Бұл – қандай қызметте жүрсең де, ісіңе адал болып, оны жан-тәніңмен атқарсаң, абыройың асқақтайтынын білдіретін терең ой. Президенттің «Біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деген сөзі де бос айтылмаған. Жұмысшы мамандықтары жылы аяқталса да, еңбек адамын құрметтеу, оның қоғамдағы беделін көтеру ісі жалғасын тауып келеді.
Еңбек – адамның ары, елдің ажары. Қай қаланың болсын көркі мен көрігі, ең алдымен, оның тазалығынан көрінеді. Жап-жасыл саябақтар, сыпырылған көшелер, ретке келтірілген аулалар – бәрі өзінен-өзі пайда болмайды. Оның артында күн демей, түн демей, ыстық пен суыққа қарамай адал тер төгіп жүрген жандардың еңбегі жатыр. Біз көбіне таза көшемен жүріп, көркейген гүлзарларға қарап сүйсінеміз де, сол тазалықтың кімнің қолымен жасалғанына мән бере бермейміз. Ал шын мәнінде, қаланың бет-бейнесін жасап жүрген – осындай қарапайым еңбек адамдары. Солардың бірі – «Жасыл ел» серіктестігінде он жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Тойжан Мақсатбайқызы.
Еңбек адамы деген сөзді естігенде көз алдымызға көбіне зауыттың жұмысшысы, егін алқабындағы диқан немесе мал соңындағы шопан елестейді. Әрине, олардың еңбегі – ел экономикасының іргетасы. Алайда қоғамның күнделікті тынысын қамтамасыз етіп отырған мамандықтардың аясы бұдан әлдеқайда кең. Қаланы жарықпен, жылумен, сумен қамтып отырған мамандар, қоғамдық көлік жүргізушілері, құрылысшылар мен тазалық қызметкерлері – бәрі де біздің тыныш әрі жайлы өмір сүруіміз үшін тер төгіп жүр. Олардың бірі ғана жұмысын тоқтатса, қаланың тіршілігі бір күнде-ақ ақсап қалары анық. Сондықтан еңбектің қай түрі болсын, құрметке лайық.
Ұлы Жібек жолының бойында бой көтерген Тараз – еліміздің ең көне қалаларының бірі. 2002 жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен қаланың 2000 жылдық мерейтойы аталып өткені белгілі. Қала мен оның төңірегіндегі Қарахан, Айша бибі, Бабаджа қатын кесенелері секілді тарихи ескерткіштер – бүкіл елдің мақтанышы. Осындай тарихы терең шаһардың көркін сақтап, тазалығын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік. Сондықтан көне қаланың көркін арттыруға үлес қосып жүрген жандардың еңбегі де – құрметке лайық еңбек.
Тазалық саласындағы жұмыс сырттай қарапайым көрінгенімен, оның жүгі ауыр, жауапкершілігі үлкен. Мұнда жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязы, көктемнің жауын-шашыны мен күздің жапырақ төгілген шағы – бәрі де жұмыстың бір бөлігі. Қала тұрғындары күнделікті тірлігіне асығып жүргенде, тазалық қызметкерлері көше мен аулаларды, саябақтарды ретке келтіріп үлгереді. Мұндай жұмыста жылдар бойы адал қызмет ету үлкен төзімділікті, шыдамдылықты және туған қалаға деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді. Тойжан Мақсатбайқызының «Жасыл ел» серіктестігінде жұмыс істегеніне он жыл толды. Он жыл – аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде ол тазалықты жай ғана міндет емес, өмірлік ұстаным деп таныды.
Кейіпкеріміз 1972 жылдың 29 наурызында дүниеге келген. Әңгіме барысында ол өзі туралы емес, ең алдымен отбасы туралы толғана сөйледі. «Отбасым – менің байлығым, өмірімнің мәні мен қуанышы. Сүйікті жарым, бір ұлым мен бір қызым, аяулы келінім және алты немерем бар. Ұлым мен қызымның қызығын көріп, немерелерімнің тәтті қылықтарына сүйсініп отырған бақытты ана, аяулы әже болғаныма шүкіршілік етемін», – дейді Тойжан Мақсатбайқызы. Осы бір ауыз сөзден-ақ оның жан дүниесінің жылылығы, отбасына деген ыстық ықыласы аңғарылады. Қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді. Еңбекқор ананың тәрбиесін көріп өскен балалар да ерте есейіп, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болуды бойына сіңіреді. Отбасының береке-бірлігі – адамның еңбектегі табысының да кепілі. Үйде жылулық пен түсіністік болса, адам жұмысына да жан-тәнімен беріліп, ісіне шабытпен кіріседі.
Қазақ отбасында ананың да, әженің де орны ерекше. Ана – шаңырақтың шырағы, отбасы жылуының сақтаушысы. Ал әже – ұрпақ тәрбиесінің ұйытқысы. Халқымызда немерені ата-әжесінің бауырына салып өсіретін дәстүр бар. Әже аузынан естіген ертегі, бата, өсиет сөз баланың жадында өмір бойы сақталады. Еңбек ете жүріп, шаңырақтың ұйытқысы болу, бала-немересіне қамқорлық жасау – қазақ әйеліне тән қасиет. Тойжан Мақсатбайқызы да – осындай жандардың бірі. Ол бір жағынан жауапты жұмыстың жүгін көтеріп жүрген еңбекші болса, екінші жағынан шаңырағының берекесін сақтап отырған ана, алты немеренің аяулы әжесі. Отбасының қолдауы мен немерелерінің қуанышы – кейіпкеріміздің күш-қуатының қайнар көзі.
Тазалық саласында ұзақ жыл еңбек еткен жанның жастардың бүгінгі көзқарасы жөніндегі пікірі де назар аударарлық. Тойжан Мақсатбайқызының айтуынша, бұл мәселеде жастардың ұстанымы әртүрлі. «Қазіргі таңда тазалықты сақтауға жауапкершілікпен қарайтын, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатын жастар көп. Олар қоғамдық орындарды таза ұстауға, қоқысты арнайы жәшіктерге тастауға және табиғатты аялауға тырысады», – дейді ол. Шынында да, соңғы жылдары экологиялық акцияларға, сенбіліктерге, ағаш отырғызу шараларына белсене қатысып жүрген еріктілер, оқушылар мен студенттер аз емес. Бұл – қуанарлық жайт.
Дегенмен кейіпкеріміз кейбір жастардың тазалыққа немқұрайлы қарайтынын да жасырмайды. Оның айтуынша, көшеге қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластау сияқты әрекеттер қоршаған ортаға зиян келтіреді. Аялдамада ішіп болған сусынының бөтелкесін тастай салу, саябақтағы орындықтың жанына дән қабығын шашып кету, жол жиегіне қаптама лақтыру – бір қарағанда болмашы нәрсе секілді. Бірақ мұндай «болмашы» әрекеттердің зардабын күн сайын тазалық қызметкерлері жинайды. Біреудің бір сәттік салғырттығы өзгенің қосымша еңбегіне айналады. «Меніңше, тазалық – әр адамның мәдениеті мен тәрбиесінің көрсеткіші. Сондықтан жастарға тазалықтың маңызын түсіндіріп, оларды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу қажет. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Егер әрбір жас өз ортасының тазалығына жауапкершілікпен қараса, қоғамымыз да көркейе түседі», – дейді Тойжан Мақсатбайқызы.
Тағы бір ескеретін жайт – тазалық қызметкерінің еңбегіне деген көзқарас. Таңертең сыпырылған көшеге кешке қарай қайтадан қоқыс шашылып жатса, бұл – сол еңбекті елемеудің белгісі. Адамның мәдениеті оның өзгенің еңбегіне қалай қарайтынынан да көрінеді. Тазалық қызметкеріне жылы сөз айту, оның еңбегін құрметтеу, ең болмаса оның жұмысын қиындатпау – әрбір тұрғынның қолынан келетін іс. Ата-ана көлік терезесінен қоқыс лақтырса, бала да соны қайталайды. Керісінше, қоқысты қалтасына салып, жәшікке жеткенше көтеріп жүрген әкені, үйінің алдын күнде сыпырып қоятын ананы көрген бала тазалықты ешкім үйретпей-ақ бойына сіңіреді.
Тазалық туралы бұл ой халқымыздың дүниетанымымен де үндес. Ата-бабаларымыз тазалықты имандылықтың, мәдениеттің белгісі санаған. «Тазалық – саулық негізі» деген сөз де содан қалған. Қазақтың «Суға түкірме», «Көкті жұлма», «Бұлақ көрсең, көзін аш» сияқты тыйымдары мен өсиеттері ұрпақты табиғатты аялауға, туған жерді қастерлеуге баулыған. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз қонысынан көшерде жұртын тазалап кететін болған. Бұл – табиғатқа деген құрметтің, келер ұрпақтың қамын ойлаудың белгісі еді. Бүгінгі тазалық мәдениеті де сол асыл дәстүрдің заңды жалғасы болуы тиіс.
Қазіргі таңда тазалық мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдың көктемінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Президент: «Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе», – деп атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл бастаманың «бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес» екенін, жұмыстың тұрақты түрде жүргізілетінін ерекше айтты. Үкімет мәліметінше, 2024 жылы акцияға 6,2 миллион адам қатысып, 1,1 миллион тонна қоқыс жиналған, 1,6 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Бұл – халқымыздың туған жердің тазалығына бейжай қарамайтынының айқын дәлелі. Ал Тойжан Мақсатбайқызы сияқты тазалық саласының қызметкерлері үшін бұл – науқан емес, күнделікті кәсіп, тұрақты міндет. Олар үшін «Таза Қазақстан» – күн сайын жалғасып жатқан тынымсыз еңбек.
Болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыру – бүгінгі буынның басты парызы. Бұл туралы кейіпкеріміздің де айтары бар. «Болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыру үшін бүгіннен бастап қоршаған ортаны қорғауымыз керек. Қоқысты кез келген жерге тастамай, арнайы жәшіктерге салуымыз, ағаш отырғызып, суды үнемдеуіміз қажет. Сонымен қатар табиғатты ластамауға және жануарларға қамқорлықпен қарауға тиіспіз», – дейді ол. Оның пікірінше, әсіресе жастарға экологиялық тәрбие беріп, тазалықты сақтаудың маңызын түсіндіру маңызды. «Табиғатты қорғау – әр адамның міндеті. Табиғатты бүгін аяласақ, болашақ ұрпаққа таза әрі әдемі әлем қалдырамыз», – дейді Тойжан Мақсатбайқызы.
Бұл сөздердің астарында үлкен шындық бар. Табиғатты қорғау үшін үлкен лауазымның иесі болу шарт емес. Бір тал егу, ағып тұрған суды жабу, қоқысты орнына тастау, баланың қолынан ұстап, қағазды жерге тастамау керектігін ескерту – әр адамның қолынан келетін қарапайым іс. Алайда осындай кішкентай әрекеттер жиналып келгенде, үлкен өзгерістің бастауына айналады. Халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек» деген өсиеті де осыны меңзейді. Тазалыққа деген көзқарас бір күнде қалыптаспайды. Ол отбасынан, балабақшадан, мектептен басталып, адамның өмір бойғы әдетіне айналуы тиіс.
Еңбек адамы айтқан суды үнемдеу мәселесі де бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Су – тіршілік көзі. Оны ысырап етпеу, бұлақтар мен өзендерді ластамау – болашақ алдындағы жауапкершілік. Сол сияқты қоқысты сұрыптап тастау, пластикті азырақ қолдану да табиғатқа түсетін салмақты жеңілдетеді. Жерге тасталған пластик бөтелке ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы шірімей жатады. Демек, бір адамның бір рет тастаған қоқысы табиғатқа ұзақ уақыт зиянын тигізеді.
Әңгіме барысында кейіпкерімізге: «Егер басшылық орында болсаңыз, тазалықты неден бастар едіңіз?» деген сауал қойдық. Тойжан Мақсатбайқызы бұл сұраққа былай деп жауап берді: «Егер мен «Жасыл ел» ұйымында басшылық қызметте болсам, ең алдымен жастарды тазалық жұмыстарына жұмылдырып, қаланың көшелері мен саябақтарын тазалаудан бастар едім. Ағаш отырғызу, гүл егу және қоршаған ортаны қорғау шараларын ұйымдастырар едім. Сонымен қатар әр қызметкерге жауапкершілік жүктеп, жастарға үлгі көрсетіп, туған қаламыздың көркеюіне үлес қосар едім». Оның ойынша, тазалық – тәртіп пен жауапкершіліктің белгісі. «Таза Тараз – бәріміздің ортақ мақсатымыз!» – дейді ол.
Кейіпкеріміздің бұл жауабынан оның жұмысына жай ғана күнкөріс көзі ретінде емес, жанашыр көңілмен қарайтыны байқалады. Ол тазалықты жастардан бастауды ұсынады. Себебі жас буын бойына сіңген жақсы әдетті алдағы өмірінде де ұстанып, кейінгі ұрпаққа өнеге ете алады. Ағаш отырғызу, гүл егу секілді игі істерге араласқан жас өз қолымен еккен көшетті сындырмайды, өзі тазалаған саябақты ластамайды. Еңбектің қадірін өз маңдай терімен сезінген адам өзгенің еңбегін де бағалай біледі. Сонымен бірге кейіпкеріміз жеке үлгіге ерекше мән береді. «Жастарға үлгі көрсетіп» деген сөзінің астарында үлкен мағына бар. Басшы өзі іске араласып, қолына күрек алып, ағаш отырғызса, қол астындағылар да соған ілеседі. Үлгі – сөзден күшті.
«Еңбек жолыңызды қайта бастасаңыз, кім болар едіңіз?» деген сұраққа Тойжан Мақсатбайқызы: «Мұғалім мамандығын таңдар едім», – деп жауап берді. Бұл жауап та көп нәрсені аңғартады. Ұстаздық – ұрпақ тәрбиелеудің, жақсылықты үйретудің, адамның бойына ізгілік дәнін себудің кәсібі. Қазақ халқы ұстазды ерекше құрметтеген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де бекер айтылмаған. Кейіпкеріміз мұғалім болмаса да, өз ісі арқылы айналасына үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Жастарға тазалықтың маңызын түсіндіру, балаларды табиғатты аялауға баулу, бала-немересіне ізгі әдетті үйрету – мұның өзі де бір ұстаздық емес пе? Сөзбен айтылған ақылдан гөрі көзбен көрген өнеге әлдеқайда әсерлі. Сондықтан күн сайын адал еңбек етіп жүрген әрбір жан – өз ортасы үшін өмір мектебінің ұстазы.
Әңгіме соңында кейіпкерімізден жұртшылыққа айтар кеңесін сұрадық. «Адамдарға айтар кеңесім – тазалықты әркім өзінен бастасын. Қоқысты жерге тастамай, арнайы жәшікке салайық, көшелер мен қоғамдық орындарды таза ұстайық. Табиғатты аялап, ағаштар мен гүлдерге қамқорлық жасайық. Балаларымызға да тазалықтың маңызын үйретейік. Өйткені таза қала – денсаулық кепілі, ал табиғатты қорғау – баршамыздың міндетіміз. Таразымыз таза, қаламыз көрікті болсын десек, әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық!» – дейді Тойжан Мақсатбайқызы.
Иә, еңбек адамы – ел тірегі. Оның қай салада жүргені емес, ісіне қаншалықты адал екені маңызды. Тойжан Мақсатбайқызы сияқты жандар атақ-даңқ іздемей, мақтау күтпей, күнделікті қарапайым еңбегімен қаланың көркін арттырып, айналасына жақсылықтың шуағын шашып жүр. Таза көшемен жүргенде, жасыл саябақта демалғанда осындай жандардың еңбегін есімізге алып, оны құрметтей білсек, бұл – біздің мәдениетіміздің де көрінісі. Ең бастысы, олардың еңбегін бағалаудың ең жақсы жолы – тазалықты өзімізден бастау. Әрқайсымыз өз үйіміздің, ауламыздың, көшеміздің тазалығына жауапты екенімізді сезінсек, тазалық қызметкерлерінің жүгі де жеңілдейді. Сонда ғана Тараз да, бүкіл еліміз де таза, көркем әрі жайнаған мекенге айналады.
Ұқсас жаңалықтар
Әлеуметтік қызметкер – ізгілік пен адамгершілік жаршысы
- 29 қазан, 2026
Жолдаудағы басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру
- 29 қазан, 2026
Ақпарат
Жолдаудағы басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру
- 29 қазан, 2026
Ауылдың тамырына қан жүгіртетін шешім
- 29 қазан, 2026
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
- 29 қазан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




