Жаңақоғамдағы жалғыз қарт жауынгер
Уақыт сырғып, жыл жаңарған сайын қайғыдан қан жұттырған сұрапыл соғыстың жаңғырығы да алыстап барады. Ал арамызда жеңістің туын желбіретіп жүрген сол майданның жауынгерлері ұрпағына тек тыныштықты аманаттап, келместің кемесіне кезегімен отырып жатыр. Адам баласының қолынан уақыттың заңдылығын өзгерту келмегенімен, ардақты ардагерлерге көзінің тірісінде лайықты құрмет көрсету міндетіміз.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, жеңіс ұранының алғаш көк аспанда шалқыған сәттеріне биыл 70 жыл толмақ. Сол соғыстың куәгерлері, сол жеңістің иелері арамызда қазір санаулы ғана. Олар – біз үшін тірі тарих. Дұшпанға қарсы қойған өр кеудесін төсбелгі мен медальдар көмкерген. Аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бүгінде 15-і ғана өмірде бар. Солардың бірі – жас өмірінің 7 жылын Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге арнап, төзімділік танытқан Темірбек Халықов.
Соғыстың алғашқы дабылы қағылған кезі Т.Халықовтың мектеп қабырғасында жүрген шақтарымен тұспа-тұс келеді. Жерлестерінің, ауылдастарының ертеңгі күнін бір үміт, бір күдікке жалғап, майдан даласына аттанып бара жатқан сәттерін өз көзімен көріп, олардың тілеуін тілеп жүрген бозбала араға бір жыл салып өзі де сапарға шығады. Ғасырға татыған бұл бір жыл адамдардың жан-дүниесін шайқалтып, арман-қиял, сана-көзқарастарының арнасын ауытқытып тастағаны белгілі.
Біреу жақынын, біреу жалғызын жоғалтып жатқанда, қаралы қағаздан қан жұтқандардың күйіне күңіреніп, талай жастың сол кезде рух-жігері іштей қайнап шыныққан болатын. Жүрегі «елім, жерім» деп соққан Темірбек Халықовты да бұл жыл ерте есейтті, ертеңгі күніне дайындай түсті. Алайда, пісуі қанша жетсе де, жастың аты – жас, ал соғыстың заңы тым қатал. Жігіттік болмысы қалыптасып үлгермеген Темірбек үрейін намысына жеңдіріп, 1942 жылдың 9 қыркүйегінде майданға бет алады. Өмірінің жаңа парағын ашқан бұл күз негізінен мүлдем басқаша көрініс алуы тиіс еді. Себебі, мектеп өмірімен қош айтысатын соңғы сыныпқа аяқ басқалы тұрған болатын.
Отан үшін жас жауынгер от пен суды кешіп, қанды қырғынның арасына түсті. Сол жылдың сәуірінде Сталинград шайқасына жіберілді. Соғыстың соңғы күндеріне дейін дамыл көрмей, өзі сияқты сарбаздармен тізе қосып, жауға өшпенділікпен оқ жаудырды. Тек Сталинград қана емес, көптеген ұрыстарға қатысты. Дүрбелең тыншыған соң, Берлинде әскери борышын жалғастырды. Осылайша, тек 1948 жылдың соңына таман елге оралудың сәті келді. Буыны бекімей соғысқа аттанған ауыл баласы азамат боп оралды. Тағдырының сын боп бұйырған 7 жылында ол өмірдің мәнін, достықтың қадірін, ерліктің бағасын шынайы ұғынып, санасына мәңгілікке сіңірген еді.
Туған ауылы – қазіргі Жаңақоғам ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекеніне келіп, жақындарымен қауышып, сағынышын басқан соң, ертерек еңбекке араласуға асықты. Тоғыз жолдың торабы саналатын ауданда болат жолдың бабын білетіндер қол қусырып қарап отырмайтын. Сондықтан, темір жол саласында білім алып, өмірін осы мамандыққа арнауға бел буды. Осы арада, көршілес Мойынқұм ауданының аруы Базаркүлмен жаны жарасым тауып, екеуі шаңырақ көтерді. Осылайша, өмірі бір арнаға түсіп, аудандағы Шоқпар стансасында қызметтегі алғашқы қадамын бастады. Ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын. Әскерден қалыптасқан осы қасиетінің арқасында ол темір жол саласында салмағы бар маман ретінде танылып, сатылап лауазымы да көтеріле берді. Аңырақай, Құлақшын стансаларында да біраз жыл еңбек етті. Ал 1960 жылы Бірлік стансасына ауысып, сол мекемені зейнет жасына жеткенше абыроймен басқарды. Бейнеттің қадірін білетін ол – жұмыстан қолы қалт еткенде де қарап отырмайтын, бау-бақшаның бабын келтіріп, тірліктен рахат таба білген жан. Бұдан бөлек, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты.
Бүгінде ауылының ең үлкен ақсақалы Темірбек ата 91 жаста. Өзінің мәнді де мағыналы ұзақ ғұмырында азаматтық келбетін мінсіз сақтап, ар-ожданына сызат түсірмеген қарияның Отан алдында да, отбасының алдында да мәртебесі биік. Әкелік парызын ойдағыдай орындаған ол 5 ұл, 4 қызына өнегелі тәрбие беріп, өрістеріне кеңінен жол ашуға барын салыпты. Барлығына білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардагердің балалары оның жолын қуып, бүгінде барлығы да темір жол саласында қызмет атқарып жүр. Олардан 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр.
Жанарлары өнеге ұқтырған арпалыс заманның куәгерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлері – біз үшін қайталанбас тұлға, олардың ерліктері мәңгіге мақтан. Өсер елдің ұрпағы қашанда үлкенге ізет ұғымын биік қояды. Бірлігі жарасып, берекесі артқан Көктөбе ауылының тұрғындары осы ұстанымды жадыдан шығарған емес. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында көктөбеліктер бұны тағы бір мәрте дәлелдеді. Мәселен, соғыс және еңбек ардагері Темірбек Халықовтың құрметіне Жаңақоғам ауылдық округі әкімі Найман Сұлтанбаев пен «Нұр Отан» партиясы Жаңақоғам бастауыш ұйымының мұрындық болуымен салтанатты жиын ұйымдастырылды. Ауыл клубында өткен бұл іс-шарада қарияға алғыс айтылып, оған округтегі барлық мекемелер тарапынан бағалы сый-сияпаттар жасалды. Ал мектеп оқушылары жан жадыратарлық сазды бағдарлама тарту етті. Негізінен, мұндай сипаттағы игі шараның бұл ауылда көрініс табуы дәстүрге айналған. Өткен жылы Темірбек қарияны 90 жылдық мерейтойында да ауыл тұрғындары назардан тыс қалдырмапты. Ауыл демеушілері оның қара шаңырағына жөндеу жұмыстарын жүргізіп берген екен. Ұлы Жеңістің белгісіндей болған жалғыз ардагеріне ауылдастары қашанда сый-құрметін аямайды. Себебі, бүгінгі ұрпақ мамыражай әр күн үшін майдангерлеріне қарыздар.
Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді