Мағжан ақын айтқан ертүріктің бесігі – киелі Түркістаннан бастау алған Тайқазанның көшірмесі Жамбыл жеріне келіп жеткенін газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Тоқшылық пен береке-бірлік белгісіне айналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: 20 ізгі іс» эстафетасының басты символы екі күн ішінде облысымыздың алты ауданын аралап, Тайқазан іші қайырымды істермен толыға түсті.
Нақтырақ тоқталар болсақ, оннан астам ұлт өкілін топырағына тоқайластырған Мойынқұм ауданы эстафетаға тыңғылықты дайындықпен келгені аңғарылып тұрды. Аудандық Мәдениет үйіндегі көрме өңірдің барлық саласындағы жетістігін паш етті. Мұнда тіпті жыл басталғалы атқарылған қайырымдылық шаралары қабырғаға ілінген билбордқа тегіс тізіліпті. Онда қарттардың ауласын күл-қоқыстан тазартудан бастап, соғыс және еңбек ардагерлеріне тегін шаштараз, монша қызметтерін ұсыну, ауыз су жүйесін кіргізу, үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тегін сексеуіл отынын түсіруге дейін жазылыпты. Қайырымдылық шаралардан көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да ұмыт қалмаған.
Ал мерекелік шара барысында «Хантау» ЖШС, «Мыңарал» цемент зауыттары, «Айқын» шаруа қожалығы, «Нұр Отан» партиясы Мойынқұм аудандық филиалы көп балалы, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген он отбасына тоңазытқыш, теледидар, кір жуғыш машина, газ плитасы сынды бағалы сыйлықтар тапсырды. Тізбек бойынша бағытталған эстафетаны Шу ауданы қақпасының алдында көпшілік мерекелік екпінде күтіп алды. Іс-шараға қатысушылар игі істер легін жалғау мақсатында алдымен Шу қаласындағы А.С.Макаренко мектеп-интернатына тартты. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова оқушыларға эстафетаның мақсатын, Тайқазанның қадір-қасиетін түсіндірді. Ал құрылысы басталғалы тұрған «Тараз химиялық паркі» зауытының өкілдері балаларға мектеп құрал-жабдықтарын, жергілікті кәсіпкерлер палатасы жемістер үлестірді. Мұнан соң аудан басшылығы мен эстафетаны табыстаушы топ 7 жылдан бері сүйек ауруына шалдыққан 9 жасар Әсет Селантьевтің үйінде болып, оған «Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы, «Сауда-сервис» ЖШС басқарма төрағасы Владимир Лыткин киім-кешектер мен ұялы телефон сыйға тартты. Бұл күні 112 жасқа келген Темір Гасанов қарияның шаңырағы да қуанышқа кенелді. Аудандағы «Бахар» сауда орталығының демеушілігімен бұл отбасы теледидарға ие болды. Бұдан кейін аудан орталығы Төле би ауылындағы Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясына аудан әкімі Бақытжан Нұркенов бастаған топ бейбітшілік белгісі ретінде ақ қайыңдар отырғызды. Ал Меркі ауданындағы қайырымды істер бастауы аудан орталығындағы Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлеріне арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қоюмен бастау алды. 43 ұлттың өкілі мекен ететін Меркіде көп балалы аналарға құрмет көрсетіліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды. Тұрар Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылында да өңір басшылары мен эстафетаны табыстаушы топ игі істі ағаш көшеттерін отырғызудан бастады. М. Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің алдында өткен мерекелік іс-шарада аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне азық-түлік себетін таратып, жастарға жұмысқа орналасуға жолдама берді. Байзақтықтар болса бұл күні ауа райының күрт жылынуын қасиетті Тайқазанның өңірлеріне келуімен байланыстырып жатты. Аудан орталығындағы Астананың 10 жылдығы атындағы саябаққа жиналған жұрт та эстафета символын өз көздерімен көріп, суретке түсуге асықты. Мерекелік шарада аудан әкімі Мұратхан Шүкеев ізгі істер жыл басынан бері үзілмей келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 450 мың теңгеге азық-түлік себеті беріліп, 6 анаға 100 мың теңгеден, соғыс ардагерлеріне демеушілер тарапынан 20 мың теңгеден үлестіріліп, тегін медициналық тексеруден өткізілгенін айтты. Барлық ардагердің үйіне «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады» деген тақтайшалар ілінгенін жеткізді. 800 бала киім-кешекпен қамтылғанын атап өтті де, түрлі байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүрген жастарға, көп балалы аналарға арнайы сыйлығын тарту етті. Екінші күннің кешіндегі соңғы нүкте – Жуалы ауданының орталық алаңына күннің суықтығына қарамастан, халық көптеп жиылыпты. Барлығын біріктіріп отырған республикамыздың сан түкпірін аралап келе жатқан Тайқазанды көруге деген құлшыныс пен қызығушылық болса керек. Бірліктің, қайырымдылық пен достықтың тойына айналған мерекелік шарада аудан әкімі Батырбек Құлекеев С. Оқаповқа мұғалімдік қызметке орналасуға жолдама берді. Ұлы Отан соғысының екі ардагеріне 100 мың теңгеден табыстады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өз қалауларына орай, біріне кілем, екіншісіне планшет тарту етті. Аудан әкімі жыл басынан бері Жуалыда жасалған игі істер тізбегіне тоқталды. Эстафета аясында жасалған қайырымдылық істердің соңы қай ауданда болмасын, түрлі ұлт өкілдерінің, еңбек ұжымдарының, мектеп оқушыларының қатысуымен ұлан-асыр мерекелік іс-шараға ұласып жатты. Әсіресе, сан түрлі ұлт өкілдерінің белсенділігін айқын аңғардық. Олардың шын көңілмен шырқаған әндерінен, шаттана билегендерінен-ақ бүкіл қазақ халқына, Қазақстан жеріне, Елбасына деген алғыстары мен ризашылықтарын сезінгендей күй кештік. Еліміздің өсіп-өркендеуі үшін олар тек сөздерімен, істерімен ғана емес, шын жүректерімен ниеттесе отырып үлес қосып жатқандығының куәсі болдық. Сондықтан да ұлан-ғайыр қазақ жерінде татулық пен бейбітшіліктің салтанаты бұдан әрі тек нығая түсетініне бек сенімді күйде аттандық. Ал бірлік пен бейбітшілік бар жерде мейірімділік орнап, қайырымдылық істері қашанда жалғаса берері сөзсіз.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, "Ақ жол".
Мойынқұм-Шу-Меркі-Т.Рысқұлов-Байзақ-Жуалы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді