Азық-түлік дүкендерінде макарон мен кеспенің алуан түрлері толып тұр. Әлбетте, тұтынушылар олардың арасынан сапасы жоғары, бағасы қолжетімді және сыртқы қаптамасы сәндісін таңдайды. Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылындағы «Рола-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай жоғары сұранысқа ие, нарықта өтімді тауар өндіреді. Серіктестік 2008 жылы құрылған болатын. Бұрынғы машина-трактор шеберханасын қайта жарақтандырған олар әуелі «Чабрец» кеспесін өндіретін цехты іске қосты. 2010 жылы макарон және кеспе өндіретін цехтар салынды. Жоғары сапалы өнім өндіруге жергілікті жерде өсірілетін дәнді-дақылдар жарамайды. Олардың клейковинасы аз. Сондықтан да кәсіпорын ұнды Солтүстік Қазақстан облысынан сатып алатын. Мұның өзі өнімнің өзіндік құнына елеулі кері әсерін тигізіп келді. Өндірісті кеңейту және қажетті шикізатты өздерінде өндіру үшін 2011 жылы серіктестік тәулігіне 60 тонна дән өңдейтін диірменді іске қосты.
Мұнда бүгінде жоғары, бірінші және екінші сұрыпты ұн шығарылады. Жоғары және бірінші сұрыптар макарон мен кеспе әзірлеуге жұмсалады. Ал екінші сұрыпты ұн Тәжікстанға өткеріледі. Байзақ ауданы тұрғындарының арасында кебекке де сұраныс көп. Олар оны кезекке тұрып сатып алып, мал семіртуге пайдаланады. Қазір үш ауысымда 155 адам жұмыс істеп, тәулігіне 15 тонна макарон және кеспе шығарады. Цехтарда макаронның 14 және кеспенің 7 түрі өндіріледі. Жұмысшылардың орташа айлық-жалақысы 70 мың теңге. «Рола-7» ЖШС-ның директоры, «Қазақстан даңқы» орденінің иегері, белгілі кәсіпкер Тұрсынбек Нұрбаев нарықта өтімді өнім өндіру, өндірісті кеңейту жөніндегі ізденістерін бір сәт бәсеңдеткен емес. Соның нәтижесінде кәсіпорын тұрақты жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Олардың салыққа және міндетті төлемдерге қарызы жоқ. Рентабельділік 15 пайызды құрайды. Әлбетте, бұл жаман көрсеткіш емес. Серіктестік 2012 жылы халықаралық «Халал» сапа стандарты сертификатына ие болды. Өткен жылы ИСО-9001-2015 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізді. «2013 жылдың маманы» және «2013 жылдың сала көшбасшысы» аталымдары бойынша ұлттық сертификаттары бар. 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік кәсіпкер» дипломымен марапатталды. Тұрақты үздік өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағытында ауыз толтырып айтарлықтай игі шараларды атқарып жүрген «Рола-7» өткен жылы республикалық «Парыз-2014» байқауына қатысқан болатын. Байқауда «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша қола жүлдені жеңіп алды. Кәсіпкер Тұрсынбек Нұрбаевқа кубок пен дипломды Энергетика министрі В.Школьник пен Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Ә.Құсайынов тапсырды.
Бүгінде «Роланың» өнімдерін облысымыздың барлық аумақтарынан кездестіруге болады. Кейінгі кезде макарон және кеспе Алматы, Шымкент, Қарағанды, Астана және Ақтау қалаларына жөнелтілуде. Сыртқы қаптамаларында «Қазақстанда жасалған» және «Рола-7» деген жазуы бар тауарлар ол жерлерде де дүкен сөрелерінде ұзақ тұрып қалған емес. Тұтынушылар өнімнің сапасы, қолжетімділігімен қатар сыртқы қаптамасының сәні мен тартымдылығына да көңіл бөледі. Сондықтан да серіктестік басшылары қаптаманың дизайнын тұрақты жаңартып отырады. Мәселен, тек өткен жылы ғана 13 түрлі макарон мен кеспенің сыртқы қаптамасы өзгертілген. Бұл мақсатқа 20 миллион теңге жұмсалған. – Арман алға жетелейді. Біздің де арман-мақсатымыз көп. Келешекте өнімімізді елімізбен қатар экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Нарыққа кіру де, онда лайықты орынды иелену де оңай емес. Сондықтан да біз өндіріске инновацияны кеңінен енгізуге, макарон мен кеспенің жоғары сапалы түрлерін өндіруге күш салудамыз. Өнім өндіруді ұлғайту, өндірісті кеңейту мақсатында «Даму» кәсіпкерлік дамыту қоры» мекемесі арқылы екінші деңгейлі банктен 14 пайыздық өсіммен 135 миллион теңге несие алдық. Елбасымызға, мемлекетімізге рахмет. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен мемлекет 7 пайыздық өсімді жауып берді. Несиенің 94 миллион теңгесіне Қытайдан тәулігіне 30 тонна кеспе шығаратын заманауи үлгідегі жабдық сатып алдық. 35 миллион теңгеге жаңа цехтың құрылысын жүргізудеміз. Цех үстіміздегі жылы сәуір айында іске қосылған кезде жаңадан 12 жұмыс орны ашылады. Ол толық қуатында жұмыс істегенде кәсіпорында тәулігіне 50 тоннаға жуық өнім өндіріледі, – дейді «Рола-7» ЖШС директоры Тұрсынбек Нұрбаев. Серіктестікте негізінен Байзақ ауданының тұрғындары жұмыс істейді. Олардың 50 пайызын Қызыл жұлдыз ауылының тұрғындары құрайды. Мұнда еңбек адамдарының алаңсыз және өнімді жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. – Бір мезгілде 100 адам тамақтанатын кең де жарық асхана бар. Асханада нан пісіріледі. Жұмысшылар осында күнделікті үш мәрте тегін құнарлы тағаммен тамақтанады. Жұмысқа арнайы жайлы да қолайлы көліктермен тасымалданады. Жалақы ай сайын тұрақты беріледі. Оларға отбасы жағдайына байланысты материалдық көмектер беріліп тұрады. Осындай қамқорлық оларды өнімді еңбекке жұмылдыруда, – дейді серіктестіктің технологы Руслан Хусейнов. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» демекші, «Рола» аудандағы қайырымдылық іс-шараларына белсене қатысады. Мектептер мен балабақшалар және соғыс ардагерлеріне тұрақты материалдық көмек көрсетеді.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Байзақ ауданы.Суретте: Тұрсынбек Нұрбаевтың «Парыз-2014» республикалық байқауында жеңіп алған кубогы мен сертификаты.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді