Туған жерді түлетейік

Туған жерді түлетейік
ашық дереккөз
Туған жерді түлетейік
жуалылық әйел-аналар ұстанымы осындай Жалпы, ауыл әйелдерінің қоғамдағы, отбасындағы рөлі айрықша елеулі. Олардың ертеден қара кешке дейін тізе бүкпей, не бітіп, не қоймайтын отбасы тірлігін де тындырып, тіпті ұл-қыз тәрбиелеуге де үлгеретіні ғажап-ақ қой! Алайда жарқылдап ел алдына шығуы сирек. 2009 жылы ауданда құрылған іскер әйелдер қауымдастығы өзінің ең алғашқы қадамын тап осы мәселеден – ауыл әйелдерінің басын біріктіру, мәртебе-беделін көтеру, құқығын қорғау жұмыстарынан бастаған болатын. – Қоғамның нәзік сыңарларының да елімізге пайдалы қыруар жұмыстарды тындыра алатын әлеуетке ие екендігін танытып, олардың қоғамның негізгі қозғаушы күші екенін нақты іспен дәлелдеуіміз керек болды. Алайда алғашында ауданға әкім тұрақтамай, жиі ауысып жатуы жұмысымыздың өрге басуына өз кедергісін де келтірген. Қиындықтарға қарамастан біраз игі іс тындырдық. Басқармамызды құрдық. Оған мүшелікке сайланған іскер әйелдер бизнес және әйел, білім, саясат, денсаулық, спорт, тәрбие бағыттары бойынша секциялар жұмысын сәтімен үйлестіре алды. Ауылдарда да филиалдарымызды аштық. Тұрмысы төмен отбасыларға, мүгедек балаларға тұрақты түрде қайырымдылық көмектер көрсетуге қол жеткіздік. Ауданның басшылар корпусы қатарындағы әйелдер саны артуында да елеулі ықпалымыз болды деген ойдамын, – дейді бұл тұрғыда қауымдастық жетекшісі, Жуалы ауылдық тұтынушылар кооперативінің төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты Күлбақыт Айтқұлова. Оның айтқан сөзінің жаны бар. Аудандағы 14 ауылдық округтен бұрын әйелдерден сайланған әкімді кездестіру қиын-ды. Олардың қатары бүгінде отыз үш жастағы Анар Ахметовамен толығуы ауданда бұрын-соңды тіркелмеген жай болды. Кейіпкерім «Өзімнің өмірімнен, тәжірибемнен түйгенімдей, әйелдерде жауапкершілік те мол әрі қандай істі болсын тиянақты атқарады ғой. Анар сіңілім басқаратын ауылдық округтегі жұмыс бұрнағыдан да ширай түсті» деп оның мақтауын жеткізіп-ақ бақты. Ауданда әйелдердің басшылық лауазымдарға сайлануы мәселесі дегенде, оның өзі мен аудандық орталық аурухананың акушері Есмира Мамедованың депутаттықа сайлануы, Гүлбара Бекмұрзаеваның аудан әкімдігі қаржы бөлімінің басшылығына тағайындалуы өз-өзінен-ақ тіл ұшына орала кетері бар. Жуалылық әйел-аналардың жеке кәсіпкерлік ісін дөңгелентіп отырғаны да баршылық. Күлбақыттың өзі бұрынғы жұмысшылар кооперациясы негізінде құрылған Жуалы ауылдық тұтынушылар кооперативінің жұмысын орайымен үйлестіруде. Бүгінде мекеменің тігін цехы, наубайханасы жұмыс істейді. Аудан орталығында, сондай-ақ, ауылдық жерлерде онға жуық азық-түлік дүкендері бар. Мекеме бүгінде барлығы 42 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күлбақыт Айтқұлова өзіне сенім білдірген Қарасаз ауылдық округі тұрғындарының талап-өтініштеріне де сергек қараумен келеді екен. Атап айтқанда, Көктас, Қарасу елді мекендеріне газ жеткізілуі, Ақбастаудағы бұрынғы кәсіптік-техникалық училище негізінде ашылған колледж бен Қарасаз ауылындағы екі қабатты балабақша ғимараттарының күрделі жөндеуден өткізілуі жұмыстарына ықпал еткен. Ең бастысы, ол өзінің бұқара халық пен билік арасындағы дәнекер ретіндегі міндетін жауапкершілікпен атқаруда. Кейіпкеріміздің атқарар ісі мұнымен де шектелмейді. Оның өзі ашқан «Жуалы әйелдері» қоғамдық бірлестігі жыл ішінде «Әйелдердің қоғамдағы ролі» аясындағы әлеуметтік жобаны ұтып алып, қоғамға, оның ішінде әйел-аналарға қатысы бар бірқатар игілікті істерді жүзеге асырып та үлгеріпті. Бір кездері Целиноград ауыл шаруашылығы инситутын қатар бітіріп шығып, ондаған жыл сырт жерлерде қызмет еткен ерлі-зайыпты Алтынбек пен Күлбақыт Айтқұловтардың туған жерлеріне жалауларын желбірете тіккендеріне де жиырма жылға жуықтапты. Бүгінде бақытты да бақуатты әулетке айналды. Ұлдары Ернар Жамбыл темір жол бөлімшесінің құпия бөлімінде қызмет етеді. Қыздары Іңкәр де Таразда тұрады. Екеуі де үйлі-баранды. Отбасының ұйыт­қысы, басты күлдіреуіші – баяғы...Күлекең. Қағылез ғана қазақ әйелінің қоғамның осыншама ауыр жүгін иініне жүктеп, шаршамай-талмай өрге сүйреумен келе жатқаны, шынында да қайран қаларлық-ақ іс қой!

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар