«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараз – қолөнердің жүрегі, мәдениеттің мәйегі

Тараз – қолөнердің жүрегі, мәдениеттің мәйегі
Автор
Тараз төрінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» IV халықаралық фестивалі аясында көшпелі баспасөз конференциясы өтіп, ұлттық өнердің бүгінгі тынысы мен болашағы кеңінен талқыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өткен жиынға отандық және шетелдік сарапшылар, қолөнер шеберлері мен сала өкілдері қатысты.

Баспасөз конференциясында сөз сөйлеген Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова көне шаһардың тарихи һәм мәдени миссиясына тоқталды. Оның айтуынша, Тараз – тек ежелгі қала ғана емес, ұлт руханияты мен өркениет сабақтастығының алтын діңгегі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала ғасырлар бойы мәдениеттер тоғысып, өнер мен дәстүрдің дамуына жол ашқан ерекше мекен ретінде танылып келеді.

– 2022 жылы Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі – тарихи жетістік. Бұл – ата-бабадан жеткен қолөнер мұрасының әлемдік деңгейде мойындалуы. Бүгінде сол игі істің жалғасы ретінде өтіп жатқан фестиваль ұлттық өнерді жаңғыртып қана қоймай, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға серпін беруде, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Іс-шара барысында фестивальдің мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қазақстандық шеберлерді халықаралық деңгейде таныту және өңірдің туристік әлеуетін арттыру екені атап өтілді. Қазіргі таңда қалада 200- ден астам қолөнерші еңбек етіп, бірнеше қоғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Бұл – Тараздың қолөнер саласындағы әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Алматы қолөнершілер палатасының президенті Дамели Жанашева Тараздың бұл бағыттағы көшбасшылығын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, көне шаһар Қазақстанда алғаш болып «Әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесін алып, бүгінге дейін сол биікті абыроймен ұстап келеді. Бұл – жергілікті билік пен шеберлердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Өз кезегінде дүниежүзілік қолөнершілер ұйымының мүшесі, Қазақстан этнодизайнерлер одағының президенті Салтанат Жапарова Тараздың жаһандық деңгейдегі маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша 80-нен астам қала «Әлемдік қолөнер қаласы» мәртебесіне ие болса, Тараз – сол қатарға енген алғашқы қазақстандық қала. Бұл жетістік еліміздің басқа өңірлеріне де жол ашып, Алматы мен Түркістан қалаларының халықаралық деңгейде танылуына ықпал еткен. Жиында Түркістан облысының қолөнер одағының төрағасы Индира Икапова да сөз алып, Тараз бен Түркістан арасындағы мәдени байланыстың беріктігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, қос қала – руханияты мен қолөнері үндес, тарихы тамырлас мекендер. Мұндай халықаралық фестивальдер осы байланысты одан әрі нығайтып, ұлттық құндылықтарды әлемге танытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, фестиваль аясында көрмелер, жәрмеңкелер, шеберлік сабақтары, сән көрсетілімдері мен ғылымипрактикалық конференциялар ұйымдастырылуда. Этноқалашықта тігілген киіз үйлер мен шеберлердің бірегей туындылары келушілерге ерекше әсер сыйлауда. Бұл – өткен мен бүгінді жалғаған мәдени кеңістік. Тараздағы бұл ауқымды ісшара тек мәдени оқиға ғана емес, өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қолөнер саласындағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.

Ең бастысы – жастардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятып, ата-баба мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге жол ашуда. Қорыта айтқанда, «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі – ұлттық өнерді ұлықтап, мәдениеттерді тоғыстыратын маңызды алаң. Бұл бастама көне шаһардың халықаралық беделін арттырып қана қоймай, оны мәдени әрі туристік орталық ретінде жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар