«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Инженерлік Даңқ» үлкен Алтын медалімен марапатталды

«Инженерлік Даңқ» үлкен Алтын медалімен марапатталды
ашық дереккөз
«Инженерлік Даңқ» үлкен Алтын медалімен марапатталды
Техника ғылымының кандидаты, доцент, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универ­ситетінің профессоры, ҚР Инженерлік Академия­сының Корреспондент мүшесі, жиырмадан астам ғылыми еңбек пен монографиялардың авторы, облыс­тың Құрметті азаматы Халил Бейсеевті көктемнің алғашқы күні тамаша жаңалығымен қуантты. Осы айда 75 жасқа толатын қарияның инженерлік саласындағы көп жылғы еңбегі еленіп, «Инженерлік Даңқ» үлкен Алтын медалімен марапатталды. ҚР Инженер­лік Академия­­сының бұл сыйын бүгінде көп жылғы бейнет­тің зей­нетін көріп отырған Халил Сағынбекұлы бұған дейін алған басқа да марапаттарынан жоғары қояды. – Өзің жетік білетін салада аянбай еңбек ету – бір бақыт. Ал сол төгілген тердің еленіп, марапатын көрудің қуанышы мүлдем басқаша болады екен. Аллаға шүкіршілік айтамын, – деді қария бізбен әсерін бөлісіп. 1940 жылы Т.Рысқұлов ауданы, Луговой стансасында өмірге келген Халил Сағынбекұлы осында ержетті. Бала күнінде ұш­қыш болуды армандапты. Алайда, есейе келе пікірін өзгертіп, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Оны тәмамдаған соң арнайы жолдамамен алғашқы еңбек жолын Байзақ ауданындағы «Трудовой Пахарь» колхозында бастайды. Осында 1970 жылға дейін шеберхана меңгерушісі, колхоздың бас инженері қызметін атқарады. Осылай басталған еңбек жолынан кейін ол қызметтің түрлі сатысынан өтті. Басшылық лауазымды қызметтерді де атқарды. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Мәселен, 1978-1991 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы техникасы басқармасының басшысы, Луговой аудандық (қазіргі Т.Рысқұлов ауданы) атқару комитетінің төрағасы, Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал 1991-2000 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық экономика басқармасының облыстық ауыл шаруашылық мәселелер жөніндегі кеңесшісі лауазымды қызметтерінде де жауапкершілік танытты. Қазір зейнетке шыққан қария қарап отырған жоқ. Облыстық ардагерлер кеңесінде бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып жүр. Өзі облыспен бірге Т.Рысқұлов, Шу, Байзақ аудандарының да Құрметті азаматы. Бұл атақтың кім болсын соған оңай берілмейтіндігі анық. Ол үшін сол аймақтың өсіп, өркендеуіне азаматтық парызыңмен үлес қосуың керек. Бұл тұрғыда Халил ағаның мақтанып айтар еңбегі бар. Ол кезінде Т.Рысқұлов ауданының орталығында Ұлы Жеңіске арналған монументтің орнатылуына бастамашы болыпты. Келтіре берсек, мұндай мысалдар көп. Жалпы ол кісінің жетпіс бес жыл бедеріндегі жүріп өткен өмір жолында жастар өнеге алар тұстар жетерлік.

Фариза Әбдікерімова,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар