«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аналар – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!

Аналар – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!
ашық дереккөз
Аналар – асыл жандар, шуақ боп шашылғандар!
Әйел - Ана, Әйел - Өмір, Әйел - отбасының өзегі, шаңырақтың шаттығы. Адамзатқа ұрпақ сыйлаған ұлы құдірет иесінің есімі қашанда қастерлі. Сол себепті де ұлы ғұламалар «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деп бекерге айтпаған. Құрсағы алтын аналардан адамзаттың небір алыбы жаратылған. Ана сонысымен асыл, сонысымен тұғыры биік, әр сөзі өсиет. Баршамыз үшін оның жүрегі мейірімді, қолы қайырымды. Адамзат бастан өткерген небір тар жол тайғақ кешу мен алмағайып ауыр кезеңдерде де ана артта қалған емес, ұрпағының аман-есендігі үшін жанын садаға еткен. Міне, осы үшін бүкіл әлем аналар мерекесін ерекше қастерлейді, зор қуанышпен қарсы алады. Ол той көктемнің алғашқы күнінен-ақ басталып жататыны содан. Сондай мереке легі облысымызда әр жерде өтуде. Кеше облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында облыс басшыларының қатысуымен үлкен салтанатты жиын өтті. Мереке иелерін құшақ жая қарсы алған облысымыздың бас мәдениет сарайынан шын мәнінде ерекше жылылық пен мейірімнің лебі есіп тұрғандай сезілді. Кіреберіс дәлізден бастау алған мерекелік безендірудің соңғы нүктесі сахнада түйінделген. Ортада орналасқан алып экранды жан-жағын көмкере қырыққа жуық орта көлемдегі лэд-экрандар гүл бейнесінде топтастырылып, ерекше үйлесімділік тапқан. Ондағы графикалық оюлар да сахна көркіне одан сайын көрік бере түсті. Салтанатты кеште Әулиеатаның әр аймағынан шақыртылған қыз-келіншектер мен аналарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтады. Ол өз сөзінде табиғат – ананы ұйқысынан оятып келетін Аналар мерекесінің орны ерекше, мәні бөлек екеніне тоқталды. – Өйткені, онда аналардың шуақты жан дүниесі мен көңіл иірімі, ізгі махаббаты мен нұрлы шапағаты жатыр. Қоғамдағы барлық ізгілік пен құт-береке Ана жүрегінен бастау алады. Ана – өмірдің жалғасы, өнегелі тәрбиенің бастауы. Ана – қоғамның тірегі. Ана – ұлттың – ұйытқысы, Отанның – киесі. Біздің халықта бір шаңырақ Анасыз көтерілмей, бір кереге Анасыз керілмеген. Ана әрқашанда қолындағы сәбиімен сұлу, алдындағы бесігімен әсем. Талабы таудай Алып та, жау жүрек Батыр да, ақиық Ақын да, ғұлама Ғалым да – асыл Ананың перзенті. Сіздерді осынау мейірімі дария, сұлулығы мол – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құшақтарыңыз – гүлге, өмірлеріңіз – нұрға бөленсін, – деді Бекболат Серікбекұлы. Одан әрі ол өз сөзінде мың ғасырлық тарихымызда өздерінің даналығымен, ақылы мен ажарымен, іскерлігімен және мейірімділігімен ел шежіресіне аттары алтын әріптермен жазылған алтын құрсақты, асқан ақылды аналарымыз аз болмағанын айтып өтті. «Нәзіктік пен сұлулық, ерлік пен қайсарлық дегенде аты аңызға айналған Ұмайдан бастап, ежелгі Тұмар, кейінгі Домалақ ана, Зеріп, Қарашаш, кешегі өткен ұлағатты Ұлпан, Абай атамыздың әжесі Зере мен анасы Ұлжан, Шоқанның әжесі Айғаным, айтулы ақын Ұлбике апаларымыз, Дина күйші, кешегі Әлия мен Мәншүкке дейінгі аруларымыз елестейді», – дей келе киелі Әулиеата жері де қашанда ардақты қыздарымен, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматшаларын мақтан тұтқан халқымыздың киелі бойтұмары сияқты, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген, кеудесіне алтыннан жұлдыз таққан ардақты апаларымыз Еңбек Ерлері Дариха Жантоқова, Сындыбала Оңғарбаева, Тамдыкүл Жамбылова, Елена Свинковская сияқты еңбек жұлдыздары болғанын көпшілік есіне салды. Сонымен қатар, бүгінде ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, алтынның сынығындай ортамызда жүрген Еңбек Ері Мәрзия Ибрагимованың, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасынан еліне аман-есен оралған, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан соғыс ардагерлері Александра Кичигина, Зоя Мамедова, Вострикова Зинаида мен жуалылық Анна Попованың есімдерін ерекше атап өтті. Оған қоса кешегі мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жылдар табысты еңбек еткен, облыстың дамуына зор үлес қосқан Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Надежда Врублевская, Антонина Числова, Күләш Әбдікешова, Күләш Назарбекова, Гүлжамал Нурилихина, Бәтес Егембердиева, Сәуле Мұсаева сынды аналарымыздың бүгінде аймақтың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келе жатқаны ерекше аталды. Б.Орынбеков сондай-ақ, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік, құқық қорғау сынды бірқатар салаларда тер төгіп, еңбегі сіңген нәзік жандылардың құрметке ие екеніне тоқталды. Мерекелік шара әрмен қарай жамбылдық өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Шараның сазды-музыкалық бөлімі Александр Зацепиннің Әсел Уашеваның орындауындағы «Көктем вальсі» әнімен ашылды. Ал бұдан кейін сахна төріне көтерілген Ғани Мәтебаев (әнші), Азиз Кушаков (рояль), Әлібек Аман (үрмелі гармон), Рахат Сапаралиева (құм суретшісі) да Игорь Николаевтың «Там нет меня» әнін бірлесіп орындап, керемет композиция шығара білді. Басқа да өнер иелері ұсынған ән мен би көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ, бұл кеште елімізге белгілі эстрада жұлдызы Ұлықпан Жолдасов пен «Дауыс.kz» тобы бірнеше әндерін тарту етті. Аналар құрметіне қойылған концерттік шара Мадина Сағымбекованың орындауындағы Үміт Битенованың сөзіне жазылған «Гүл сыйлашы маған» әнімен аяқталды. Ән барысында ерлер қауымы алдыңғы қатарда отырған құрметті қонақтарға гүл шоқтарын сыйлады.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар