«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірлік бізге бұрынғысынан да құнды

Бірлік бізге бұрынғысынан да құнды
ашық дереккөз
Бірлік бізге бұрынғысынан да құнды

21Алдияр ТҮСІПОВ, Тараз қаласының Құрметті азаматы.

«Дана мемлекет мыңдаған жыл өмір сүреді» деген тәмсіл бар. Осы бір оймақтай сөздің тереңіне ой жүгіртсек, сол даналықтың бірнеше жылдық қажырлы еңбек пен қаймағы бұзылмаған теңдесі жоқ бірліктің арқасында мүмкін болғандығы анық. Нақ осындай сындарлы стратегия біздің елімізде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жасалып жатқанын өзіміз көзімізбен көріп, шарапатын сезініп жүрміз. Елбасы жүргізіп отырған саясат шын мәнінде біздің халқымыздың ортақ мүддесімен сәйкес келеді. Сондықтан болса керек, елімізде мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізуге қатысты ой-пікірлер халық арасында қызу талқыға түсуде. Әуелі осы ұсынысты ортаға салған Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің үндеуіне құрметпен қарауға тиіспіз. Бұл көпұлтты Қазақстан халқының Мемлекет басшысының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері мызғымас татулықты ту етіп келе жатқан көреген саясатына деген құрметі, атқарылған ерен еңбегінің жемісі деп білеміз. Елімізде президенттік сайлау өткізу бұған дейін белгіленген бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, ел экономикасының өсімін одан әрі қамтамасыз ететін болады. Әлемде белең алып отыратын жағдаяттардың барысын күні бұрын бағамдап, елімізді сол қалтарыстардың қақпанынан үнемі тыңға түскен түрендей жол тауып алып шыға білетін Елбасымыз да мемлекетіміз үшін мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізіп алудың қаншалықты тиімді екендігін бірден бағамдай қойып, сайлау өтетін күнді белгілеп Жарлығын шығарды. Мерзімінен бұрын келген саяси науқанға қатысты өзінің үндеуін халыққа жария етті. Теледидардан Елбасымыздың үндеуін тыңдап отырып, ерекше әсерге бөлендім. Сол кезде Елбасымыз тәуелсіздіктің жиырма үш жылы бедерінде еліміз қандай белестерді бағындырғанын әсерлі жеткізді. «Өткен 23 жыл – біз үшін ғасырға бергісіз жылдар. Кезең-кезеңімен жүргізілген тұрақты саясаттың арқасында біз бүгінгі белеске көтерілдік. Қазақ қазақ болғалы қазіргідей төрт құбыласы түгел, қуатты елге айналып көрген емес. Біз бүгін қариясы қамсыз, азаматы алаңсыз, ұрпағы уайымсыз елдердің қатарына ұмтылдық. Біз үшін көк аспанымыз ашық, көк байрағымыз асқақ болғаннан артық мәртебе жоқ» деді Елбасы үндеуінде. Сөзінің түйінінде Мемлекет басшысы мұның барлығы бірліктің арқасында мүмкін болып отырғанын да қадап айтты. Бірлік бізге бұрынғысынан да құнды екендігіне ерекше тоқталды. Елбасының әрбір сөзін мен ұдайы қуаттаймын. Межелі мерзімі келгенде, мен де өз отандастарыммен бірге сайлауға қатысып, елімнің ертеңгі болашағы үшін өзімнің таңдауымды жасаймын. Барша халқымызды осы саяси науқаннан тыс қалмауға шақырамын.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар