Тараз
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Президент сайлауына қатысуға келісім беруі облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерін де қанаттандырып жіберді. Мұның себебі де жоқ емес. Елбасы гендерлік теңдікке жол ашып, қай кезде де әйел- аналарға кеңінен қолдау көрсетіп келеді. Осыны бағалай білгендіктен болар, қыз-келіншектер Тараз қаласындағы №48 орта мектепте басқосу өткізді. Жиынды облыстық іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Хадиша Оспанова ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында сөз алған «Галеника», «Караван» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлары Қатира Ақкулиева, Альбина Веймар, Тараз техникалық колледжінің директоры Гүлнәр Тұрсынбекова және басқалар Елбасының «Нұр Отан» партиясының ХҮІ сьезінде жария еткен бес институттық реформаның мән-маңызы туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар Елбасының президенттік сайлауға қатысуға келісім беруі көңіл тасытқанын айтып, кандидатурасына жан-жақты қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Осындай жиын облыстық азаматтық альянс өкілдерінің қатысуымен де өтті. Онда да Мемлекет басшысының көрегенділігі мен алдағы сайлаудың тарихи жауапкершілігі туралы салиқалы әңгіме өрбіді.
* * *
Съезд шешімін қолдауға бағытталған шаралар легі «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» акционерлік қоғамында да жалғасын тапты. Еліміздің оңтүстік бөлігін энергиямен қамтамасыз етіп, ірі кәсіпорындардың жұмысына электр қуатымен жан бітіріп тұрған бұл алып электр станциясының ұжымы да аз емес. Мұндағы қызметкерлер де жиналып, Елбасын қолдайтындарын бірауыздан жеткізді. Барлық «грэстіктер» атынан сөз сөйлеген АҚ президентінің орынбасары Рашит Раджанов пен станциядағы бөлім басшысы Ергеш Нұрбаев еліміз егемендік алғалы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халқы үшін жасап келе жатқан жақсылықтары мен еңбектерін айтып өтті. Естеріңізге сала кетсек, бұл ұжым жуырда ғана Елбасы поштасына хат жолдап, хатта оның Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынысына оң көзқарас танытып, алдағы Президент сайлауына түсетіндігіне үміт білдірген болатын. Міне, Жамбыл ГРЭС-інің ұжымы жолдағандай жан-жақтан ағылған ұсыныс-хаттардағы қазақстандықтардың пікір-тілегін ескерген Елбасы сәуірдегі сайлауға түсетін болды. Енді осы электр станциясының ұжымы өз қолдауларын сенімді тұлғаға білдіріп отыр.
БАЙЗАҚ
«Нұр Отан» партиясы XVI сьезінің Н.Ә.Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну жөніндегі шешімін қолдауға байланысты жиын Байзақ ауданы, Көктал ауылындағы «Жамбылқұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де болып өтті. Онда Көктал ауылдық округі ардагерлер кеңесінің мүшесі М. Ерманов, серіктестік жұмысшылары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері Н. Ахымбекова, Е. Чернигер, партияның бастауыш ұйымының хатшысы, «Жамбылқұс» ЖШС-ның бас директоры М. Тұрмаханбетова сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды кезектен тыс президенттік сайлауға белсенді түрде қатысып, дауыс беру арқылы еліміз бен қоғамымыздың тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуға үлес қосуға шақырды. Осымен байланысты серіктестіктің еңбек ұжымы бірауыздан үндеу қабылдады.
Меркі
Меркі ауданының бір топ ақсақалдары аудандық әкімдіктің кіші залында бас қосып «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде айтылған ойларды қолдап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлауға қатысуға келісім бергеніне ризашылықтарын білдірді. Басқосуда аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев «Соңғы жылдары елімізде қаншама мектеп, балабақша, емханалар бой көтерді. Халық сапалы білім, сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп отыр. Меркінің өзінде қаншама шаруа қожалығы тіркеліп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Осыларға тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында қол жеткіздік. Демек, «Нұрлы жолды» бастаған Елбасымыз сара жолды тапты деген сөз. Сәуірдің 26-сы күні лайықты тұлғаға дауыс беру үшін саяси науқанға атсалысайық» деді.
* * *
Ақтоған ауылында «Тілеміс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы және ауыл тұрғындарының қатысуымен жиын өтті. Жиынға қатысушылар 26 сәуірде өтетін кезектен тыс сайлауда дұрыс таңдау жасауға шақырды. Берік Жексембиев басқаратын «Тілеміс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде барлығы 40 адам еңбек етеді. Егін және мал шаруашылығымен айналысып, нәсібін адал еңбекпен тауып отырған серіктестік қызметкерлерінің бәрі де «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Жиынға қатысушылар «Нұр Отан» партиясының кезекті XVI съезінің шешімдерін бірауыздан қолдайтындықтарын айтты.
Т. Рысқұлов
Аудан жастары ел болашағына қатысты мәселеге келгенде қашанда белсенді. Сондықтан олар тұрғындарды 26 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына бір кісідей қатысуға шақырып, «Менің Қазақстаным – менің болашағым» атты акция ұйымдастырды. Жастар Құлан ауылындағы «Сұлутөр» кинотеатрында басқосты. Іс-шарада аудандық «Жастар орталығының» директоры Э. Өтембаев алдағы саяси оқиғаның еліміз үшін қандай мән-маңызға ие екеніне тоқталса, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Б.Тлеуғабылов замандастарын Президент сайлауына белсенділікпен қатысуға шақырды. Орталық маманы Г.Медербаева биыл алғаш рет дауыс бергелі отырған жастарға сайлау науқаны туралы түсіндіріп өтті.
Талас
І.Жансүгіров атындағы аудандық кітапхананың мәжіліс залында Талас ауданындағы 4 этномәдени орталықтың өкілдері бас қосып, Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясы ХVI съезінің шешімі туралы пікір алмасты. – Елбасының, партия Төрағасының, сайлауға түсуге келісімін беруін өте дұрыс шешім деп қабылдап отырмыз. Шын мәнінде, біздің Президентіміз елімізді қалыптастыруда орасан еңбек сіңірді. Сондықтан Мәңгілік Ел құруды идея етіп алған Елбасының асқақ мұраттарын жүзеге асыруына мүмкіндік бергеніміз дұрыс. Біз, славян ұлтының өкілдері, Қазақстанды туған Отанымыз санаймыз және сайлау күні өзіміздің лайықты таңдауымызды жасаймыз, – деді аудандағы славян этномәдени орталығының төрайымы, ауданның Құрметті азаматы П.Шуваева. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өткізілетін іс-шараларды да пысықтады. Басқосуға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Жақсылық және аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы П.Оспанов қатысып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, съезд шешімін қуаттаған басқосу Берікқара ауылдық округінде де кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдерінің қатысуымен өтті. Онда олар да Ұлт көшбасшысының келісімін бірауыздан мақұлдады. Сарысу
Жаңатас қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде аудандық «Сарысу жастары» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жастар және заң» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізіліп, оған аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары А.Жақыпбеков, А.Жаманбаев, сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтары, колледж мамандары мен бір топ жастар қатысты. Дөңгелек үстел басындағы кездесуде құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерімен қатар Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясы ХVІ съезінің шешімі туралы әңгіме өрбіді. Осындай жиын Қаратау қаласындағы «Еурохим Сары Тас» ЖШС-да да өткізіліп, оған қатысушылар партия съезінде президентікке түсуге келісім берген Елбасының шешімін қолдайтындықтарын білдірді.
Мойынқұм
Мойынқұм ауданында алпауыт өндіріс және өнеркәсіп нысандары аз емес. Солардың бірі – «Жамбыл цемент өндірі компаниясы» ЖШС зауыты. Облыс тұрғындарын сапалы цементпен қамтамасыз етіп жүрген бұл ұжым – өңір мен өлке мақтанышы. Компания басшылығының өкілі А.Әбдірәсіловтің төрағалық етуімен Мыңарал ауылында «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Қазақстан Реcпубликасы Президенттігіне кандидат ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынылғандығын қолдау жөнінде үлкен жиын өтті. Зауыт ұжымы толыққанды қатысқан бұл жиында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу, ҚХА бастамасы мен ел өтінішіне Елбасы Н.Назарбаевтың қолдау білдіруінде зор саяси мән жатқандығы айтылып, ел шежіресіне елеулі әріптермен қатталатыны сөз етілді. Сондай-ақ жиын барысында «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде құпталған ұсынысты бірауыздан қолдап, қуаттайтыны жөніндегі зауыт ұжымының үндеуі жарияланды.
* * *
Осы күні Ақбақай ауылындағы «Алтыналмас» компаниясының қызметкерлері де бас қосып, игі бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізді. Кейінгі ұрпақ парақтайтын бүгінгі тарих беттері Елбасы есімімен айшықталары даусыз. Сондықтан болар, ісімен ірілік танытқан тұлғаға жұрт сенім білдіріп жатыр. Солардың ішінде алтын өндіретін алпауыт өндіріс кәсіпорны «АлтынАлмас» компаниясы жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі ұсыныстарды қуаттап, Н.Назарбаевтың кандидатурасын қызу қолдайтынын жеткізді. Компания жұмысшылары А.Орынбаев, М.Оспанкулов, М.Мұқашевтар өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, Елбасы Н.Назарбаевтың әлем алдында беделі биік, көргені мол, түйгені жетерлік жан екендігі баршаға аян. Оның озық істеріне көпшілік куә. Ендеше, барша халық бүгінгі Мемлекет басшысын болашақта да осы тұғырдан көргісі келеді.
Шу
Көппен бірге Шу ауданының теміржолшылары да көреген көшбасшының сайлауда кандидат ретінде бой көрсететіндігін оң шешім деп тауып отыр. «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның еңбек ұжымының жиынында зауыт қызметкерлері бұл туралы ашып айтты. Мәселен, жиында сөз алған Н.Акжігітов, Д.Ахметов, А.Омаров, К.Никифоренко, Н.Рыбалкин егемендік алғаннан бергі тірлігі өрге басқан Тәуелсіз Қазақстан Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екендігін, Елбасының сындарлы саясатының арқасында тарих үшін санаулы уақыт ішінде көптеген биіктерді бағындырғанымыз туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, жиында «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде айтылған еліміздің ары қарай дами түсуіне ықпал болатын 5 жаңа реформа жайында да сөз болды. Жиынға жүзге жуық адам қатысты.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді