Өмір және өлең
Эра Орманова – белгілі ақын. «Балауса», «Жыр тұмар», «Әнім сен едің», «Сөнбес сәуле», «Имандылық ғасыры» және «Ақ орамал» атты жыр жинақтарының авторы. Біз бүгін оқырмандар назарына ақынның бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз. Қазақ елі және Елбасы Тәуелсіздік алған соң,
Құдай бақты берді деп.
Әнұраны жазылып,
Ел таңбасын белгілеп,
Көк аспанмен астасып,
Көк байрағым желбіреп,
Шыққан алға қазақпын!
Содан бері ес жиып,
Тәуелсізбін, азатпын.
Бейбітшілік қазығы,
Астанада қағылды.
Содан бері сан рет,
Алау оты жағылды.
Топқа түсіп, қайтпадым,
Сынадым мен бағымды.
Жұмағыңа теңер ем,
Осы дәурен шағымды.
Жамбыл бабам дем беріп,
Қарсыласым жаңылды.
Шабыттансам тоқтамай,
Жыр нөсері ағылды.
Қуат алдым оралған,
Тілім менен дінімнен.
Еркін жайып қанатты,
Саңқылдаған үніммен!
Еркелеген елімнің,
Ақынымын бүгін мен.
Бабалардың төгілген,
Тыйылғандай көз жасы.
Ақиқат қой айтылған,
Асыл сөздің тозбасы.
Жаңа тарих жазылды,
Тәуелсіздік сөз басы.
Менменсіген көп елдің,
Анық болды озбасы.
Отаным деп от кешіп,
Ұмыт қалған өз басы.
Нұр ағамыз Мәңгілік,
Қазақ елі Елбасы. Мәңгілік от Әкемнің жауларын,
Қасқайып тосқанын.
Отан деп от кешіп,
Үлесін қосқанын.
Мәскеуде парадта
Кездескен достарын,
Ауылға шақырып,
Бастарын қосқанын,
Бауырдай бір туған
Жасаған жоспарын,
Елім деп елжіреп,
Көтерген тостарын,
Мен бүгін еске алдым...
Соғыста шыңдалып,
Бауыржан шықты ғой,
Хас дұшпан дірілдеп,
Тізесін бүкті ғой.
Бабалар батасын
Алған Ол – мықты ғой.
Асқақ рух иесі,
Қонған соң киесі
Бар әлем ұқты ғой...
Намысын берместен,
Жандырған шоқтарын,
Арпалыс сын сәтте
Оранып от-жалын,
Дәл көздеп жауына
Әр атқан оқтарын,
Көкеміз Әбуге
Дауылдың соққанын,
Қыршыннан қиылған
Жауынгер көп дарын...
Анадай аңырап,
Соларды жоқтадым.
Отаным болмаса,
Менің де жоқ бағым.
Жас ұрпақ көрмесін
Соғыстың соқпағын.
Тағзым ет жаныңда,
Аялдап тоқтағын.
Өшіре көрмеңдер,
Мәңгілік оттарын. Тағдырыма ризамын Қыран болып қалықтадым,
Шағаладай шарықтадым.
Армандаудан жалықпадым, ризамын.
Араладым қырларымды,
Жырға қостым сырларымды.
Қызың еттің бір дарынды, ризамын.
Бауырларым – қанаттарым,
Қандай биік талаптарың.
Туған жерім жәннат-бағым, ризамын.
Асыл жарым күн секілді,
Немерелер гүл секілді.
Ішім толы нұр секілді, ризамын. Бір адам Қорғаушымсың оқтай жауар сөздерден,
Сақтаушымсың, пәле-жала көздерден.
Пенделікпен құбылғанмен кей достар,
Сен жоқсың ғой, асыл жарым, өзгерген.
Әлі қанша қарсы аламыз таңдарды,
Әлі қанша аралаймыз бақтарды.
Сабырлықпен байыптайтын мінезің,
Мені-дағы көп қатерден ап қалды.
Ақын деген сүйіктісі Тәңірдің,
Жүрмейтіні сондықтан ғой әмірдің.
Қасиетті күте алсаң бақ қонар,
Қалыппенен соғысындай тамырдың.
Сен сенген соң қанатымды қағамын,
Сен сүйген соң құлпырамын, жанамын.
Аялайсың, жырла дейсің армансыз,
Талпынамын, қалай үнсіз қаламын?!
Ақын қыздар аз емес қой жылаған,
Бір Алладан бақыт бер деп сұраған.
Теңдесі жоқ ару етер сені де,
Жүрекпенен түсінгені бір адам. Сақта Құдай Ойламаймын күйкілік дау екен деп,
Жасқанбаппын жаманды жау екен деп.
Есіл өнер елеусіз қалмасын деп,
Астанаға бет бұрдым тәуекел деп.
Сарыарқаның тыныстап самалынан,
Жырлар ұшты ақынның қаламынан.
Қазақ елім мәңгілік жасай берші,
Сақта, Құдай, айлакер амалынан. Дәм (келінім Динаға) Сенің дәмің бойыма қуат берген,
Сенің дәмің бойыма шуақ берген.
Шаңырақтың киелі қасиеті,
Көтереді, емеспін құлап көрген.
Күш алуға келген-ем шараланып,
Бағдарлауға бағытты қарап анық.
Ақ жаулығы желбіреп сенің әпкең,
Топты жарып келеді дараланып.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді