Луговой ауылында 1953 жылы өмірге келіп, сол ауылдағы Теміржол мектебін тәмамдағаннан соң Тараз қаласындағы техникалық институтына «Тігін бұйымдарының технологиясы» мамандығына оқуға түседі. Алайда кітапқа деген балалық махаббаты оны Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық институтының «Кітапхана және библиография» факультетіне жетелейді.
– Біздің бала кезімізде кіт ап көп кездесе бермейтін. Ауылдың, мектептің кітапханаларындағының бәрін оқып тауысып, дүкенге жаңа кітап келді десе асыға барып, сатып алатынбыз. Осы құмарлық алғашқы түскен оқуымдағы мамандыққа тоқтатпай, бір жарым жылдан соң өзім сүйген кітапханашылық мамандыққа түсіртті. 1976 жылы жоғары оқу орнын аяқтап, Т.Рысқұлов ауданына шақыртумен жұмысқа келдім. Ол кезде қазіргідей орталықтандырылған кітапхана жоқ, тек аудандық кітапхана болатын. Соған мені әдіскер ретінде жұмысқа қабылдады. Әрине, еңбекке алғаш араласқанда жұмыста білмейтін жерлері, бастапқы қиындықтар кездеседі. Сондай уақытта менің орнымда әдіскер болған, кейін балалар кітапханасында істеп жүрген Запуниди Мария есімді грек қызы маған көп қолдау көрсетіп, білгенімен бөлісті. Ауылдық кітапханаларға қалай көмек көрсетуге болады, әдіскерлік жұмыс қалай жүргізіледі, жоспар жасау, есеп беру, бәрін-бәрін үйретті. 1978 жылы орталықтандыру басталды, әлгі Мария екеуміз ұйымдастыру жұмыстарын істедік. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың алғашқы директоры болдым. Бірақ тұрмысқа шыққаннан соң басшылық қызметтен бас тарттым да қайтадан әдіскер болдым. Кейін уақыт өте келе директордың орынбасары деген штат ашылып, сол қызмет маған сеніп тапсырылды. Шүкір, қызметтік міндетімді абыроймен атқарып, сол орынбасарлықпен зейнетке шықтым, – дейді ардагер кітапханашы Күлайша Тілеуқұлқызы.
Еліміз тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыс кітапханаларға да өз салқынын тигізіп, біразы жабылып қалған жағдайлар да болған. Жылжыған уақытпен бірге еліміздің экономикасы ілгерілеп, 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» болып жарияланған соң, кітапханалар қайта ашылған. Сол бір уақыттағы қиындықтар ешкімнің есінен шыға қоймаған болар.
– Жабылып қалған кітапханалар қайта ашылғанда тоқырау кезде тарап кеткен кітаптарды, жабдықтарды жинақтау оңайға соқпады. Сол жылы менімен бірге оқыған Клара Серікбаева аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры еді. Клара Рәпілбекқызы екеуміз жан-жаққа шашылып кеткен кітаптарды орталыққа жинақтауда аянбай еңбектендік, мекемелерге, мектептерге берілген дүниелерді қайтару, әрине, қиын болды. Алғашқыда 9 кітапхана ашылды. Кейін 11 кітапхана болды, одан соң бесеуі ашылды, осылай қатары артып отырды, бас-аяғы ауданда 36 кітапхана жұмыс істеді. Кітапханалар жабылып, жабдықтары мен кітаптары жанжаққа таратылғанда, өз кітапханасындағыларды шашау шығармай, сақтап қалған қыздар бар. Мысалы, Мамай-Қайыңды ауылында Айман Айтуғанова, Мақпалдағы Сара Оспанова секілді нағыз кітаптың жанашырлары қиын шақта ешқандай жалақы төлемесе де, кітапхананың жабдықтары мен кітаптарын жекеменшігінде сақтап, жұмысын жалғастыра берген. Міне, осындай жанашырлардың арқасында ауылдық кітапханалар қайта жабдықталып, жұмысын бастаған болатын. Осындай жұмысын шынайы сүйіспеншілікпен атқарған қыздардың қатарында Сәрсекүл Тілеулиева және басқа да кітапханашылар бар. Мазмұны ескірген, тозығы жеткен кітаптарды қолданыстан шығарып отыратынбыз, қай жылы екені есімде қалмапты, бір жылы жалпы аудан бойынша 40 мың дана кітапты шығарғанбыз. Орнына жаңа әдебиеттер келіп тұрады. 2010 жылы болуы керек, аудандық кітапханадан электронды бөлім ашылып, компьютерде жұмыс істеуді, кітаптардың электронды нұсқасын енгізуді қолға алдық. Өз бетімше үйренгендерімді өзге әріптестеріммен бөлісіп, жаңалықтарды бірлесе игеріп отырдық. Кейін 2002 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Үздік кітапхана» байқауы жүргізіле бастады, міне осыған қыздарды дайындайтынбыз. Еңбегіміз еш кетпей, біраз жоғары орындарды жеңіп алып келетін. Ол бәрімізге ортақ қуаныш еді, – деген Күлайша Оразбаева өткен күндерді еске түсірді.
Әрине, ел мүддесі үшін атқарылған еңбек ескерусіз қалмайды. Күлайша апай да ауданнан, облыстан түрлі марапаттарға ие болған. Соның бірі өткен жылы, яғни «Жұмысшы мамандықтары» жылында «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Кітапханадағы қызметін атқара жүріп, «Алатау» әуесқойлар клубын басқарып, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, дамытуға да үлес қосқан Күлайша апай қазір де зейнетте болғанымен аудандағы мерекелік іс-шараларға қатысып жүр. Сонымен қатар кітапсүйер қауым қоғамына да жетекшілік еткен ол қазір 1 ұл, 3 қызынан тараған немерелерінің сүйікті әжесі. Бізбен бөліскен естелік әңгімесін «Кітапхана өмірімнің бір бөлшегіне айналды» деп қорытындылады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тараз – қолөнердің жүрегі, мәдениеттің мәйегі
- Бүгін, 18:40
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




