«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билік партиясы лайықты тұлғаға ғана таңдау жасайды

Билік партиясы лайықты тұлғаға ғана таңдау жасайды
ашық дереккөз
Билік партиясы лайықты тұлғаға ғана таңдау жасайды
Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ағымдағы жылғы сәуір айының 26-сы күні өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоюына байланысты, бүгінде, елімізде тіркелген саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың қай-қайсысы да өз ұстанымдарын айқындап, ел президенттігіне кандидаттыққа үміткерлерге таңдау жасау үшін республикалық форумдарын өткізуге әзірлік жасауда. Бұл ретте, билік басындағы «Нұр Отан» партиясының өңірдегі аумақтық филиалдары да сайлауалды дайындық жұмыстарына бел шеше кірісіп, кезектен тыс партия конференцияларын өткізуде. Солардың санатында ұйымдастырылған партияның облыстағы ірі әрі іргелі құрылымы — Тараз қалалық филиалының кезектен тыс ХIV конференциясы саяси өрлеу жағдайында өтті. Нақтылы кезеңде, 14861 партия мүшесі есепте тұратын 62 бастауыш ұйымды маңайына топтастырып отырған партияның қалалық филиалының жиынында филиал төрағасы, Тараз қаласының әкімі Н. Календеров «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының 2014 жылы атқарған қызметі және алдағы кезеңдегі міндеттемелері туралы» хабарлама жасады. Филиал төрағасы Елбасы тізгінін ұстап, төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының ең басты мақсаты – Ұлт тәуелсіздігінің айшықты тірегі болу және көп ұлтты халқымыздың әл-ауқатын нығайта түсу болып табылатындығына, нұрлы болашаққа жол бастаған «Нұр Отан» - халқының қамын, жұртының мұқтажын, жастардың болашағын әріден ойлаған саяси күш екендігіне, партия Көшбасшысының 2013 жылы «Нұр Отан» партиясының 15-съезінде берген тапсырмасына сәйкес партия қызметін қайта форматтау жұмыстарының 2014 жылы ойдағыдай аяқталғандығына, партияның барлық жұмысының Елбасының мемлекеттік саясатына сәйкес, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталып келе жатқандығына тоқтала келіп: «Бұл игі үрдіс «Нұр Отан» партиясының Доктринасында атап көрсетілген құндылықтарымыз бен қағидаларымызға толық сай келеді: басты жетістігіміз – ел тәуелсіздігі, басты идеямыз – Қазақстанды өркендету, біздің саяси идеалымыз – Елбасы, басты құндылығымыз – Адам», – деп атап көрсетті. Хабарламашы «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалына қарасты бастауыш ұйымдардың айтарлықтай жұмыс ауқымын іске асырып, партиялық жобалар аясында түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларын жүзеге асыруды үрдіске айналдырғандығына әрі партияның халық алдындағы беделін көтеруге ат салысып келе жатқандығына тоқталды. Өткен жылдан бері қарай «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалының 2 конференциясы, саяси кеңесінің 2 отырысы, саяси кеңес бюросының 6 отырысы өткізіліп, басқосуларда ауқымы кең мәселелер қаралып, қабылданған қаулылардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі мен «Электрондық партия» базасы арқылы тұрғындармен пәрменді кері байланыс арнасы жолға қойылған. Соның нәтижесінде, 2014 жылы қалалық филиалда қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары өткізген 135 қоғамдық қабылдауға 328 азамат ауызекі өтініш-тілекпен, 648 азамат жазбаша түрдегі өтінішпен қайырылыпты. Өтініштердің 200-ден астамы оң шешімін тапқан. Нұржан Сәбитұлы партияның Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының және қазіргі таңда қатарына 2674 белсенді жасты топтастырып отырған қалалық филиалдың жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жұмысына, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне жасалып отырған қамқорлықтың барысына, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекпен қамтылу деңгейіне және алдағы тұрған міндеттер ауқымына да тоқталып өтті. Хабарлама бойынша жарыссөзге шыққан облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері, партияның Тараз қалалық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Қ. Жетібаев, №1 гимназияның директоры, партияның Тараз қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Л. Қызылқұлова, «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» бастауыш партия ұйымының төрағасы А. Қарағалиев, партияның Тараз қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі М. Устинова партияның қалалық филиалы төрағасының хабарламасын назарға алу және күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, еліміздің қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсынуды партияның облыстық филиалының алдағы болатын кезектен тыс ХV конференциясының күн тәртібіне шығару жөнінде ұсыныс енгізу туралы ұсыныстарын білдірді. Партияның Тараз қалалық филиалының конференциясына партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ш. Тілеумұрат қатысып, сөз сөйледі. «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы конференциясының күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады, Конференцияда «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бірлестігі Жарғысының 9.9-бабына сәйкес партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХV конференциясына делегаттар сайланды. Жиында ұйымдық мәселелер де қаралып, филиалдың саяси кеңесінің құрамына өзгеріс енгізілді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар