«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баспанамен қамтуда бассыздық болмасын

Баспанамен қамтуда  бассыздық  болмасын
ашық дереккөз
Баспанамен қамтуда бассыздық болмасын

Облыстық прокуратурада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы және тұрғын үй қатынастары туралы заңнама талаптарының орындалуы бойынша селекторлық режімдегі алқа мәжілісі болды. Мәжіліске облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов төрағалық етіп, оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат қатысты.

Алқа мәжілісінде алдымен тақырыпқа сай түсірілген бейнекөрсетілім көрсетіліп, облыстық прокуратура 1-басқармасының бастығы Бекзат Сейілханның хабарламасы тыңдалды. Б.Сейілхан өз хабарламасында облыстық прокуратурасының биылғы 1-тоқсанға арналған жұмыс жоспары негізінде 2013-2014 жылдың қорытындысы бойынша «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы және тұрғын үй қатынастары туралы заң талаптарының орындалуына жүргізілген тексерудің қорытындыларына тоқталды. Анықталғандай, облыс көлемінде коммуналдық және жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруға бюджеттен 2013 жылы 1 миллиард 848 миллион 990 мың, 2014 жылы 1 миллиард 716 миллион 699 мың теңге бөлінген. Бұрнағы жылы халыққа 6 көп қабатты тұрғын үй берілуі тиіс болатын. Бірақ, төрт-ақ үй берілген. Былтырғы жылы да 8 тұрғын үй берілуі тиіс еді. Алайда, 3 үйге ғана тұрғындар қоныстанған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыс аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж 12098 адам кезекте тұр. Осы салада жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың тарапынан мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтардың заңды құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстары белгіленген талаптарға сай еместігін тексеру нәтижесінде айқындалып отыр. Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны М.Мамаеваның иелігіндегі «Жайлау» мөлтек ауданы №6 үйдегі 89-пәтердің 2006 жылдың 5 қаңтарында сатқаны анықталған. Алайда, оған кезегі заңға сәйкес кейінгі шегерілудің орнына тұрғын үй комиссиясының 2014 жылғы 7 маусымдағы №7 хаттамасы және Тараз қаласы әкімінің 2014 жылғы 14 шілдедегі №591 қаулысы негізінде «Бәйтерек» мөлтек ауданы, №35 үйдегі 48-пәтер берілген. Сондай-ақ Сарысу аудандық тұрғын үй комиссиясының 2014 жылғы 12 желтоқсандағы №12 хаттамасына сәйкес, кезекте мүлдем болмаған және ешқандай санатқа жатпайтын 2 азаматқа қызметтік пәтер беру туралы шешім қабылданған. Жалпы алғанда прокурорлық тексеру нәтижесімен анықталған кемшіліктер бойынша 8 заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілген. Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеге орай Тараз қаласының, Сарысу және Талас аудандарының әкімдері Нұржан Календеров, Қанатбек Мәдібек, Болат Рысмендиев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары Қуат Иманәлиев, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов есеп берді. Алқа мәжілісін қорытындылаған облыс прокуроры Е. Сыбанқұлов Елбасының басты назарында тұрған халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне салғырт қарап, кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қатаң ескертті.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар