Төлепбек ИСАЕВ, «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалының директоры.
«Қазфосфат» ЖШС-ның Тараз қаласындағы «Минералды тыңайтқыштар зауыты» – өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі. Соғыстан кейінгі ауыртпалыққа қарамастан 1950 жылдың қыркүйегінде-ақ бірінші суперфосфат цехы ретінде пайдалануға берілген зауыт жұмысшылары бүгінде үлкен ұжым болып ұйысып отыр. Ел Президентін сайлауды кезектен тыс өткізейік деген пікірге біз де үн қоспақпыз. Шыны керек, геосаяси қауіпсіздік пен сыртқы экономикалық қарым-қатынас ахуалдың күрделеніп тұрғаны бізді ойлантпай қоймайды. Сондықтан, осындай сын сағаты туған шақта ел тізгінін берік ұстап, айрандай ұйытатын мемлекет басшысын қауіпке қарсы тұрар сәтте сайлап алудың маңызы зор. Ашығын айтқанда, айналаның тыныштығы бұзылды. Дүниені дүрбелең жайлады. Үлкен қақтығыстардың қаупі де байқалады. Әлемдік қоғамдастықтың мүшесі болғандықтан Қазақстан әлем елдерімен жан-жақты қарым-қатынаста. Демек, сыртқы жағдай ушығып тұрғанда еліміздің тасада тұрып бақылап отырғаны жарамас. Сондықтан, Елбасының дағдарыс пен өзге де саяси қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында шұғыл қолға алып жатқан маңызды шаралары түптеп келгенде елдің қамы, амандығы. Яғни, татулығы бұзылған, бір-бірімен бейбіт мәмілеге келе алмай, қырық пышақ болып, одан қалса санкциялық соғысқа көшіп отырған әлем елдерінің салқыны біздерге де келіп жатыр. Қазақ елі бұл үлкен қауіптен сақтанып, алдын алмаса болмайды. Әлем экономикасы әлі дағдарыс кезеңінде тұр. Көптеген маңызды тауарларға деген сұраныс азайып келеді. Мұның салдары мұнай бағасы мен түрлі металл бағасын айтарлықтай төмендетті. Бұл біздің экономикамызға да өз әсерін тигізбей тұрмайды. Сондықтан, еліміз сезініп отырған осы қауіптердің алдын алатын ауқымды шаралар жүргізетін шешім қабылдап, өзіне және өз ісіне сеніммен қарайтын басшы керек. Әрине, ондай мемлекет басшысы бізде бар. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақстанның әлемдік экономикадағы күрделі жағдайларды еңсеруіне Елбасымыз жобасын жасаған «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жәрдемдеседі. Қазіргі таңда экономикамызды әртараптандыру мақсатында индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру қолға алынуда. Осы мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін Президенттің жеке бақылауы мен қатысуы ауадай қажет. Өйткені, олардың бастамашысы да Елбасының өзі. Бизнес жақсы даму үшін тұрақты экономикалық бағыт пен саяси кепілдік қажет. Өмір көрсеткендей, көптеген дамушы елдерде президенттік сайлаулардың алдында инвесторлар әдетте қандай да бір мерзімге тайм-аут алады. Себебі, елдегі саяси ахуал қай арнамен кететінін ешкім болжап біле алмайды. Шүкір, біздегі сайлауды уақытынан бұрын өткізу бастамасы инвесторларға сенімділік ұялатары анық. Сайлаудың биыл өтетіні оларға одан әрі сенімді түрде жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Елін сүйген ер болса, ол – Елбасы. Мемлекетіміздің күні бүгінге дейінгі қол жеткізген толағай табыстары мен тірлігі, әлденген әлеуеті мен қарыштап дамыған экономикасы – Елбасының елді ұйыта білген ерен еңбегінің жемісі. Бұл – елін сүйгеннің көрінісі. Ел ертеңі мен баянды болашағының жолында алдынан тіке шыққан талай тәуекелге барған Нұрсұлтан Әбішұлының батылдығын батырлыққа балаймыз. Өйткені, Елбасы – еліміздің саяси беделін, белсенділігін көтеріп қана қоймай мемлекетіміздің қанат жаюы жолында жанкешті еңбегімен тарихқа жазылған тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлының жуырдағы Үндеуін теледидардан тыңдай отырып осындай ой түйдім. Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді