Ұлт ұстыны: тіл, діл, дін
бұл мәселе «Достық үйінде» өткен зиялы қауым өкілдерімен кездесуде таратыла айтылды Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойының Жамбыл жерінде атап өтілгелі отырғанына көпшілік қауым қуана құптау білдіруде. Төл тарихымыздан тереңдеп сыр шертетін айрықша құнды еңбектің туындыгері, ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің қазақ ордасының алғаш туы тігілген киелі Шу өңірін «Моғолстанның мәшһүр жері» деп атағаны белгілі. Осындай қастерлі мекенде орналасқан Қазақ хандығы Еуразия кеңістігінде бастау алған этникалық дамудың, мәдени құбылыстар мен саяси үдерістердің заңды жалғасы болғаны анық.
Осынау атаулы күнге орай алдыңғы күні «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктер мен жастар өкілдерінің құрамында тарихшы, философ, саясаттанушы, ақын, жазушылар бар зиялылар тобымен кездесуінде де қазақ мемлекеттілігі қалыптасуының әлеуетті этникалық үдерістері басты әңгіме арқауы болып өрілді. Жиынды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми сараптамалық топ жетекшісінің орынбасары Парида Мамедова ашып, жүргізіп отырды.
Жиында алғаш сөз алған Парламент Сенаты екі шақырылымының депутаты болған, облыстың Құрметті азаматы Жандар Кәрібаев еліміздегі тату келісім мен саяси тұрақтылықты жүзеге асырған бірден-бір ұйым – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, қалыптасуы тарихына тереңдеп тоқталды. Әсіресе, жоғары оқу орындарында оқитын студент жастар арасында бұл тұрғыда дәрістер өткізу барысында Ассамблея мен Қазақ хандығының, Ұлы Даланың тарихы сабақтастырыла жүргізілуі, түсіндірілуі базбіреулердің «бұрын қазақ мемлекеттілігі болмаған» деген сыңаржақ пікірлеріне де тегеурінді тойтарыс беретіндігін жеткізді.
Ертеңгі күннің айнасы, ол – тарих. «Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайтыны» да белгілі. Қазақстан тарихы бағзы кездері мектептерде мүлде оқытылмағаны ұмытыла қойған жоқ. Ал қазір жағдай мүлде басқа. Төл тарихымыз жаңа көзқарастар тұрғысынан екшеленіп, өзінің шынайы бейнесін табуда. Аталмыш жиында да хандық дәуірдің өзгешеліктері, мәні мен маңызы тарихшылар тарапынан кеңінен таратыла айтылды. «Қазақ сахарасының тарихы сақ, ғұн, үйсін, қаңлыдан басталды десек, осы кезеңдердің өзінде қазақтың халық болып қалыптасу этногенезі мен мемлекеттік құрылымдаудың үрдісі қалыптаспады. Бертіндегі түркілік заманға келетін болсақ та, көк Тәңірін бетке ұстап, негізгі жебеушісі санаған Түркі қағанаттығын алсақ та, одан кейінгі осы аймақтардағы ортағасырлық мемлекеттерді алатын болсақ та, олардың барлығы қазақ халқының, Қазақ хандығының осы өңірлерде этникалық үрдістердің қалыптасуына өзіндік елеулі септігін тигізді. Қазақ хандығы тарихын жазба деректерсіз жүйелей алмаймыз. М.Х.Дулатидің «Тарихи-и Рашиди» атты еңбегінде осы аймақтарды сол кезде (14-15 ғасыр) мекендеген халықтардың саяси-этникалық, әлеуметтік, мәдени, тарихи мәселелері туралы көптеген құнды мәліметтер келтіріледі. Қазақ хандығына 550 жыл толатыны жөніндегі түпдерек те сол еңбектен алынды», – деді бұл тұрғыда ТарМУ жанындағы «Дулатитану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Сейітқұлова. Оның айтуынша, сол кездің өзінде хандық құрамындағы тұрғындар саны 1 миллионға жетіп, 57 ұлт, тайпа өкілдері бір шаңырақ аясында тату-тәтті ғұмыр кешкен. Бірлік пен ынтымақтың уыз-ұйытқысы халқымыздың бойында бар ақкөңіл, балажан, қонақжайлылық, төзімділік, ізеттілік қасиеттері болғанын да ерекше атап өтті баяндамашы.
Мұндай пікірді жазушы-драматург Елен Әлімжан да білдірді. «Кез-келген елдің азаматы өзінің өткенін, бүгінін, ертеңін білуі тиіс. Төл тарихын білмеген адам өзін елінің толыққанды азаматы ретінде сезіне алмақ емес. Қазіргі өтіп жатқан үдерістерге баға беру өткенді зерделеу арқылы ғана жүзеге асады. Бүгін тамаша жетістіктерге жетуімізге Елбасының батыл да нәзік саясатының, сондай-ақ, қазақ халқының тарихи сілкіністерден алып шығар ұлттық ділі, жайлы мінезінің, кісілігінің септігі тиді. Бұл – анық. Қазақтарда ғана бар осынау кісілікті қасиет қайдан пайда болды? Задында, қазақ – көшпенді өмір сүру салтынан отырықшылыққа ең соңынан көшкен халық. Біздің барлық жақсы қасиеттеріміз, тағаттылыққа негізделген жайлы ұлттық мінезіміз хандық дәуірде пайда болды. Кісілік – біздің басты қасиетіміз, ерекшелігіміз», – деді ол.
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов болса, жуықта ғана президенттік сайлау өткізу жөнінде бастама көтеріп, бүгінде Елбасының сайлауға түсуіне барша қазақстандықтар атынан ұсыныс білдіріп отырғаны үшін тәуелсіздік алғанымызға жыл толғанда құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс айтып, Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге әркім, оның ішінде қаламгерлер де өзіндік үлестерін қосатындығына сенім білдірді.
Еліміздегі бірлік, тату келісім Тараз қалалық №2 ауруханасының дәрігері, облыстық түрік этномәдни бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Дүниядар Абдуллаевтың толғанысына өзек болды. «Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық сессияларына дерлік қатыстым. Ассамблея атына айтылған жылы лебіздерді есту маған да жайлы әсер етеді. Шынында да осынау қоғамдық институттың арқасында елімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісім сақталды. Қазақстандық қоғам дамуының да іргенегізі болды ол. Ұлтаралық тату келісімді сақтау мүмкіндігіне қол жеткізген де біздің еліміз ғана. Бұл мемлекеттің қарыштап дамуына да тың серпін қосты. Елбасына рахмет, саясат мәселесінде сарабдалдық танытты, «Ассамблея» аталатын нәзік гүл егіп берді. Бірлікті, достықты сақтап келе жатқан сол «нәзік гүлімізді» алдағы уақытта да мәпелеп күтіп, уақтылы суарып, солдырмай сақтауымыз керек. Қадіріне жете алуымыз керек. Қазақстанның келешегі де осында», – деп түйді ол сөзін.
Ықылым замандар тарихының анықтығы, танымдылығы, әсерлілігі көбінесе жазушы шеберлігіне де байланысты. Жастар бүгінде тарихи кинотуындыларды да айрықша қызығушылықпен тамашалайды, ұлы тарихымыз әлі де сан ұрпақты жылдар бойы тағылымына ұйыта берері анық. Жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту мәселесі алғашында журналистер, көсемсөзшілер, зиялы қауым өкілдері, қайраткерлер тарапынан көтеріліп, бүгінде оң шешімін тауып отырғанын атап өтіп:
– Жалпы, біздің түп тарихымыз кезінде жабулы күйде болды. Содан да қазақ Қазан төңкерісінен кейін ғана, оның өзінде былғары күрте киген, жамбасында салпылдаған маузері бар «барып кел-шауыпкелдердің», большевиктердің арқасында ел болды деген пікір қалыптастырылды. Оған дейін қазақтың қайда болғаны, иен жайлауды жайлағаны, Алтайдан Атырауға, мына жағы Еділге дейін көшіп-қонып жүргені, елі, хандары, билері болғаны «жылы жабылып» қойылды. Жылымық жылдарында жазушыларымыз Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер осы «жабық» тақырыпта ғажайып тарихи романдар жаза бастады. Жұрттың санасы оянды. Тарихи дүниелерге сусаған оқырмандар оларды іздеп жүріп оқыды. «Көшпенділер», мысалы, бірнеше миллион таралыммен жарық көрді. «Елең-алаң» да, «Аласапыран» да сондай деңгейде таралды. Кейін бұл қаламгерлердің бәрі Мемлекеттік сыйлық алды. Бұл туындылар халыққа үлкен рухани қуат берді кезінде. Қойшылар оларды өрісте қоныштарына салып жүріп оқыды, хандық дәуір ерекшеліктері жөнінде ұққандарын ұрпақтарына айтып отырды. Кейін «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» деген атпен жыраулар поэзиясы кітап болып басылып, таралды. Қазақ хандығы, қазақ елінің қалыптасуы, салт-дәстүрлері, ділдік ерекшеліктері, елдік пен бірлік бәрі де бар онда. Ол тұста да «ескілікті көксеуге» сайып, хандар жайын қаузаушы жазушы, тарихшылар қуғынға түсті. Мұның бәрі де бәрібір халықтың жадын, төл тарихына құштарлығын өшіре алмады. Ел хан, билерін, тарихын, түбін іздеуінен танбады, – деп, қазақ қаламгерлерінің жазатын кезі енді келгенін, алдағы уақытта олардың тарихи тақырыпта өмірге шынайы туындылар әкелетініне сенім білдірді.
ТарМУ-дың доценті, философия ғылымдарының кандидаты Расылхан Жүншиев тақырыпқа философиялық қырынан келіп: «Біздің көп ұлтты мемлекетімізде біртұтастық, бірлік бар. Мұның бәрі де қазақ этносының ықшам да ұтқыр қалыптастырылуынан, халықтың ұлттық ділдік ерекшеліктерінен тамырын тартып жатқаны орынды айтылды. Алдағы уақытта осы ұлттық ерекше қасиетіміз кеңінен насихатталуға тиіс. Ділімізді сақтап, нығайтып, жаһандану кезіндегі келеңсіздіктерге қарсы қолданар әлеуетті қаруға да айналдыруымыз қажет», – деген ұсынысын жеткізді. ТИГУ-дің тарихшы-оқытушысы Нышан Қаһаров та осы пікірді қолдайтынын, хандық кезеңдегі жақсы үлгі-үрдістердің жаңғыртылуы тиістігін атап өтті. Облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Валентина Прокофьева, ТарМУ-дың «Дулатитану» орталығының ғылыми қызметкері Гүлшат Иманбекова, тағы басқалары тақырыпқа орай ой-пікірлерін ортаға салды.
Дөңгелек үстел басқосуын модератор Парида Мамедова: «Қазақы көшпенді өркениет ешбір елде жоқ ашықтығымен, өзіндік қадір-қасиетімен, гуманизмі молдығымен, қазақ «феномені» деуге лайық өзіндік үрдісімен ерекшеленеді. Сол тұста қазақтар бір жерден екінші жерге көшкенде адасқан, ашығып шөлдеген жолаушы, қаріп-қатерлер болса, көмегі тиер деген ниетпен жұртында ішіп-жемі мол дастархан жасап, қоса қалдырып отырған. Бұл қасиет хандық дәуірде де, қазіргі таңда да көптеген ұлт, ұлыстарды бір шаңырақ астында уыздай ұйыта білген қазақтың бүгінгі ұрпағы бойында әлі де бар. Көптеген өзге ұлт өкілдері Қазақстанда өмір сүруді таңдағандарына айрықша риза, «нәзік гүліміз» – бірлігіміздің бұдан әрі де сақталып, нығая беруін қалайды», деген жүрекжарды сөзбен түйіндеді.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді