Қиындықты еңсерудің бір жолы
Қазақстан халқы Ассамблеясының Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеуін теледидардан көрдік, баспасөзден де оқыдық. Менің ойымша, барша қазақстандықтардың бірлігін бекемдеп, уыздай ұйытып отырған Ассамблея Кеңесі мүшелерінің бұл бастамасы саяси салмағымен құнды. Ата заңымыз бойынша президенттік және парламенттік сайлаулар 2016 жылы қатар өткізілуі керек болған. Дегенмен, бүгінгідей әлемдік ахуалдың түрліше құбылуы орын алып отырған шақта бір жылда екі сайлауды қатарынан өткізу, ұйымдастыру жұмыстарының елге ауыртпалық салуы мүмкін екендігі ескерілді. Оның үстіне қос сайлауды қатар өткізу де Конституцияның кейбір қағидаттарымен сәйкеспейді екен. Осылайша еліміздегі ең басты сайлауды келесі жылға қалдырмай-ақ, биыл өткізу керек.
Сайлаудың мерзімінен бұрын өтуі экономикалық қиындықтарды да мерзімінен бұрын еңсеруге септеседі. Оны бүгінгі күннің талабы деп білемін. Бүгінде баршамыз әлем экономикасындағы тұрақсыздықтың куәсі болып отырмыз. Алдын ала болжам нәтижелері алдағы жылдардың оңайға соқпайтынын көрсетуде. Металл мен мұнай бағасы айтарлықтай төмендеді. Біздің елімізбен сауда-саттық қарым-қатынастағы мемлекеттерде де жағдай ушығып тұр. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл сыртқы экономикалық ахуалымыз күрт төмендейді деп күтілуде. Бұл жағдайлардан Қазақстан тыс қала алмайды. Экономикалық қиыншылықтардың біздің елімізді де айналып өтпесі анық.
Алайда, ел экономикасы қандай қиындық болса да төтеп беретініне сенімдімін. Елбасы бастамасымен дағдарысқа қарсы «Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан кең көлемді қолдау көрсетіліп, тың жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мемлекеттің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да өз жемісін берері сөзсіз. Бұл қолға алынып жатқан шаралардың барлығы еліміздің дағдарыс кезеңінен қиналмай өтуіне септеседі. Осы орайда, Елбасы сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс өте орынды көтеріліп отыр деп есептеймін. Себебі, Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу экономикалық қиындықтарды да мерзімінен бұрын еңсерудің төте жолы деп білемін. Егер сайлауды биыл өткізсек, келер жылы билік пен бизнес бірлесіп бар күшін экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсар еді.
Асан ҚОШМАМБЕТОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді