілге тиек ете келе брифингтің мән-маңызына тоқталды. – Партия съезінде сөз алған делегаттар Қазақстан Республикасы Президенттігіне Елбасының кандидатурасын ұсынды. Әсіресе, айтыскер ақын Бекарыс Шойбековтің өлеңмен өрнектеген орамдары жүректі толқытып жіберді. Көп тілегін ескерген Мемлекет басшысы сайлауға түсуге өз келісімін берді. Сол күні түстен кейін Орталық сайлау комиссиясына кандидаттыққа тіркелу үшін тиісті құжаттарын өткізіп, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша емтиханды өте сәтті тапсырды. Кеше Елбасын алдағы сайлауда қолдау үшін республикалық қоғамдық штаб құрылды. Осындай штаб облыста да құрылады. Қазір штаб құрамын жасақтау жұмысымен айналысып жатырмыз. Оның құрамында өңірге белгілі азаматтар жұмыс істейді деген ойдамыз. Сонымен қатар бірнеше бөлім мен баспасөз орталығы іске кіріседі. Кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесі де ашылмақ. Біздің міндетіміз –Нұрсұлтан Әбішұлына қолдау көрсету, сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне атсалысу, осы мақсатта қалалық, аудандық штабтардың және сенімді өкілдердің жұмысын үйлестіру, –деді Масат Әшімұлы. Брифинг барысында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді. «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалында да Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қолдау мақсатында сайлауалды қоғамдық штаб құрылмақ. Жаңа штабтың мақсат-міндеттері туралы партия қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балжан Пернебекова мен партия ардагері Қаржаубай Бекболатов журналистермен өткен брифингте жан-жақты айтып берді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді