«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік қызметкер – ізгілік пен адамгершілік жаршысы

Әлеуметтік қызметкер – ізгілік пен адамгершілік жаршысы
democrat.kz
Әлеуметтік қызметкер – қоғамдағы ең жауапты әрі адамгершілікті талап ететін мамандық иелерінің бірі. Бұл мамандықты нағыз әмбебап мамандық деп айтуға болады. Өйткені әлеуметтік қызметкер экономист те, заңгер де, психолог та, педагог та бола білуі керек. Ол әртүрлі өмірлік жағдайларға тап болған адамдарға қолдау көрсетіп, олардың қиындықтарды еңсеруіне көмектеседі. Әр адамның жағдайын түсініп, мұңын тыңдап, қажет кезінде қол ұшын созу – әлеуметтік қызметкердің басты міндеттерінің бірі. Әлеуметтік қызметкердің жұмысы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда оның артында үлкен жауапкершілік, қажырлы еңбек пен жанашырлық жатыр. Бұл салада қызмет ету үшін кәсіби білім мен тәжірибе ғана емес, сонымен қатар үлкен төзім, сабырлылық, мейірімділік пен адамға деген шынайы құрмет қажет. Себебі әрбір адамның өмірлік жағдайы әртүрлі. Біріне материалдық көмек қажет болса, енді біріне жылы сөз бен рухани қолдау ауадай қажет. Осындай сәттерде әлеуметтік қызметкердің жанашырлығы мен адамгершілік қасиеттері айрықша көрінеді. Әлеуметтік қызметкерлер қоғамның осал топтарына жататын азаматтарға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қиын жағдайға тап болған отбасылар мен көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсетеді. Олар өз міндеттерін атқара отырып, адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қоғамға бейімделуіне және болашаққа деген сенімін жоғалтпауына ықпал етеді. Кейде дер кезінде көрсетілген көмек пен шынайы көңілдің өзі адамның өміріне үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін.

Бұл мамандық иелерінің еңбегі көзге бірден көріне бермегенімен, оның қоғам үшін маңызы зор. Әлеуметтік қызметкер әр адамның тағдырына бейжай қарамай, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Олар үшін әрбір өтініштің, әрбір кездесудің және әрбір көрсетілген көмектің өзіндік мәні бар. Сондықтан әлеуметтік қызметкер болу – тек қызмет атқару емес, бұл – адамға қызмет ету, мейірімділік таныту және қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезіну. Осынау мейірімділік пен үлкен жүректі қажет ететін мамандық иелерінің қызметтері турасында көбірек біле түсу мақсатында «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» бөлім меңгерушісі Нұрия Әлмұхамбетовамен әңгімелесудің сәті түсті.

– Нұрия Әбдіжанқызы, сіздер қызмет ететін орталық туралы айтып өтсеңіз? Оның негізгі қызметтері қандай?

– Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы – мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан жасалып отырған өте тиімді әрі сәтті бағдарлама. Бұл орталық – қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекет ұсынып отырған қамқорлық пен қолдаудың жарқын көрінісі. Біздің орталықта екі бөлім бар. Бірі 18 жасқа дейінгі I-II топтағы мүгедек балаларға көмектессе, екінші бөлім 18-ден асқан жалғызбасты мүгедек жандарға және жалғыз тұратын қарт адамдарға жәрдем етеді. Біз негізінен медициналық, психологиялық, экономикалық, мәдени, тұрмыстық бағыттарда жұмыс жасаймыз. Бұл жерде бір әлеуметтік қызметкер егер қарттармен жұмыс жасаса, 8 қартқа барады. Түске дейін екі қарт кісіге, түстен кейін тағы екі қарт кісіге қол ұшын созады. Күніне 2-2,5 сағат қарт кісінің мұқтажына қарай жандарында болады. Әлеуметтік қызметкер қарт кісілерге көбінде тұрмыстық қажеттіліктері бойынша көмек көрсетеді. Яғни үйін жинап, кірін жуып, тамағын жасап береді. Сондай-ақ қажет болса қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегі мен өзге де қажеттерін әкеп береді. Балаларға келетін болсақ, ол жерде баланың денсаулық жағдайына қарай жоспар құрылып, баланы оқытады. Бұл жерде мүгедек балалар екі санатта қарастырылады. Олар тірек қимылы аппаратының бұзылуы бар балалар және психоневрологиялық ауытқуы бар науқастар. Бұл жерде тірек-қимылы аппараты бұзылуы бар балалардың милары, ойлау қабілеті жақсы жұмыс жасайтынын айта кеткен жөн. Сондықтан әлеуметтік қызметкерлер ондай балаларға дәріс беру үшін барады. Бір жылға оқу жоспары құрылып, сол арқылы балаға аптасына екі рет сабақ өтеді. Сонымен қатар, дәріханадан дәрі-дәрмегін әкеп береді, баламен ойындар ойнайды және таза ауаға серуендеуге алып шығады. Көбінде ондай балалар үйде тек аналарымен отырғандықтан, далаға шыға алмайды. Өйткені жалғыз ананың баласын да, баланың арбасын да көтеруге шамасы келе бермейді. Сондықтан тіпті кей балалар далаға тек әлеуметтік қызметкер келген күні ғана шығады. Біз «Мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы» құжаты бойынша жұмыс жасаймыз. Аты аталған құжатта «үйде әлеуметтік қызмет көрсету» деп жазылса, біз үйіне барып көмек көрсетеміз.

– Орталықта қанша әлеуметтік қызметкер бар?

– Қазіргі уақытта бізде қала бойынша 80-нен астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Үкіметтік емес сектор бар. Ол жерде 14 қызметкер еңбек етеді. Біліктілік талаптарына сәйкес әр әлеуметтік қызметкердің орта және жоғарғы білімі болуы керек. Болмаған жағдайда, қосымша Skills бағдарламасы бойынша білімін растайтын сертификаты болуы керек.

– Әлеуметтік қызметкерлер жұмыс барысында қандай қиындықтармен кездеседі?

– Әрине, көбіне қызмет алушының денсаулық жағдайы қызметкерлердің психикалық-эмоциялық күйлеріне әсер етіп жатады. Әлеуметтік қызметкер қарттар мен мүгедек баланың үйіне барып қызмет көрсететіндіктен, сол үйдің былайша айтқанда атмосферасына енеді, сол үйдің түйіткілді мәселелерін өзіне қабылдайды. Мысалы қарт адамдар жалғыз болғандықтан, өзінің барлық қиындықтарын әлеуметтік қызметкерге айтады. Әр қызметкер қарауында 8 қарт болса, солардың бәрін ойлайды. Қарт кісілер түн ішінде қан қысымы көтеріліп, өзін нашар сезінсе де, сол әлеуметтік қызметкерге хабарласады. Өйткені көмек сұрар өзге ешкімі жоқ. Бұл маман иесінің жүрегі өте мейірімді болуы керек. Жай адам әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істей алмайды. Бізге жұмысқа жаңадан келген жас мамандар ұзақ тұрақтамай жатады. Себебі мүгедек балаларды не қарттарды көргенде жаны ашиды, олардың ауыртпашылықтарын жүрекке қабылдайды. Кейін де ойлап, уайымдап отырады. Балалар да, қарттар да біздің қыздарға бауыр басып қалады. Кішкентайлар жағы «әпке» деп құшақтап жатса, қарттар жағы «қызым» деп еркелетіп отырады. Біздің қызметкерлер негізінен алғыс естігенімен, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс жасау эмоциялық жағынан қиын дер едім. Соған қарамастан осы орталық ашылғаннан бері 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлеріміз бар. Өкінішке қарай, бүгінгі күні біздің көмегімізге жүгінетін қарттар саны артып келеді. Бізге учаскелік поликлиникалардан «мына мекенжай бойынша қараусыз қарт қалып қалды» деп көп хабарласады. Үлкен кісілердің өздері көбіне бізге тікелей шығуға ұялады. Қарттар үйіне де барғысы келмейді. Қарт кісілердің көбі қарттар үйіне барсам, өмір тоқтайды деп ойлайды. Аштан өлсем де, өз үйімде өлемін дейді. Қазір қарттар үйінде өте жақсы жағдай жасалған. Оны көрсету мақсатында біздің әлеуметтік қызметкерлер арнайы экскурсияға да апарады. «Ата-апа қорықпаңыз, ол жерде бәрі сіз ойлағандай қорқынышты емес. Ол жерде сізбен сөйлесетін замандастарыңыз да бар, 5 мезгіл тамағыңыз бар әр қызмет алушыға жеке бөлмелер қарастырылған» деп, жан-жақты түсіндіруге тырысамыз. Бірақ қарттардың көбісі онда баруға келіспейді. Өз үйім, өз әлемім деп өзінің үйінде қалуды дұрыс көреді. Балаларға келетін болсақ, әлеуметтік қызметкерлер денсаулығына байланысты мектепке барып, білім ала алмайтын балаларға қызмет көрсетеді. Әр баланың қабілетіне қарай күнделікті сабақ жоспары жасалынады. Өйткені бір баламыз көз жанарынан айырылған болса, екінші баланың ойлау қабілеті әлсіз болуы мүмкін, ал тағы бір бала арбаға таңылған. Сондықтан, балаға қойылған медициналық диагнозына қарай орталықтың методист маманы бар, психолог маманы, бөлім меңгерушісі, әлеуметтік қызметкер бірігіп отырып бір жылдық сабақ жоспарын құрамыз. Осылайша әлеуметтік қызметкер бір күн 45 минут сабақ өтсе, екінші рет барғанда ойын ойнап, үшінші күні емдік дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Балалар көбінде психикалық неврологиялық ауытқулары болғаннан кейін дұрыс қасық та ұстай алмайды. Ата-аналарға біздің қыздар баланы шомылдырып, тырнағын алуға көмектеседі. Орталық қызметкерлерінің тағы бір міндеті баланы әлеуметтендіру, яғни қоғамда өзін дұрыс ұстауға бейімдеу. Осы мақсатта, балаларды музейлер мен түрлі мерекелік іс-шараларға, концерттерге апарып тұрады.

– Қарап отырсам, әлеуметтік қызметкер – мейірімнің, төзімділіктің және нағыз жауапкершіліктің символы. Олар өмірлік қиын жағдайға тап болған қаншама адамның өмірін жеңілдетіп отыр.

– Иә, дұрыс айтасыз. Бұл мамандық иесі болу үшін үлкен жүрек керек. Мысалы, әлеуметтік жұмысшының жалақысы да көп емес, 160-180 мыңның шамасында. Бұл әрине олардың істеп жатқан қызметтері үшін аз. Бірақ соған қарамастан, біздің орталықтың негізгі жұмысшылары көп жылдар бойы істеп келе жатқан мықты мамандарымыздан құралған. Жас мамандар бұл салада ұзақ жүрмейді. Бір ай, тіпті бір аптадан кейін «жүрегім шыдамайды» деп шығып кетеді. Жас мамандар арбаға таңылған мүгедек балаларды көргенде аяушылық танытып жылап қалған жағдайлар да болған. Бірақ біз өз қызметкерлерімізбен психологиялық тұрғыда көп сөйлесеміз. Онсыз да 24 сағат бойы жалғыз өзі мүгедек баламен отырған анаға барып, әлеуметтік қызметкер аяушылық танытып, жылап отырса, қалай болғаны? Әрине бұл дұрыс емес. Сондықтан әлеуметтік қызметкердің өзі психологиялық жағынан төзімді, эмоциялық тұрғыдан тұрақты болуы керек. Көмектескің келсе, бала мен анасына үміт сыйла, қоғаммен етене болып кетуіне көмектес. Кейде қыздар көңілсіз жүреді. Не болғанын сұрасаң, осылай да осылай деп өзі барып жүрген бала не отбасы жағдайының белгілі бір қиындыққа тап болғанын айтады. Қанша жерден адам көңіліне алмаймын десе де, оны жақын қабылдамау мүмкін емес. Өйткені адам баласы болған соң, кеудеміздегі нәзік жүректің иесі болғандықтан, ойламай қоймайсың. Мүгедек балаларға баратын қызметкерлер көбіне баланың анасына қараймыз дейді. Ананың ұйқысы қанған, көңіл-күйі жақсы болса, бізге де баламен жұмыс жасау жеңіл өтеді дейді. Ал анасы шаршаған, отбасында жеке мәселелер болып, үйдегі атмосфера дұрыс болмаса, бізге де жұмыс істеу қиын болады деп жатады. Баланың эмоциялық күйіне анасы тікелей әсер ететіндіктен, бұл жағдай өте маңызды рөл атқарады. Бұл жерде мүгедек бала маманға емес, маман науқас баланың үйіне баратындықтан, оның әлеміне енді деген сөз. Сондықтан әлеуметтік жұмысшы кейде тек баламен емес, анамен де, әкемен де, керек болса ата-әжемен де жұмыс жасайды. Өйткені әлеуметтік қызметкердің жұмысын отбасы мүшелерінің бәрі қадағалағысы келеді. Әрине олар да балаға жаны ашып, өздігінше жәрдем еткісі келетін шығар, бірақ мұндай жағдайлар да біздің мамандарға өз кедергісін келтіріп жатады. Бірақ бізге алғысын жаудырып отыратын отбасылар да баршылық. Ата-аналар да, қарт кісілер де біздің қыздарға: «Сіздер біздің көзіміз бен қолымыз әрі аяғымызсыздар. Сіздер біз үшін нөмірі бірінші жәрдемшісіздер» деп жатады. Өйткені әлеуметтік қызметкерлердің көмегі тек физикалық жәрдеммен шектелмейді. Олар құжаттар мәселесі жағынан да көмек береді. Мысалы, қараусыз қалған қарт кісі қайтыс болса, жерлеу рәсімі мен құжаттарын реттеу жағын да ұйымдастырады. Мүгедек баланың анасының орнына учаскелік емханаға барып, порталға кезекке тұрып, дәрі-дәрмегін де әкеліп береді. Сонымен қатар, үйінде мүгедек балалары бар аналар үшін мемлекеттен қандай жәрдемақылар тағайындалғандығынан хабардар етеді. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік қызметкер әмбебап маман десе болады. Олар экономист те, юрист те, психолог пен педагог те. Бұл – мемлекеттің өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарға жасап отырған үлкен көмегі. Бала мектепке барған соң, әлеуметтік қызметкердің жұмысы тоқтайды. Онымен көп ата-ана келіскісі келмейді. Өйткені оның жәрдемі мол. Сондықтан қызмет алушы баланың отбасы бір сөзбен айтқанда жәрдемші қолқанатынан айырылғысы келмейді.

– Әлеуметтік қызметкердің заңгерлік бағыттағы рөліне тоқталсаңыз. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарға және қоғамның басқа да әлеуметтік осал топтарына өз құқықтарын қорғау, заңда көзделген әлеуметтік көмектерді алу және түрлі құқықтық мәселелерді шешу бойынша қандай көмек көрсете алады?

– Көмекке мұқтаж жандар: «Біз қоғамға шыққанда көп дүниені біле бермейміз, ал әлеуметтік қызметкер бәрін біледі» дейді. Қоғамда әлеуметтік қолдауға мұқтаж, мемлекет тарапынан көрсетілетін мүмкіндіктер мен көмектер туралы толық біле бермейтін жандар аз емес. Көптеген отбасылар өздерінің қандай әлеуметтік құқықтары бар екенін, қандай бағдарламаларға қатыса алатынын, қай мекемеге жүгіну керектігін және қажетті құжаттарды қалай рәсімдеу қажет екенін білмей жатады. Кейде адамға қолдау алу үшін бір ғана дұрыс кеңес немесе бағыт-бағдар жеткілікті. Осындай сәтте әлеуметтік қызметкердің көмегі ерекше маңызды. «Әлеуметтік қызметкер бәрін біледі» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Өйткені әлеуметтік қызметкер – тек көмек көрсететін маман ғана емес, ол азаматтардың мүмкіндіктерін түсіндіріп, құқықтарын білуіне ықпал ететін, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне жол көрсететін жанашыр маман. Ол әр отбасының жағдайына назар аударып, қандай көмек қажет екенін анықтауға және тиісті мекемелерге жүгіну жолдарын түсіндіруге тырысады. Бүгінде әлеуметтік қызметкерлердің кеңесі мен қолдауының арқасында көптеген отбасы баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алып келеді. Тұрғын үй кезегіне тұру, қажетті құжаттарды жинау, өтініш беру, тұрғын үй бағдарламаларының талаптарын түсіну – мұның бәрі қарапайым азамат үшін оңай шаруа емес. Әсіресе ақпарат жеткіліксіз болған жағдайда, адамдар неден бастарын білмей, мүмкіндіктерін пайдалана алмай қалуы мүмкін. Ал әлеуметтік қызметкер осындай кезде қажетті ақпарат беріп, тұрғын үйге қатысты қолдау тетіктерін түсіндіреді және тиісті мекемелерге жүгіну жолдарын көрсетеді. Сондай-ақ өз кәсібін ашып, отбасылық табысын арттырғысы келетін азаматтарға да әлеуметтік қолдау шараларының маңызы зор. Көптеген адам кәсіп бастауға ниетті болғанымен, жеңілдетілген несие, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары немесе өз ісін ашуға арналған қаржылай қолдау мүмкіндіктері туралы біле бермейді. Кейбірі бизнес-жоспарды қалай әзірлеу керектігін, қайда өтініш беру қажеттігін немесе қандай талаптар қойылатынын түсінбейді. Осындай жағдайда әлеуметтік қызметкер азаматқа қолжетімді бағдарламалар туралы ақпарат беріп, кәсіп бастауға қажетті бағыт-бағдар ұсына алады. Дұрыс кеңес алған азамат өз мүмкіндігін бағалап, бизнес-жоспарын әзірлеп, тиісті қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға қадам жасайды. Нәтижесінде жаңа кәсіп ашып, отбасылық табыс көзі қалыптасып, адамның өзіне деген сенімі арта түседі. Бізде екі қызы да арбаға таңылған, жолдасының да мүгедектігі бар Құралай деген келіншек бар. Сол кісі мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, оған сиыр сатып алып, қазір сүт өнімдерінен құрт, ірімшік жасап сатады. Бүгінде соның арқасында материалдық жағдайы жақсарып отыр. Ол кісі осындай мүмкіндік беріп, оны іске асыруға жағдай жасап отырған мемлекетке де алғыс айтуда. Осының бәріне орталық мамандарының бағыт-бағдар беруімен жеткенін атап өткен жөн. Әлеуметтік қызметкерлер мекенжайлық көмек рәсімдеуге де көмектесіп жатады. Мұның бәрі біздің мамандардың қаржылық сауаттылық пен құқықтық сауаттылықты меңгергенінің нәтижесі. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің орталықта 80-нен астам қызметкер болса, қараусыз қалған қарттар мен мүгедектігі бар балаларды қосқанда жалпы 600-дей адамға жәрдем етіп отырмыз. Бүгінгі күні мүгедектігі бар балалар санының артуы жанға батады. Бір әлеуметтік қызметкер 8 қарт пен 6 балаға жәрдем етеді. Әрине, бұл жүктеме бір қызметкерге ауыр. Бірақ амал жоқ, әзірге осылай жұмыс істеуге мәжбүр болып отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арна ЖҰМАТАЙ.

Ұқсас жаңалықтар