«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеңіс пойызы Мойынқұмда

Жеңіс пойызы Мойынқұмда
ашық дереккөз
Жеңіс пойызы Мойынқұмда

Облыс орталығынан 19 ақпан күні жолға шыққан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Жеңіс пойызы» Мойынқұм ауданына келіп жетті.

«Жеңіс пойызының» мақсаты облыс аумағындағы шалғай стансалар мен разъездерде тұратын ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері жасаған жарқын келешек жолындағы нәубеттері үшін алғыс айтып, ерліктерін кейінгі толқынға үлгі ету, оларды қамқорлыққа бөлеп, медициналық тексеруден өткізу, мерекелік көңіл-күй сыйлау болатын.

«Жеңіске тағзым» атты аФкция аясындағы бұл шара – алдыңғы барлық ауданды аралап, майдангерлер шаңырағына бас сұққан «Денсаулық пен қамқорлық» автокеруенінің заңды жалғасы. Мойынқұм ауданындағы Хантау, Қияқты, Бурылбайтал, Шығанақ, Мыңарал, Көшкен теңіз стансаларына аялдаған аталмыш пойыз ауыл тұрғындарына әннен шашу шашып, денсаулықтарын тегін тексерістен өткізіп, тұрақтандыру қорынан бөлінген төменгі бағамен азық-түлік өнімдерін саудалады. Бөлінген бекеттерде 1 сағаттық кідірістерде картоп, пияз, күріш, ұн, сұйық май, қант секілді қажетті өнімдер көпшіліктің қызу сұранысына ие болды. Сауда барысында Мойынқұм ауданындағы 6 бекетте 5 тонна картоп, 3 тонна сәбіз, 2 тонна пияз, жарты тонна күріш, 4 тонна ұн сатылды. Онан бөлек облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бас маманы А.Құрманов бастап келген бір топ ақ желеңді абзал жандар мен облыстық филармонияның күміс көмей әншілері халық қызметіне жарады. Игі мақсаттағы пойызды Шығанақ бекетінде майдангер қарт Сағаш Әбдіров қарсы алып, осынау шараға ұйытқы болған облыс басшысына үлкен ризашылығын білдірді.Әнші ұл-қыздарының өнерін тамашалады. Бұл бастамаға алғысын айтқан біршама мойынқұмдықтар да табылды. Олардың пікірінше, осындай шаралар мереке даңқын асқақтатып, 70 жылдықты лайықты түрде атқаруға серпін қосады. Әрі ымырасыз ынтымақтың себебімен отандастар мол жақсылықтармен қауышады. Тәуліктің тең жартысына жуық жол жүрген үш вагон үмітті ақтады. Жергілікті жұртшылыққа шат-шадыман көңіл-күй сыйлап, денсаулықтарын тексеріп, тиісті нұсқаулар берді. Мойынқұм ауданындағы межелі мұратқа қол жеткізген «Жеңіс пойызы» Қордай ауданын бетке алды.

Байжан Емберді, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар