ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА

ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ  ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА
ашық дереккөз
ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ОҚИҒА

17Еліміздегі Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы бастаманың көтерілуі жайдан-жай айтылған дүние емес. Оның да өзіндік себептері баршылық. Сондықтан сайлауды ел болып қолдауымыз керек. 

Әрине, дүниежүзінде белең алып келе жатқан дағдарыс елімізге де салмағын салуы мүмкін. Сондықтан, келген қаржылық қауіптен қиналып қалмау үшін Елбасы бастап, Үкімет қостап қажетті тетіктердің алғашқылары қолданылып жатыр. Қолда бар ақшаның қадірін түсінгеніміз абзал. Сол үшін бюджет қаражаттарын да үнемдеу туралы нақты шешім де қабылданды. Ертеңін ойлаған ел осындай қадамға баратыны сөзсіз. Ол үшін әрине, біз сол айтылған идеялардың, бастамалардың төңірегіне топтасып, мынандай қиын шақта бірлігімізді көрсетуіміз керек. Президент сайлауы да қиын шақта алға қойған негізгі міндеттерді нақтылап, пысықтап алу үшін жасалып алған қадам деп түсінген жөн. Тарихы сонау 1961 жылдан басталатын Қордайдағы былғары өңдеу комбинатында бір кездері мыңдаған адам еңбек етті. Талай отбасы осы жерден өз нәсібін тапты. Бүтін бір ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылды. Алайда, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары егемендікке қолымыз жетіп, Одақтан еншімізді алып шыққан шақта көппен бірге бұл зауыттың да тұралағаны жасырын емес. Сол кездегі жұмысшылардың жұмыссыздықтың ащы дәмін татқаны бүгінде тарихқа айналған сол жылдардан белгілі. Жұмысшылардың басым бөлігі ауылды тастап, қалаға үдере көшті. Дегенмен, дәл қазіргі жағдайымыз сол тоқсаныншы жылдардағыдай емес. Экономикамыз қуаттанған. Жұмыссыздық мәселесі бірнеше мемлекеттік бағдарлама бойынша реттеліп жатыр. Өндіріске, бизнеске жан-жақтан инвестициялар тартылуда. Сондықтан біз қалай да болмасын дағдарысқа төтеп беруіміз керек. Ол үшін ең алдымен ысырапшылдыққа жол бермей, қаржы үнемдеуіміз қажет. Алайда қаржы үнемдеу керек екен деп, жұмыс күшін азайтуға болмайды. Шамамен 40-қа жуық өнім өндіріп отырған біздің комбинатта бүгінде 250-дей адам еңбек етуде. Осы еңбек күшінің арқасында біз өндірісте көптеген жетістікке жетіп отырмыз. Былтыр 500 миллион теңгенің өнімін өндірдік. Ол өнімдерімізді еліміздің және Белоруссия мен Украинаның, Ресейдің әскери құрылымдары мен ішкі істер органдары тұтынып отыр. Кезінде зауытты қайта жөндеп, өндіріске қосар кезде көп қиналғанымыз рас. Жұмысын тоқтатқан алып зауытты кім торуылдамады дейсіз. Көп бөлшегі қолды болған. Оның үстіне, комбинатты қолымызға алып, жұмысын жүргізе бастаған екі мыңыншы жылдары біз бәсекелестерімізден бірнеше жылға артта қалып кеткен едік. Сондықтан, өз күшімізбен мемлекеттің көмегімен көп жұмыс тындыра алдық. Қазір баяғыдай емес, Елбасының пәрменімен кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көп қолдау жасалып келеді. Несие алуда да жеңілдіктер қарастырылған. Соңғы жылдары бизнес пен кәсіпкерлік жолындағы көптеген кедергілермен күрес жүріп, ол да өз нәтижесін беріп келеді. Үкімет қолдау білдіріп, отандық өндірістің тынысын ашып жатқан кезде халық та отандық тауарларды тұтынып, өз үлестерін қосса, нұр үстіне нұр болады. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамаларын, ел үшін жасап жатқан қадамдарын қуана қолдаймыз.

Кеңесхан АХАЕВ, «Ырыс-Бақыт» ЖШС директоры.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар