«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қауіптің алдын алу – басты міндет

Қауіптің алдын алу – басты міндет
Автор
Облыс аумағында оба індетінің табиғи ошақтары облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және Жамбыл обаға қарсы күрес стансасының қатаң бақылауында. Бұл аумаққа маниторинг жүргізіледі және қажетті іс-шаралар уақтылы жүргізіліп отырады. Алайда індеттің сырттан алып келінуі де мүмкін. Сол себепті, жоспарға сай облыс аумағындағы «Әулие Ата» халықаралық әуежайында «Оба індетімен тіркелген науқасты оқшаулау» тақырыбында кешенді оқу-жаттығу шарасы өткізілді.

Іс-шараның басты мақсаты – халықаралық әуе қатынасы арқылы елімізге аса қауіпті инфекцияның енуіне жол бермеу және шұғыл жағдайда жауапты қызметтердің өзара іс-қимыл алгоритмін пысықтау.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша, Астана қаласынан ұшып келген ұшақ жолаушыларының бірінен аса қауіпті жұқпалы аурудың белгілері анықталған. Шартты науқастың дене қызуы кенеттен 40 градусқа дейін көтеріліп, жалпы денсаулық жағдайы күрт нашарлайды. Осы сәтте әуе кемесінің экипажы мен әуежайдың жауапты мамандары шұғыл іс-қимыл жоспарын іске қосты.

Санитарлық-карантиндік бақылау және басқа да мамандандырылған қызметтер бірлесе отырып, шартты науқасты жедел түрде оқшаулау шараларын жүргізді. Сондай-ақ, ұшақтағы өзге жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олармен байланыста болған тұлғалардың тізімін нақтылау және шұғыл хабарлама беру жүйесі жоғары деңгейде пысықталды.

Бұл маңызды жиынға облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, ұлттық сараптама орталығы филиалының облыстық мамандары, обаға қарсы күрес стансасы, медициналық ұйымдардың және төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жұмылдырылды.

Мамандардың айтуынша, мұндай практикалық жаттығулар кез келген эпидемиологиялық қауіп-қатерге заманауи тұрғыда және уақтылы төтеп беруге мүмкіндік береді. Өткізілген іс-шара – қатысушы қызметтердің жоғары дайындығы мен үйлесімді жұмысын көрсетті.

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар