Балғын полиглоттар

Балғын  полиглоттар
ашық дереккөз
Балғын полиглоттар

«Ертөстік» балабақшасында тәрбиеленуде

Тараз қаласындағы №35 «Ертөстік» балабақшасының инновациялық бағыттағы ғылыми-педагогикалық эксперименттік жұмыстарды жүргізуіне толық мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, мектепке дейінгі мекеменің ғимараты мен ауласы кең, арнайы жер телімі бар, жеке кабинеттері мен топ бөлмелері керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Педагог кадрлардың құрамы да жақсы жасақталған. Кәсіби тұрғыда шыңдалған тәжірибелі педагог-психолог, орыс және ағылшын тілі жетекшілері мен музыка, дене шынықтыру нұсқаушылары жұмыс істейді. «Балабақша жағдайында көптілділікке тәрбиелеудің педагогикалық-психологиялық аспектілерін» енгізуге эксперименттік алаңды белгілеуде сала басшыларының таңдауы біздің мекемеге түскені де сондықтан. Сынақ кезеңі 2013-2017 жылдарды қамтиды. Бұл негізінен ғылыми-педагогикалық эксперименттік жұмыс болғандықтан күтілетін нәтиже де жоғары. Ал оған қалай қол жеткізуге болады? Алдымен, арнайы бағдарламалар әзірленіп, оны тәжірибеге енгізу және тарату қажет. Бірінші кезекте, әрине, ғылыми бағыт-бағдар беретін кеңесшілер тартылуы керек екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін біз балғын полиглоттарды оқытып-тәрбиелеу үрдісінде бүгінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушы-ғалымдарымен сабақтастық байланыс орнатып отырмыз. Алдын ала жасасқан келісім-шарттар бойынша ТарМУ-дың «Психология және педагогика» кафедрасының доценті педагогика ғылымдарының кандидаты Р. Керімбаева эксперименттік жұмысқа ғылыми кеңесші болып бекітілді. Сондай-ақ, пединституттың «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» факультетінің студенттері «Ертөстікте» кәсіптік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Жаңа бағытта жұмыс жүргізу үшін арнайы шығармашылық топ құрылды. Педагогикалық сынақтың ғылыми негіздемесі даярланды. Эксперимент алаңындағы оқыту-тәрбиелеу үдерісін ұйымдастырып-жүргізуші – балабақшаның инновация әдіскері М. Балтабаева. Ол – республикалық «Үздік жыл әдіскері» байқауында «Креативті әдіскер» аталымын жеңіп алған білікті маман.

Алма Ережепбаева, №35 «Ертөстік» балабақшасының меңгерушісі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар