«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғұламаның қолтаңбасы

Ғұламаның қолтаңбасы
ашық дереккөз
Ғұламаның қолтаңбасы

13Былтыр ғана дүниеден озған, аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде еңбек етіп, арасында бірер жыл облыстық «Еңбек туының» Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі болған, бар ғұмырын журналистикаға арнап өткен Қырықбай Мақаметжанов ағамыз басқаға құнтсыз болса да, кітапқа келгенде ұқыпты-ақ еді. Үйіндегі кең залдың бір қабырғасын тұтас алған сөрелерде өмір бойы жиған-тергені –жұқалтаң кітапшалардан бастап қалың-қалың томдарға дейін сол күйі қаттаулы тұр. Арасында алтынға да айырбастамас аса қастерлілері де аз емес. Солардың бірі – Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы бар кітап.

...1957 жылы Қырықбайдың КазГУ-дің филфагының журналистика бөлімінде екінші курста оқып жүрген шағы екен. Айтпақшы, ол газетіміздің ардагері Рахметілда Құдабаевпен курстас болған. Жиырмадағы сұңғақ бойлы келісті жігіттің бар есіл-дерті – оқу. Сабақтан әсте қалмайтын, студенттер қауымы, әсіресе, М. Әуезовтің лекциясы дегенде, ішкен асын жерге қоятын. Университеттің өзге факультеттерін былай қойып, басқа институттардан да тыңдармандар келіп, филологтармен иін тіресіп, аудиторияда ине шаншыр жер қалмайтын. Ұлы ұстаздың дариядай мол білімінен сусындауға бәрі құштар. Одан қалса, лекциядан соң да дәлізде соңынан шұбап сырттағы есік пен төрдей қара ЗИМ-ге мініп, жүріп кеткенінше қарап тұратын. Кемеңгердің көлеңкесі де ыстық көрінеді, оның әлдекіммен бас изесіп амандасқаны, күлгені, бұрылғаны, жүргені – бәрі-бәрі қызық. Сондай бір сәтте біздің Қырекең де Әуезовті өкшелей аудиториядан ілесе шығады ғой. Жазушы корпустың екінші қабатынан түсіп, бұрыштағы шағын буфеттің алдына аялдайды. Қырықбай оны он қадамдай жерден бағып тұрады. Мұхаң сатушыға үш сом ұсынып әлдене сатып алмаққа ыңғайланса керек. Жазушының не сатып алғанын аңғармайды, мұның екі көзі әлгі ақшада болады. Әуезов ұзай бергенде-ақ, дереу буфетке жетіп барады.

– Андағы үш сомды маған бере қойыңызшы, орнына мынаны алыңыз, – деп сатушыға қалтасынан бес сом суырып ұсынады. Айына 23 сом стипендияны талғажау ететін қаратабан студенттің мына қылығын пайымдайтын сатушы қане, пайда көріп ақшаны айырбастай қояды. Сөйтсе, бұлардың дабырын құлағы шалған жазушы сонадай жерден бұрылып қарап тұр екен. Үш сомды алып төлқұжатының арасына салып жатқан мұны дауыстап өзіне шақырады: – Әй, сен бері келші, бері. Бұл ақша саған не үшін керек болды? – Сіздің қолыңыздан шыққан соң «Әуезовтің ақшасы» деп сақтап жүрейін дедім. – Өзің кімсің, қайда оқисың? – Күнде лекцияңызды тыңдап жүремін, болашақ журналист едім... – Пәлі, өзің дұрыс бала көрінесің, – деп бастан-аяқ бұған біраз сынай қарап тұрады да: – Онда ұстазың Қабдолов ертең біздің үйге келмекші, бірге ілесіп келе ғой, бір кітап берейін саған, – дейді. Ол кезде Зейнолла Қабдоловтың әлі ғылым кандидаты кезі, кафедрада оқытушы. Ертеңінде Қырағаң оған барып, «осылай да осылай, Мұхаң сізбен бірге үйге кел деді» дейді. Айтылған уақытта бұларды М.Төлебаев көшесіндегі үйінде (қазір «Әуезов үйі» мұражайы) Мұхаң мен зайыбы Валентина Николаевна қарсы алады. – Е-е, мынау кешегі бала екен ғой, кітап беремін деп уәде етіп едім, – дейді жазушы жайдары жымиып. Қырағаң болса өң мен түстің арасындағыдай бір таңғажайып халде өзі талантына табына қастерлейтін ұлы ұстазының дастарханынан дәм татады. Айнала бай жиһаздан көзі тұнып, мол ас-ауқаттан не ішіп не қойғанын білмейді. Мұхаңның «Інім Қырықбайға» деп қол қойып тарту еткен кітабын қолтығына қысып, төбесі көкке екі елі тимей жатақханаға оралғаны есте. – Ал әлгі буфеттен алған үш сомды қайттіңіз, жұмсап жіберген жоқсыз ба? – дейміз әзілдеп. – Жоқ. Қанша қысылғанда да ол ақшаны жұмсамай, бірнеше жыл кітап арасына салып бойтұмардай сақтап жүріп, кейіннен жоғалтып алдым. Ал ұлы суреткердің өз қолтаңбасы бар кітап: М. Әуезовтің таңдамалы шығармаларының 1956 жылғы басылып шыққан бесінші томы болатын.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,  «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар