Шәкірті шебер ұстаз
«Жас кезде бейнет берсең қартайғанда зейнет бер» дейтін қазақ – қашаннан ертеңгі күнін ерте бастан ойлайтын халық. Жас шағында тынбай тіршілігін жасап, қартайғанда ұл-қыздарының қызығына қанып, немере-шөберелерінің ақыл-кені болып отырары да содан. «Бейнеті ащының зейнеті тәтті» десек, сол Пайғамбар жасқа толып, зейнетке абыройлы жеткендердің ел ішіндегі ерен еңбегі де еленбей қалмақ емес. Сондай зейнет жасына ақ адал жолымен жеткендердің қатарында Сейдахмет Туғанбаев та бар десек қателеспейміз. Ол қырық жылдан аса өмірін ұстаздық жолға арнап, тәлімгер ретінде талай-талай ел мақтанышы атанған шәкірттер тәрбиелеумен айналысты. Жуырда қаладағы Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектепте Сейдахмет Күзембайұлының құрметті демалысқа шығуына байланысты салтанатты рәсім өтті. Көп жылғы тынымсыз еңбегінің арқасында қатарына сыйлы ұстаз атанған Сейдахмет аға дене шынықтыру пәнінен ұстаздық ете жүріп әртүрлі мектепішілік беделді қызметтерде де болыпты. Сонау 1969 жылы Жамбыл технологиялық институтына оқуға түсіп, оны жақсы бағамен аяқтағаннан соң бірден Жуалы ауданындағы бұрынғы Ленин атындағы мектепке дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа алынады. Көп өтпей М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында білімін жалғастырады. Кейінірек Жуалыдағы М.Горький атындағы орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 1998-2005 жылдар аралығында Жетітөбе орта мектебінің директоры қызметтерін атқарады. Ал осы уақытқа дейін аталмыш мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануға өз үлесін қосып келді. С. Туғанбаев – дене тәрбиесі мен әдісін жетік меңгерген тәжірибелі ұстаз.
Сейдахмет ағаның еңбегінің жемісін шәкірттерінің жетістіктерімен айта аламыз. Айталық, салтанатты шараға келген Құрметті қонақтардың қатарында кикбокстан Еуропа, Азия, Әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Ғани Досаев, ауыр атлетикадан әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы Ержас Болтаев секілді елімізге танымал спорт саңлақтары мен облыстық параолимпиадаға дайындық орталығының директоры Саттар Бейсенбаев сынды абыройлы азаматтар да, басқа Сейдахмет ағаның тәлімін алған шәкірттер де болып, ұстаздарына ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Г.Қайнарбековтің Алғыс хаты тапсырылса, Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Г.Зәурбекова сөз алып, ұстазға деген ыстық ықыласын жеткізді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді