«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ашық есік күні» өткізілді

«Ашық есік күні»  өткізілді
ашық дереккөз
«Ашық есік күні» өткізілді
1 наурыз – «Нұр Отан» партиясының құрылған күні. 1999 жылы «Отан» деген атаумен өмірге келген партия осы жылдар аралығында еліміздегі ең ықпалды, беделді әрі жетекші саяси құрылымға айналды. Ел дамуына тың серпін берген партия бүгінде жарқын болашаққа бастайтын жасампаз жобаларды жүзеге асырып, отандастарымыздың сеніміне ие болды. Партия аумақтық филиалдарында қоғамдық қабылдау қызметі мен «Ашық есік күні» шараларының да жолға қойылуы бұқарамен берік байланыстың артуына негіз қалады.  Кеше «Нұр Отан» партиясының құрылу күніне орай еліміз бойынша бірыңғай «Ашық есік күні» шарасы өтті. Шара аясында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев филиал ғимаратында қоғамдық қабылдау жүргізді. Қабылдауда ең әуелі Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Плугиннің өтініші қаралды. Майдангер денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған. Дегенмен де, ардагердің тұрғын үйінің қабырғаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы өтініші назарға алынып, облыс басшысы қала әкімі Нұржан Календеровке тиісті тапсырма берді. Сарысу ауданындағы Жаңаталап орта мектебінің мұғалімі Дәмеш Тілеуова төрт бірдей баласының өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға ықпал етуді сұрай келіпті. Ұстаз-ана өзі шалғай ауылда жұмыс істегенімен, балалары қалада тұрады екен. Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселені де қала басшысына тапсырды. Өтініштің орындалуы тікелей өзінің бақылауында болатынын айтты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі Манат Тілебаев Байзақ ауданындағы құс фабрикасы қалдықтарын пайдалана отырып, экологиялық таза тыңайтқыштар мен жылу, электр энергиясын өндіруге субсидия беруді өтінді. Сол сияқты, Жамбыл ауданындағы «Алтын бұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Әбдірахим Қуанышбаев ойында жүрген агротуристік кешен құрылысына мемлекеттік бағдарламалар аясында несие берілсе деген ниетін жеткізді. Облыс басшысы бұл жобалардың тиімділігін зерделеу керектігін, егер өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына пайдасы тиетін болса қолдау көрсетілетінін айтты. Бұл бағытта облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тиісті тапсырма жүктелді. Осы күні, сонымен қатар, партия филиалының, Тараз қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Тараз» ЖШС, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғимараттарында республикалық «Әділет кеңес береді» акциясы аясында халықпен кездесу, қоғамдық қабылдау шаралары өткізілді. Көптің мүддесін көздеген акцияға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыстық әділет департаментінің басшылары, жеке нотариустар мен адвокаттар қатысып, тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар