«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықтың қалауы

Халықтың қалауы
ашық дереккөз
Халықтың қалауы
Кеше Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағы 26 сәуір күні өткелі отырған Президент сайлауына түсуге келісімін бергенін естіп қуандым. Қазіргідей дүрбелең заманда ел тізгіні әлемдік аренада беделді, ірі саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтай тұлғаның қолында болғаны дұрыс. Айналамыздағы елдердегі мазасыз жағдай бізде жоқ. Ел аман, жұрт тыныш. Жылдан- жылға әлеуетіміз артып, халықтың жағдайы жақсарып келеді. Кең даламыз байлыққа толы. Соны ұқсатып отырмыз. Саны аз халқымыз елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті тұрғаны керек. Оны Нұрекең сонау тәуелсіздігіміздің елең-алаңында айтқан еді. Айтқаны тура келді. Осы татулық, бірлік еліміздің көсегесін көгертіп, көрпесін ұзартты. Қазір Қазақстанды әлем бейбітшілік сүйгіш ел ретінде құрметтейді. Оны әлемнің айтулы саясаткерлері айтудайын айтып-ақ жатыр. Біз мұны мақтан етуге тиіспіз. Кешегі Кеңес империясының құлап, жаңадан орнаған Қазақ елі бар-жоғы жиырма жылдан аса уақыт ішінде әлемге кеңінен танылды. Қазақстанды құрметтемейтін ел кемде-кем. Осы ұлан-ғайыр тірліктің бастауында, сөз жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы тұрды. Ол кісінің көрегендігіне, саясат әлемінде ысылғандығына талай мәрте куә болдық. Халқын келешекке бастаған осындай ірі қайраткермен замандас екендігіме бақыттымын. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Біз тарихи кезеңдерді бастан кешіп отырмыз. Осы жылдар аралығында жас тәуелсіз Қазақстан қаншама қиындықтармен бетпе-бет келді. Азуын айға білеген Еуропаның қаншама бақуатты елдері қазір дағдарыс үстінде. Соған қарамастан, еліміз даму үстінде. Бұл – сөз жоқ, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында жүзеге асқан дүние. Сондықтан алдағы сайлауда жұртшылықтың Нұрекеңді қолдап, қайда атқа қондыратынына сенімдімін.

Әлдихан Қалдыбаев,  жазушы, Халықаралық  «Алаш» сыйлығының  иегері.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар