Жұмасейіт Нұрбаев, «Байелі болыс» шаруа қожалығының жетекшісі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық өнімге басымдық беру керектігін айрықша қадап айтты. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке саладағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Елбасы елімізде Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық табиғи өнімді тұтынудың артықшылықтары туралы өзінің Жолдаулары мен алқалы жиындарда жиі айтып келеді. Кейінгі кезде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге мемлекет тарапынан орасан қаржылай қолдау жасалуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорлары жұмыс істеуде. Осыған қарамастан елімізде бұл бағытта молшылық жасай алмай келе жатқанымыз мені қатты алаңдатады әрі қынжылтады. Жеріміз ұлан-байтақ, халқымыз аз. Соған қарамастан күнделікті дастарханымызда тұтынатын тағамдарымыздың дені шеттен жеткізілуде. Зарарсыздандырылған, сырттан әкелінетін тауарлардың сапасы сын көтермейтіні, олардың денсаулыққа зияндығы туралы таяуда академик Төрегелді Шарманов республикалық басылымдар мен телевидениеде жеріне жеткізе айтты. Демек, денсаулығымызды түзету және еліміздің экономикасын өркендету үшін бізге отандық табиғи өнімдерді тұтынудың маңызы орасан. Елімізде азық-түлік молшылығын жасау, олардың бағасын тұрақтандыру үшін қолға алып шешетін мәселелер көп. Қазір егістік жер атаулы жеке азаматтардың иелігінде. Бірқатар шаруа қожалықтарының мыңдаған гектар жері бар. Олар оны өзі пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Ұзақ жылдардан бері игерілмеген жер азып-тозып, арамшөп басып, ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалуда. Біз сияқты малының басы өскен шаруа қожалықтары жайылымдық жерге зәру болып отыр. Тиісті мекемелерге жер сұрап барсаң, таудай кедергілерге кездесесің. Оған қол жеткізгенше тауың шағылып, жігерің жасиды. Демек, бізге жер қатынастарын реттеу – кезек күттірмейтін міндеттердің бірі. Жайылым және егістік жерді игеретін, ел игілігіне пайдаланатын азаматтар алсын. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін бізге базарларда делдалдарды ығыстыру керек. Шаруа өндірген өнімін өзі сатуы тиіс. Бұл үшін оларға халық көп шоғырланған жерде шағын дүңгіршектер, Таразда шаруа қожалықтары өнімдерін сататын үлкен дүкен салу керек. Осы мәселені мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы органдар шұғыл қолға алуы тиіс. Мұның өзі халыққа да, шаруа қожалықтарына да тиімді болары сөзсіз.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді