Өмірді өркендетер ана ғана

Өмірді өркендетер ана ғана
ашық дереккөз
Өмірді өркендетер ана ғана
Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйым­дастыруымен «Ана – өмірдің шуағы» атты кездесу өткізілді. Бұл басқосуға бірқатар ардагерлер, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ардагерлер жанынан ашылған «Жан қуатым» тобы, білімгерлер мен кітапхана ұжымы қатысты. Іс-шараның шымыл­дығын ашқан Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова кештің құрметті қонақтары, бірнеше ұлт өкілдерінің Ардақты аналарымен таныстырып өтті. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының ардагері (90 жасқа толып отыр) Зоя Мамедова, 13 перзенттің анасы, «Алтын алқа» иегері Ақшакүл Тасыбаева, Тараз қаласының Құрметті азаматы, қалалық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрайымы Гүлнұр Губайдуллина, Ардақты ана Хура Муминова, ТарМПИ-дің профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Асыл әжелер» ансамблінің жетекшісі Күлжамила Жолдасқызының өмірбаяндары бас қосып отырған ортаға әсерлілігімен қызықты болды. Кітапханашылар тара­пынан «Өмірде ана – бұлақ, ана – пана, Өмірді өркендетер ана ғана» атты кітап көрмесіне шолу жасалынды. Кешке қатысушы ардагер ана-апаларға өздерінің жеке өмірлері, еңбек жолдары жайлы, зейнеткерлікке қай салада еңбек етіп шыққандығы туралы түрлі сұрақтар әңгіме арқылы қойылып, оған толыққанды жауаптар қайтарылды. Ең қызықтысы, соғыс ардагері, әзірбайжан қызы Зоя апамыз қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Талас ауданы Тамды ауылында тұрғандығын айта отырып, қазақ халқына деген жүрекжарды сүйіспеншілігін риясыз білдірді. Басқосу соңында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұлағатты ұстаз Күлжамила Жолдасқызының «Өнегелі өмір» атты кітабының тұсаукесер рәсімін Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылықбай Тәжібаев, облыстың Құрметті азаматы, қоғам және мәдениет қайраткері Жандар Кәрібаев қиып, жазушы еңбегіне ризашылықтарын білдірді. Кітапхана директоры Мейрамкүл Ысқақ және қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Әбдікешова ардагер аналарға сый-сияпат жасады. Кездесу барысында ардагер­лер тарапы­нан орындалған ән-күйлер әсерлі­лігімен қатысушыларды риза етті.

Алдаберген Мақашев, еңбек ардагері.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар