«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Келеңсіздікке жол берілмейді

Келеңсіздікке жол берілмейді
ашық дереккөз
Келеңсіздікке жол берілмейді

Қарой ауылдық округінің аппараты облыстық «Ақ жол» газетінің 2015 жылғы 15 қаңтардағы №5 санында «Оқырман ой қозғайды» айдарымен жарық көрген «Спорт алаңы ма, әлде ит төбелестіретін орын ба?» атты мақалаға орай төмендегі хабарламаны жолдайды.

Қарой ауылдық округіне қарасты «Қала маңы» ауылындағы шағын футбол алаңы ауылдық округі әкімдігінің теңгерімінде, бұл шағын футбол алаңының құрылысы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2014 жылы салынып, қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Бұл шағын футбол алаңының қызметі ауыл тұрғындарын, оның ішінде, жастар мен жасөспірімдерді дене шынықтыру мен спортқа баулу, әлемдегі ең танымал спорт түрі футбол ойынын насихаттау болып табылады. Бұдан басқа заңға қайшы іс-шаралар өткізуге қатаң тыйым салынған. Алайда, Тараз қаласынан келген белгісіз біреулер, өткен айдың бір жексенбісінде шағын футбол алаңының құлпын бұзып, ит төбелесін ұйымдастырған. Бұл туралы жергілікті учаскелік полиция инспекторына хабарланып, ит төбелестіретін «қызыққұмарлар» тобы таратылды. Бұл ойынды ұйымдастырушылардың нақты кімдер екендігін сұралғандардың ешқайсысы да білмейтіндіктерін айтқан. Ауыл әкімі, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан бұған ешқандай да «рұқсат» берілмеген. Ұйымдастырушыларды іздестіру жұмыстары жалғастырылуда. Мақала авторының сауалдарына орай айтарымыз, шағын футбол алаңына жасанды көгал төсеу ісі ауыл жастарының күшімен, сенбілік ұйымдастыру арқылы қолға алынады. Осы іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу ауылдық округі штат бірлігіндегі спорт жөніндегі нұсқаушы-әдіскер жүзеге асыратын болады. Биылғы жылдың іс-шаралар жоспары аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімімен келісіліп, атқарылады. Алдағы уақытта, мұндай келеңсіз жайттар орын алмайды, спорт нысаны тек қана ауыл тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуына қалтқысыз қызмет көрсетеді деп айта аламыз.

Жандос БЕКБОЛАТОВ, Қарой ауылдық округінің әкімі.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар